Home » Баяндамалар » Білім беруде үштілділік жүйесін тиімді қолдану

Білім беруде үштілділік жүйесін тиімді қолдану

«Қазақстан әлемде жоғары білімді, халқы үш тілді де: қазақ тілін – мемлекеттік тіл ретінде,
орыс тілін – ұлтаралық қатынас тілі ретінде және ағылшын тілін – жаһандық экономикаға
нәтижелі өтудің көмекші тілі ретінде еркін меңгерген ел болып танылуы керек».
Н.Ә. Назарбаев, «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан».

Мен Бриджит Гудманның «Үш тіл — білім берудегі ресурс» тақырыбындағы дәрісін тыңдадым. Бриджит Гудман, Назарбаев Университеті Жоғары Білім беру Мектебінің көптілді білім беру саласы бойынша доценті. Бриджит Гудман өткізген видео — дәріс маған ерекше әсер қалдырды.

Бриджит Гудман, сабақты сергіту сәтінен бастады, ол:

  • What you know? — Сен не білесің?
  • What you want to know? — Сен нені білгің келеді?
  • What you’ve learnt? — Сен нені оқыдың? – деген сұрақтар берді.

Топтық тапсырмалар берген кезде студенттердің тек ағылшын тілінде ғана емес, сондай-ақ орыс және қазақ тілдерінде де сөйлеуіне мүмкіндік берілді. Бұл дәрістің мақсаты – тілдерді үйрену, тіл саясатын жоспарлау және оны қолдану саласындағы зерттеулерге, сондай-ақ жеке өзі Украинада, ағылшын тілі оқыту тілі және академиялық контент ретінде пайдаланылған ортада өткізілген зерттеуге сәйкес бұған неліктен рұқсат берілетінін білу болды. Сонымен қатар, ол CLIL түсінігін зерттеумен және ана тілді (біздің жағдайымызда – қазақ немесе орыс тілдерін қолдану, бәлкім өзбек, ұйғыр және қандай да бір басқа тілді) қолданумен байланысты бірнеше теорияны қарастырды.

Тілдік жоспарлаудағы бағдарды үш негізгі бөлікке бөліп, жеке тоқталып өткендігі маған ұнады.

Тілдік жоспарлаудағы бағдарлар (Руиз, 1984):

  • І бағдар: «Тіл Проблема ретінде»;
  • ІІ бағдар: «Тіл Құқық ретінде»;
  • ІІІ бағдар: «Тіл Ресурс ретінде».

Тіл – халықтың ең негізгі байлығы. Қазір заман талабына сай үш тұғырлы тіл саясатын бәріміз де қолдаймыз.

Тіл білу – байлық. Әсіресе, өркениетті еліміздің дамуына үлес қосқымыз келсе, көп тілді игерген азаматтарға қарап қуанатынымыз да белгілі.

Үштұғырлы тіл өмірдің қажеттілігі. Бұл бүгінгі елдің тыныс-тіршілігін айқындайды және жалпыға ортақ қалыпты норма болып саналады. Үш тілді қатар меңгеру бәсекеге қабілетті ел азаматының міндеті.  Қазақстанның білікті, білімді әр азаматын ғаламдық ақпараттар мен инновациялық ағынына ілесу ағылшын тілін үйренуге жетелейді.

Бұл орайда орталықта тіл үйренем деушілер қазақ тілімен қатар ағылшын тіліне де үйреніп жатыр. Бұл бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудың ең алғашқы сатысы болып саналады. Өйткені қазіргі уақытта бірнеше тілді меңгерген азаматтардың қай ортада жұмыс істесе де жолы ашық. Ағылшын тілін білген адам, болмаса кадрдың еңбек нарығындағы бағасы өседі. Бүгінде елімізде жұмысқа қабылдағанда ағылшын тілін білетін жастарға ерекше құрметпен қарайды. Ал, кейбір шетелдік компанияларда бұл тіпті талап ретінде қарастырылып жатқаны өтірік емес. Бесаспап, яғни әмбебап маман болам десеңіз, өз ісіңіздің іскері болам десеңіз оған ағылшын тілінсіз айналып бару мүмкін емес. Мемлекеттік тіл мемлекет өмірінің барлық саласында «бүкіл қоғамымызды біріктіруші» қызметін, орыс тілі ұлтаралық қатым-қатынас тілі, ал ағылшын тілі әлемдік экономикаға, әлемдік қауымдастыққа кірігуімізге қызмет етуде.

Мен өз тәжірибиемде информатиканы ағылшын тілінде өткізілетін болса, оқушының үлгеріміне кедергі жасайды деген ұстанымда болған едім. Осы ағылшын курсын оқу барысында өз ойымды түбегейлі өзгерттім…

К.Ушкинский: «Бала — балқытылған алтын, оны қандай қалыпқа құйып, қандай мүсін жасаймын десе де, мұғалімнің өз қолында», — деп айтқандай үштілді оқыту — жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашылатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік.

Біз еліміздің тірегі, мемлекетіміздің беріктігі өзіміздің қолымызда екенін айқын түсінеміз. Келешектің кепілі – білім беру ісіне ерекше көңіл бөліп, отандық білімді жаңа сатыға көтеру, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауын бұлжытпай орындау, жаңа технологияны игеріп, үштілдікті меңгерсек, өркениетті озық елдердің бірі – біз боламыз деп сеніммен айта аламын!

Ойлану сұрақтарына келер болсам: мұғалімдер сабақта қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қалай қолдану қажет? Бұл әрине әр мұғалімнің өз тәжірибесіне сәйкес қолдану қажеттелігі. Оқушыларға қиын болмау үшін бірінші мәтінді ана тілінде түсіну, орыс тілінде аудара отырып, ағылшын тілінде мағынасын ашу. Информатиканы ағылшын тілінде оқыту барысының тиімділігі жоғары. Өйткені көптеген ұлы ғалымдардың еңбектері мен қолжазбалары ағылшын тілінде жазылған. Ағылшын тілін жақсы меңгерген оқушы ғалымдардың еңбектерін сабақ барысында қолдана алады. Шет елдердің соңғы жаңалықтарын оқушыларға айта отырып, сол жаңалықтарды жасау біздің оқушылардың қолынан да келетіндігін баса айта отыру.

Сондықтан, мен «CLIL – кіріктірідген білім бағдарламасы» курсының тыңдаушысы болғаныма өте қуаныштымын! Маған бұл жоба ерекше ұнады. Сондай-ақ алдағы уақытта жинақтаған тәжірибемді, осы курста алған білімімді өз пәніме, яғни информатика пәнінің терминдеріне жүйелі тізім жасап, әр сабағыма дидактикалық материалдар, тесттер, карточкаларға ағылшын тілін кіріктіру арқылы білім беріп, басқа да пән мұғалімдерімен тәжірибе алмасып, еліміз өркендеу үшін, Отанымыздың болашағы баянды болу үшін білім жолында, білім жүйесінде аянбай еңбек етемін!

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.