Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан елінің болашағы да сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» — деген болатын.
Қазіргі заман мұғалімнен тек өз пәнінің терең білгірі болу ғана емес, тарихи танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етуде. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жан болғанда ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады.
Орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың негізгі мақсаты оқушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатты орындау барысында жаңа әдістерді қолдану кажеттілігі туындап отыр.
Мемлекеттік бағдарламада оқу үрдісіне педагогикалық және ақпараттық- коммуникациялық технологияларды кеңінен пайдалану жалпы білім беруді дамытудың басты бағыттарының бірі делінген.
Бүгінгі күні әлемдік ақпараттық білім кеңістігінің деңгейіне Республика мектептерін көтерудің тиімді жолы — білім беру саласын толықтай ақпараттандыру. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесін ақпараттандыру осы саладағы мемлекеттік саясат негізінде аныкталып, бұл жүйедегі басты міндеттердің біріне айналып отыр.
Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында өткен ғасырдың отызыншы жылдарында сауатсыздықпен күрес жүргізілгендей, компьютерлік сауаттану жөніндегі ауқымды іске азаматтарды тарту қажеттігі айтылған және мемлекеттік қызметке жаңа қызметкерлерді қабылдау кезінде компьютерді, интернетті және электрондық поштаны қолдана білу дағдысы міндетті талап болуға тиіс екендігі атап көрсетілген. Осыған байланысты XXI ғасырда ақпараттанған қоғам үшін білім беру саласында төмендегідей міндеттерді шешу көзделіп отыр: компьютерлік техниканы, интернет, компьютерлік желі, электрондық және телекоммуникациялық кұралдарды, электрондық оқулықтарды оқу үрдісіне тиімді пайдалану арқылы білім сапасын арттыру.
Ақпараттық мәдениет тек компьютермен дұрыс жұмыс істей білу емес, кез келген ақпарат көзін — анықтамаларды, сөздіктерді, энциклопедияларды, көліктердің жүру кестелерін, теледидар бағдарламаларын дұрыс пайдалана білу деген сөз.
Бүгінгі таңда мектеп пәндерін компьютер көмегімен оқыту нәтижелерін зерттеудегі ғылыми проблемаларды шешу ең басты орын алады. Білім беру жүйесін ақпараттандыру отандық білім беру үшін үлкен мүмкіндіктерді ашады. Бұл сара жолдың негізгі бағыты XXI ғасырдың талаптарына сәйкес қоғамды дамытудың жоғары тиімділікті технологияларына сүйенген жаңа білім стратегиясына көшу болып табылады.
Мустафина Ботакоз Сейлханқызы,
технология пәні мұғалімі
Ә.Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ
Қарағанды қаласы