Home » Мақалалар » БІЛІМ БЕРУДІҢ ЕКІ АСПЕКТІСІНІҢ ҮЙЛЕСІМДІ ДАМУЫ – ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕК НЕГІЗІ

БІЛІМ БЕРУДІҢ ЕКІ АСПЕКТІСІНІҢ ҮЙЛЕСІМДІ ДАМУЫ – ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕК НЕГІЗІ

  Аязбаева Назерке Ғалымжанқызы
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы
Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының
«Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру»  кафедрасының  аға оқытушысы

 

 

Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан үшін ең негізгі басымдықтың бірі — білім.

Білім — ғылымның іргетасы және мемлекет дамуының алтын арқауы екеніне ешкім де күмән келтірмейді. Бүгінгі білім алушы балалар уақыт өте келе елдің және жаңа заман тағдырының жасампаздары болатынын нық сеніммен айтуға болады. Бірақ, осы тұста «жауабы тек біреу ғана болатын сұрақтай» сұрақтар туындайды. Олар қандай білім? Сол білімді алып ұшқан жасөспірім қандай болмақ?…
Білім тек адамның өмір сүруі үшін ғана емес, ол тіршілік үшін, өмірді толық, мәнді және терең түсініп сүру үшін қажет. Өмірді білім арқылы толық, мәнді, мағыналы етуге бола ма? Болады. Жолы – жеткіншектерге тұтастай білім беру. Тұтастай білім беру – білім берудің екі аспектісі: интеллектуалды білім (сыртқы білім, ақыл үшін) және рухани-адамгершілік білімнің (ішкі білім, жүрек үшін) әдемі бір үйлесімде бірге жүзеге асырылуы. Интеллектуалды білім керек оқушының ақылы үшін, ал сол білімді өмірде тиімді қолдана білуде жүрек үшін де керек білім қажет. Д.И.Менделеев: «Ізгілігі жоқ адамға берілген білім – ақымақтың қолына ұстатқан қылышпен тең» дегендей, адамның екі-үш дипломы бар, интеллектуалды білімі жоғары, бірақ ол рухани-адамгершілік білімнен алыста болса, оның алған білімі де, өмірі де толыққанды мәнді де, сәнді де болмас. Адамның өмірінде интеллектуалды білімнің алатын орны бар, бірақ, өкінішке орай, бұл білім жоғары әлеуметтік мәртебеге және материалдық құндылықтарға қол жеткізуге бағыттайды, алайда жақсы табыс пен жетістікке қалай қол жеткізуге болады, бұл білім бізге шынайы, мәңгі бақыт әкеле ме немесе уақытша ма, адамның шынайы, басты бақыты туралы ойланып, толғануға жеткілікті дәрежеде үйретпейді. Зияткерлік білімді барынша меңгеріп, алайда руханият, өмірдің мәні, құндылықтар, сүйіспеншілік пен мейірімділік, шынайылық, адалдық, қайырымдылық жайлы ойланбаған адам өзін бақытты сезіне алмайды. Қазіргі таңда жеке материалдық әл-ауқатқа, интеллектуалдық дамуға және жоғары әлеуметтік мәртебеге талпыну бағытында шынайы болмысынан тайып, мәңгілік құндылықтарға емес, уақытша құндылықтарға бағдарланып, ақиқатын ұмытып жүрген рух иелері айқын байқалады. Бұл – руханилықтың ұмыт болып бара жатырғандығының көрінісі.
Осы заманның жаһандық мәселелері – экономикалық, саяси немесе ғылыми мәселелер емес, ең алдымен рухани-адамгершілік мәселелері. Бұл мәселелердің шешімі адамзаттың ішкі жан дүниесіндегі өзгерісте, адамдардың материалдық игіліктен, рухани-адамгершілік құндылықтарға қайта бағдарлану, рухани өзін-өзі кемелдендіруге қайта бағдарлау болып табылады. Бұл жағдайлардың негізінде қазіргі таңда білім берудің мақсаты мен басым бағыттарына ерекше назар аудару қажеттілігі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Осы тұста біз интеллектуалды біліммен қатар рухани-адамгершілік білімнің өзара әдемі үйлесімінің маңыздылығын, орнын анық байқауға болады. Білім беру үдерісінде бала тұлғасының физикалық және интеллектуалдық аспектілерін дамытып қана қоймай, баланың жоғары рухани-адамгершілік табиғатын ашу керек.
Рухани-адамгершілік білімнің маңыздылығы жайында ұлы қазақ классиктері де айтқан болатын. Шәкәрім Құдайбердіұлы ғалымдардарға «Адамды тәрбиелеу үдерісіне Ар-ұждан ілімін енгізу қажет. Бұл туралы ғалымдар ойлануы тиіс. Олар бұл ілімді баршаға міндетті пән ретінде әзірлеулері керек» деп, оның барлық білім беру ұйымдарына міндетті пән ретінде енгізу жөнінде айтқан екен.
Қазақстанның барлық жалпы білім беру ұйымдарында көп ғасырлық халық педагогикасына және балаларды мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтарға оқытуға негізделген «Өзін-өзі тану» пәні сабағы өткізілуде. Ол – ар-ұждан сабағы болып табылады. «Өзін-өзі тану» пәні адамға шынайы бақытқа, өзін-өзі тану мен ішкі тыныштыққа жетуге мүмкіндік береді, мінездің кемелденуін және тұтас үйлесімді тұлғаның дамуын қамтамасыз етеді.
Балалар мен жастарға рухани-адамгершілік білім беру қоғамда жоғары рухани-игіліктерді нығайтудың, кемел мінез бен адамгершілік қасиеттері жарқыраған азаматтарды тәрбиелеудің тірегі болуды мақсат тұтады.
Балалар мен жеткіншектерден бөлек, ересек, саналы, білім беру ұйымдарының пән мұғалімдеріне арналған қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарында да рухани-адамгершілік білім туралы дәрістер міндетті дәріс ретінде де оқытылып, рухани-адамгершілік білім мен тәрбие беру бағытындағы көптеген шаралардың ұйымдастырылып, жүзеге асырылу үдерістері қуантады. Себебі, балалар айтқанды емес, көргенді қайталайды, жасайды. Дәлірек айтқанда, рухани-адамгершілік білім беру үдерісі мұғалімнің де ойы, сөзі және ісі бірлікте болғанда ғана табысты, нәтижелі болады. Ұстаздың ойы мен сөзі және жасаған істері біріне-бірі қарама-қарсы болатын болса, оның басқа әрекеттерінен нәтиже шықпайды. Егер мұғалімнің рухани-адамгершілік және интеллектуалды білімі бар, өз ісіне жан-тәнімен беріліп, таза болса, мыңдаған бала бойынан мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтарды жарыққа шығарып, адамгершілік қасиеттерді дамытып, ұлтымыз қайырымды мінез-құлыққа ие білімді мыңдаған ұл-қыздарға кенеледі. «Өзін-өзі тану» пәнін білім беру ұйымдарының тұтастай педагогикалық үдерісіне ықпалдастыру арқылы да балалардың, педагогтердің және ата-аналардың да өмірін құндылықтармен байытуға, жоғары ішкі мағынамен толықтыруға мүмкіндік береді.
«Үдеріс нәтижеден де маңызды» деген Лао-Цзының (б.д.д. VII-VI ғ.ғ.) айтқан сөзін басшылыққа ала отырып, қорытынды жасауға болады. Көпшілік жұрт нәтижеге ұмтылады, алайда нәтиженің қандай болуы үдерістің қалай жүзеге асырылуына байланысты. Біз бүкіл адамзат қауымы  білім мен өмірді әдемі бір үйлесімге біріктіру мақсатында ұйымдастырылып жүзеге асырылып жатырған жұмыстарды, яғни оқушыларға рухани-адамгершілік білім мен интеллектуалды білімдерді құстың қос қанатындай қатар бірге оқу пәндері рухани-адамгершілік біліммен интеграцияланған үдеріс әрі қарай терең оқытылып, жүзеге асырылып, сол үдеріске бірінші кезекте мән беріп, соның маңыздылығын жете түсінсек – жарқын келешек болары сөзсіз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.