Home » Мақалалар » Білім беру мазмұнын жаңарта оқытуды дұрыс түсініп жүрміз бе?

Білім беру мазмұнын жаңарта оқытуды дұрыс түсініп жүрміз бе?

2016 жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздің білім беру саласына енгізілген білім беру мазмұнын жаңартудың кейбір тұстары ата-аналар қауымына дұрыс жеткізілмей жатқаны мені көп ойландырды. Соның бірі халық арасында да, әлеуметтік желілерде де ең көп айтылып жүрген – мұғалімдер тарапынан «Біз сабақ түсіндірмейміз. Бала өзі түсініп, оқып алады» деген сөздер. Шынымен де мұғалімдердің аузынан дәл осындай сөз шықты ма? Әлде ата-аналар дұрыс түсінбей қалып жүр ме? Ата-аналар үшін тіпті де түсініксіз осы іс-әрекетті қалай түсінуге болады? Мұғалім сабақ түсіндірмейді, тапсырманы береді де жібереді, бала өзі оқып, түсініп келеді. Мұғалім не істейді? Бұл сұраққа мен жауап беріп көрейін, бірақ ең дұрысы – ата-аналардың өздерінің сабаққа кіріп, өз көздерімен көргені. Қазіргі сабақ өткізу процесіндегі өзгешелікті ата-ана естімеу керек, көру керек. Сонда ғана бәрі түсінікті болады.

Сонымен…

Біз кеңестік дәуірдегі білім беруді әлсіз деп айта алмаймыз. Ол мықты. Менің ойымша, тым мықты. Ол кезеңнің білімді шәкірттері мен білікті ұстаздары көп болды. Бар болғаны біз сол алған білімді өмірде пайдалана алу жағына мән бермеппіз. Қазіргі білім беру жүйесі осы кемшін тұсымызды толтыруға бағытталған. Яғни мектепте алған білімімізді өмірде қалай пайдалана аламыз. Баланы соған дағдыландыру. Жаңа мазмұн – осы. Балаға дайын еш нәрсе бермейміз. Бәрін бала өзі іздейді, өзі табады, өзі қорытындылайды. Сол бағытта жұмыстанады. Тек бұл өзі ойлану, өзі іздеу, өзі табу, өзі қорытындылау негізінен (көп жағдайда) сыныптағы сабақ процесінде жүзеге асырылу керек. Бұл сыныптағы жасалатын жұмыстардың көптүрлілігі (жеке жұмыс, жұптық жұмыс, топтық жұмыс) арқылы түрлі әдістермен жүргізіледі.

Айталық, әдебиет пәнінің мұғалімі бүгін жаңа тақырып өтейін деп келді. Ол мұғалім әңгіменің мазмұнын бастан аяқ өте әсерлі қылып өзі айтып немесе өзі оқып бермейді. Кейіпкерлерге өзі баға бермейді, мынау жағымды, мынау жағымсыз демейді. Оның бәрін бала өзі алып шыға алады. Мұғалім бар болғаны балаға жағдай жасайды. Сол шығарманы бүге-шүгесіне дейін қалдырмай баланың өзі талдап шығады. Ол баланың кейіпкерлер туралы жеке пікірі болады және оны бала ашық айта алады. Мұғалімге ұнап тұрған кейіпкерді баланың ұнатпауына хұқы бар. Тек бала оны дәлелдей алу керек: неге ұнатпады? Оны дәлелдеу үшін де бала ойланады, ізденеді, қажетті сөздерді іріктейді, дұрыс сөйлем құрап жеткізу үшін (бұны мұғалім талап етеді. Жағдай жасау дегеніміз осы болады) тағы қызыл тер болады. Міне, еңбек, ойлану, миға жұмыс жасату. Қарап отырсақ, дайын ештеңе жоқ екен: бәрін бала өзі жасайды. Жоғарыдағы мұғалімнің «біз ештеңе түсіндірмейміз, баланың өзі оқу керек» дегені осы болу керек. Мүмкін, ауыз екі тілде басқашалау айтылып кеткен шығар.

Енді мұғалімге келсек… Біздің білім беру жүйемізде «бала өзі жасайды, мұғалім сабақ түсіндірмейді» дегенді желеу етіп, шынымен де балаға не бағыт-бағдар берілмей, не тапсырманы орындаудың тиімді жолдары түсіндірілмей, «бар, оқып кел» деп қарап отыратын болсақ, онда бұнымыз түбегейлі қате болмақ. Қазіргі мұғалімнің жұмысы күрделенбесе, оңайлаған жоқ. Сабақ процесінде интерактивті әдісті қолдана отырып, барлық баланың сабақта бос отырып қалмауын, оқушыларды сыни ойланта отырып, шығармашылыққа жетелеу, үнемі ізденіс үстінде отыратындай сұрақтар табу, аудиторияға сол сұрақтарға жауап бере алатындай жағдай жасау, яғни жетелеу сұрақтарын сол сәтте ойлап тауып, қойып отыру, т.б. жұмыстардың бәрі мұғалімнің бойында табиғи дарын, шығармашылық талант болуын талап етеді. Мұғалім аудиториядағы аяқ астынан кезіге кететін кез келген ситуациялардан шығып кете алатын, алдында отырған оқушыларын ойланудың, ізденудің небір қиын да күрделі жолдарына түсіре алып және оларды сабақ процесіндегі сол қым-қуыт шым-шытырық «сапарынан» сәтті алып шыға алатын импровизатор болу керек. Бұл мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» деген пікірімен астасып жатыр.

Түптеп келгенде, білім беру мазмұнын жаңарту бойынша сабақ беру мұғалімге ізденімпаз, өмірдің қиындық-кедергілеріне төтеп бере алатын, яғни мектепте алған білімін өмірде пайдалана алатын тұлға тәрбиелеп шығаруды міндеттейді. «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Маңғыстау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты тренерлерінің алдынан өткен педагогтардың бұл межеден сүрінбей өте алатынына сенімдеміз.

А.Т. Дүйсенбаева

«Өрлеу»БАҰО» АҚ филиалы

Маңғыстау облысы бойынша

педагогикалық қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институты

 директорының орынбасары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.