Home » Мақалалар » Білім  беруде  үштілділікті  енгізудің  өзектілігі

Білім  беруде  үштілділікті  енгізудің  өзектілігі

Елбасы өзінің соңғы Жолдауында да кәсіптік және техникалық білім беру бойынша жұмыстарды жалғастырып, халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керектігін айтып өткен болатын. Бүгінгі күні кәсіптік және техникалық білім жүйесінің рөлі күннен-күнге өсуде. Қабылданып жатқан жаңа жобалар мен бағдарламалар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің алдына жаңа бастамалар мен міндеттер қойып отыр. Соның ішінде ең маңыздысы кәсіби құзыреттерге ие жұмысшы мамандарды даярлау. Жұмыс берушілер болашақ маманға ағылшын тілін білу қажеттілігі секілді талаптар қойып отыр. Қазіргі жағдайда, ағылшын тілі халықаралық қарым-қатынас жасау тілі ғана емес, алдыңғы қатарлы технологияларды меңгеру тілі, сондықтан да ағылшын тілін кәсіби білу – заман талабы.
Заманауи зерттеулер әлемде көптілділіктің таралуы экономика, мәдениет және білім берудегі түпкілікті өзгерістерге негізделген заңды үрдіс екенін көрсетіп отыр. ЮНЕСКО концепциясына сәйкес, «көптілді білім» ұғымы білім беруде кем дегенде үш тілді пайдалануды көздейді, яғни туған тіл, ұлтаралық тіл және халықаралық тіл.

2006 жылдың қазан айында Қазақстан халқы Ассамблеясының  ХІІ сессиясында Президент кем дегенде үш тілді білу – болашақ ұрпақ үшін маңызды деген болатын. Ал 2007 жылы Қазақстан халқына «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында Н.Назарбаев «Үш тұғырлы тіл» мәдени жобасын кезең-кезеңмен жүзеге асыруды бастауды ұсынды, оған сәйкес, үш тілдің дамуы қажет: қазақ тілі мемлекеттік, орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас және ағылшын тілі жаһандық экономиканы игеру тілі. «Қазақстанды әлем, халқы үш тілді пайдаланатын ел ретінде тану қажет». Қазіргі таңда ел Президентінің осы бағыттағы саясаты өз нәтижесін беріп келеді деуге болады. Бүгінде қазақстандықтар тіл білудің қаншалықты маңызды екенін ұғынып, өздерінің тіл үйренудегі қадамдарын нық басуда.

Осыған орай Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде «Үштілділікті енгізу – заман талабы» коучингі өткізілді. Шара барысында осы бағытта колледждің атқарып жатқан жұмыстары таныстырылып, шетелдерде тағылымдамадан өткен оқытушылар шеберлік сабақтарын көрсетті. Колледж үштілділікті білім беру үдерісіне енгізуде көптеген іс-шараларды нәтижелі жүргізіп келеді және алдағы уақытта осы саладағы жұмыстар ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Жұмыс жоспарына сай оқытушылар мен оқушылардың курстарда оқуы, оқытушылардың шетелде тағылымдамадан өтуі, оқытушылардың «Болашақ» бағдарламасы қатысуы, терминдерді ағылшын тіліне аудару, колледжішілік түрлі шараларды үш тілде өткізу, пәндерді ағылшын тілінде оқытуды енгізу бойынша тәжірибелік қадамдар жасалды. Алдағы уақытта тілдік құзыреттілікті арттыру мақсатында арнайы пәндер бойынша терминдерді ағылшын және орыс тілдеріне аударып, сөздік жасақтау жоспарлануда. Сондай-ақ колледж ішінде түрлі іс-шараларды үш тілде өткізу арқылы оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттыру және оны игеруге ықпал ету көзделіп отыр.
Аталған бағытты жүзеге асыруды әдістемелік қамту мақсатында «Үштілділік – қазақстандық жастардың интеллектуалды әлеуетін дамыту факторы», «Үштілділік – заманауи білім басымдығы» тақырыптарында дөңгелек үстел өткізіліп, үш тілде білім алудың мәселелері мен келешегі талқыланды.
Осылайша, бейбітшілік пен келісімде өмір сүре алатын, басқа мәдениетті түсініп, құрметтейтін, көп ұлтты және көп мәдениетті ортада белсенді өмір сүруге қабілетті тұлғаны, бәсекеге қабілетті маманды қалыптастыру үшін өзге тілдерді игеру қажеттігі өз уақытында қолға алынды. Қазіргі таңда көп тілді меңгерген тұлғаға түрлі кәсіптерге жол ашылады. Бүгінгі колледж оқушылары оқытушылардың ізденісі арқасында бұл мүмкіндікке қол жеткізіп отыр.

 

Айнұр Меризатқызы Кайырлиева,
Орал газ, мұнай және салалық технологиялар
колледжінің әдіскері,
БҚО,Орал қаласы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.