Еліміздің егемендік алып, туымыз көкте желбіреген уақытта қоғамдық өмірдің барлық, оның ішінде білім беру саласында жүріп жатқан модернизациялау мен ізгілендіру білім беру мекемелерін осы кезге дейінгі дағдарыстан шығаратын қуатты талпыныстарға жол ашты.
Білім беру «Қазақстан – 2030» ұзақ мерзімді Стратегиясының маңызды басымдықтарының бірі болып танылды. Қазақстандағы білім беру реформаларының жалпы мақсаты білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу болып табылады. Қазақстан Президенті республиканы әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгізу туралы міндет қойған болатын. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеп, білім сапасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, әлемдік білім беру кеңістігіне ену шарттарына сәйкес білім жүйесін жаңартуды талап етеді.
Мемлекеттік бағдарламада мынадай міндеттер қойылған: білім саласын дамытуды ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету бойынша бірыңғай жүйе негізін қалау және білім беру ұйымдары мен ондағы оқу үдерістерін тиімді басқару үшін салалық ақпараттық жүйені құру.
Бұл бағдарламада жалпы білім беруде мониторингтік жүйені дамыту, білім сапасын бақылаудың және бағалаудың ұлттық моделін жетілдіру, бейінді білім беруді жаппай жүзеге асыру, 12 жылдық білім беруге көшу сияқты мәселелер күн тәртібіне қойылған.
Бағдарлама, бірінші кезекте, білім берудегі сапа менеджементі жүйесіндегі, педагогикалық мониторингті жетілдіре отырып, «барлық деңгейде білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін енгізу» талабын қояды. Мониторингтік зерттеулер – білім беру ұйымдарының қызметін жүйелі бақылау, нәтижелерін өңдеп, талдау, ақпараттарды сақтау, жинақтау және тарату арқылы білім беру жүйесін дамыту үшін болжамдар жасау және басқару тетіктерін жетілдірумен айналысатын болады.
Қазіргі уақытта тек мұғалім ғана емес, оқушы (студент, магистрант) да жоғары балл жинап, күнделікті материалды терең меңгергенде ғана сапалы білім алу мүмкін екендігін жақсы түсінеді. Осыған орай, бағдарламаның «Білім беруді дамытудың мониторинг жүйесі» тарауында «білім беру нәтижелерін басқарудың базасы және даму жолдарын болжамдау түрінде білім беру мониторингінің бірыңғай жүйесі енгізіледі» деп жазылуы өте орынды.
Қазіргі ХХІ ғасырда білім беру үрдісін ақпаратпен қамтамасыз ету құралы – білім сапасын мониторингілеу және диагностикалау болып отыр. Ал, педагогикалық мониторинг дегенiмiз бiлiм беру жүйесiнiң қызметi туралы ақпаратты жинап, сақтап, саралап, таратуға және оның үздiксiз бақылап отыруға, даму болашағына болжау жасауға мүмкiндiк беретiн жұмыс жүйесi.
Педагогикалық мониторинг жасауға қажеттi ақпаратты жинау мына бағыттар арқылы жүзеге асырылады:
- ақпараттың мазмұны;
- ақпараттың сапасы;
- ақпаратты басқаруда пайдалану.
Мониторинг жалпы педагогикалық ғылыми түсiнiктерге сәйкес керi байланыс, рефлексия деген ұғымды бiлдiредi. Педагогикалық мониторинг – қандай да бiр объективтегі, құбылыстағы өзгерiстердi ұзақ уақыт бақылау. Ең кең тараған анықтама: педагогикалық жүйе қызметiнiң даму мақсатындағы ақпараттарды жинақтау, сақтау, өңдеу, тарату болып табылады.
Г.А. Стефановскаяның анықтамасы бойынша “Педагогикалық мониторинг, бұл – диагностика, баға және педагогикалық үрдiстi жобалау, оның жүрiс барысын, даму перспективаларын қадағалау”.
Педагогикалық мониторингтiң педагогика теориясына және практикасына енуiне әсер етушi факторлар мыналар болып табылады:
- педагогикалық жүйедегi инновациялық процестер;
- педагогикалық менеджмент;
- педагогикалық диагностика;
- педагогикалық тесттер;
- бiлiмдегi, тәрбиедегi, дамудағы жеткен жетiстiктер;
- шығармашылық қабiлет.
Педагогикалық мониторингтiң негiзгi объектiсi бiлiмдiлiк және тәрбиелiлiк болып табылады. Мониторингтiң педагогикалық нәтижесi болып, бiлiм құрылымындағы, оқу дағдысындағы, тәртiбiндегi, қатынас жүйесiндегi тұлғаның бағытталуы болып табылады. Сонымен қатар, педагогикалық мониторинг объектiсi ретiнде жетiстiктерге жеткiзетiн оқу-тәрбие үрдiсiнiң нәтижесi, құралы, технологиясы қабылданады.
Педагогикалық мониторингтiң негiзгi қасиеттерiнiң бiрi оқу-тәрбие үрдiсiнде үздiксiз бақылау жүргiзу. Сондықтан да педагогикалық диагностика педагогикалық мониторингтiң негiзгi компонентi болып табылады.
Ал педагогикалық диагностика бұл бақылау түрлерінің бір жүйесі. Онда өлшемдік тетіктердің көптеген түрлері бар. Педагогикалық диагностика — педагогикалық ғылымның бір саласы, сонымен қатар, практикалық педагогиканың негізгі формасы болып табылады. Қазіргі жалпы ғылыми көзқарасқа сүйенсек, «диагностика» дегеніміз – белгілі бір обьектінің ахуалын танып білу немесе оның тәртібінің болжауы мен сол тәртібіне әсер етуінің мүмкіншіліктері туралы шешім қабылдау мақсатында сол обьектінің негізгі параметрлерін тез тіркеу жолымен содан кейін оны белгілі бір диагностикалық категорияға жатқызу жүйелерін тану болып табылады.
Сондықтан, педагогикалық диагностика деген кезімізде, біз диагностикалық танымның белгілі бір обьектілері, яғни психикасы бар нақты адамдар туралы айтамыз. Педагогикалық диагностиканың зерттеу объектісі – педагогикалық үдеріс болып табылады. Педагогикалық диагностикалау педагогикалық үдерістегі өзгерістерді оқушы бойындағы өзгерістермен байланыстыра болжайды.
Педагогикалық мониторингті зерттеген В.А. Болотов, В.С. Безрукова, Н.В. Борисова, В.И. Гинецинский, А.Н. Дахин, В.М. Монахов, А.М. Новиков, Л.С. Подымова, В.А. Сластенин, В.И. Слободчиков, Н.А. Шайденко, Н.О. Яковлевалар өз еңбектерінде педагогикалық мониторингтің нәтижелері мен құрылымын және түсініктемесін талдай келе, қазіргі педагогикалық ғылымда және тәжірибеде осы күнге дейін мониторингке деген жүйелі тәсілдемелердің құралмағанын, ал ол, бір жағынан, ғылыми-зерттеу жұмыстарының тәжірибелік бағыттарын, екінші жағынан, практикалық педагогикалық қызметтің теоретикалық негізділігін едәуір төмендетеді.
Білім берудегі мониторинг – бұл педагогикалық және басқарушы категория, өйткені ол ақпарат теориясының негізгі қағидаларынның көшірмесін жасамай, оны педагогика, психология және басқару тіліне аударады.
Мониторинг деректерін бастапқы жоспарланған көрсеткіштерімен салыстыру қолданылған әдістер мен тәсілдердің тиімділігін бағалауға, оларды түзетуге мүмкіндік жасайды. Әрине, мониторингті тәжірибелі қызметкерлердің жүргізгені дұрыс. Мониторингті жүргізу арқылы деректер базасы құрылады , олар берілген топтағы оқушылардың (қызметкерлердің, студенттердің, магистранттардың ) ары қарай дамуын терең талдауға және дер кезінде түзетулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Х.Ж. Лесова
ОҚО бойынша «Өрлеу» ПҚБАИ қызметкері,
педагогика ғылымдарының магистрі,
Е.К. Сариева
ОҚО бойынша «Өрлеу» ПҚБАИ қызметкері