Home » Мақалалар » Білім беруді жаңарту – жаңа заман сұранысы

Білім беруді жаңарту – жаңа заман сұранысы

Әлемдік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында Қазақстан Республикасы отандық білім берудің озық дәстүрлері мен стандарттарын сақтай отырып, әлемдік білім беру тәжірибесіне бағытталған стратегиялық курсын таңдады.

Бүгінде Елбасымыз алға қойған, дамыған отыз елдің қатарына кіру жөніндегі «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» – баршамызға ортақ жауапкершілік жүктеп, Қазақстанның білім беру саласын жаңғыртуындағы негізгі бағыттарын айқындауды көздейді. Соның ішінде:12 жылдық білім беруге кезең-кезеңімен көшу, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мектепте оқытудың стандарттарын жаңғырту, білікті мамандар даярлау.

Сол мақсатта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты 2016 жылдан бастап  жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарын өткізуде. 2016 жылы Қарағанды облысы бойынша 2652 мұғалім, 2017 жылы 3159 мұғалім курсты аяқтаса, 2018 жылдың ақпан – маусым айлары аралығында 2946 мұғалімді жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарына қабылдау жоспарланып отыр.

Білім мазмұнын жаңарту – білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін қайта қарастыру болып табылады. Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, кез келген өмірлік жағдайда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсете білетін тұлғаның үйлесімді қалыптасуына және зияткерлік дамуына қолайлы білім беру ортасын тудыру – жаңартылған білім мазмұнын енгізудің нәтижесі болуы керек.

Біліктілікті арттырудың жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бағдарламалары  5, 10, 15, 20 күндік курстарға бөлінеді. Дене тәрбиесі пәні мұғалімдері – 5 күн, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдері – 10, бастауыш сынып мұғалімдері – 15, тілдер бойынша пән мұғалімдері – 20 күн біліктіліктерін арттырады. Облысымыздың барлық аймақтарын қамту мақсатында біліктілікті арттыру курстарын тек Институт қабырғасында өткізіп қоймай, жергілікті жерлерге барып мектеп мұғалімдерінің біліміне білім қосып, жаңартылған жаңалықтармен қамтамасыз ету біздің тренерлеріміздің де міндеттеріне айналғандай.

Бүгінгі таңда жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарына мұғалімдер тарапынан сұраныс артуда.

Қарағанды облысының курсты аяқтап сертификат алған пән мұғалімдерінің саны 46 % — ды құрап отыр.

 

Ш.Жүнісова
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша
ПҚБАИ, Академиялық бөлімнің бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.