Home » Мақалалар » Білім берудегі жаңа парадигмалар жағдайында мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығын қамтамасыз ету

Білім берудегі жаңа парадигмалар жағдайында мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығын қамтамасыз ету

 

 Елбасымыз өз халқына жолдауында «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет» деп атап көрсетті. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми педагогикалық негіздерін меңгеруі – маңызды мәселе. Білім берудегі жаңалық пен қоғамдағы жаңалық бір мақсатты көздейді,олар даму мен прогрестің қабілетін арттыруы қажет.

Білім беру және ғылым саласына елеулі өзгерістер енгізіп жатқан қазіргі кезеңде мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш білім беру ісін жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Осы өзгерістер білім саласының алғашқы сатысы болып саналатын мектепке дейінгі ұйымдарда болашақ ұрпақтың дүниетанымын дамытуға, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, сәбилік шақтан бастап толық жағдай жасауды, тәрбиелеумен білім беруге аса жауапты қарауды басты міндет етіп қойып отыр. Сондықтан білім берудегі жаңа парадигмалар жағдайында үздіксіз оқытудың бірегей мүмкіндігін пайдалана отырып,оқыту бағдарламаларының «Балабақша-бастауыш мектеп» сабақтастығы бойынша жұмысты белсенді жүргіземіз. Басталған жұмыстың барлығы мектепте қисынды жалғасын табады. Ізденушілік қызметтің алғышарттарын қалыптастыруға,проблеманы шешудің мүмкін әдістерін ересектің көмегімен,ал одан кейін өздігінен анықтау шеберлігін дамытуға тырысамыз.

Мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығын қамтамасыз етудің негізгі мақсаты: баланың еркін шығармашылық жеке тұлғасын дамыту,ол балаларды міндеттері және зерттеушілік қызметімен анықталады.

Міндеттері:

  • Балалардың психологиялық салауаттылығы мен денсаулығын қамтамасыз ету;
  • Танымдық қабілеттерін дамыту;
  • Шығармашылық ойлауын дамыту;
  • Қатынас-байланыс дағдыларын дамыту.

Аталған міндетті шешуде білім мазмұнының бірыңғай, жүйелі құрылуы, баланың белсенді дамуы арқылы білім берудің келесі сатысына көшудің тиімділігінің қамтамасыз етілуіне; екіншіден білім беру жүйесінің әрбір әдістемелік компоненттерінің байланысы мен үйлесімділігінің болуына назар аудардым. Сонымен қатар аталған сабақтастық сақталу үшін мектепке дейінгі кезеңде — жас ерекшелігіне сәйкес баланың өзін-өзі бағалауының сақталуы, танымдық және тұлғалық дамуы, қоршаған ортамен байланыс жасауға дайындығы қарастырылды.

Балабақша мен бастауыш білім сатысының сабақтастығын қамтамасыз етуде педагогтар білім берудің формалары, әдіс-тәсілдерімен жете танысып, 6 жас пен 7 жас аралығындағы психологиялық ерекшелікті анықтай отырып мектепке біртіндеп жеңіл бейімделуіне жағдай жасауда.

             Мектепке дейінгі мекеме мен бастауыш сыныптың сабақтастық ұйымдастыру үш кезеңнен тұрады:

Дайындық:

  • Тақырып пен қосымша тықырыптарды таңдау;
  • Мәліметтер жинау.

          Жұмыстарды іске асыру:

  • Суреттердің,бұйымдардың,фотографиялардың (ақпараттық материалдың:     кітаптар,журналдар,газеттердің) тақырыптық көрмесі.
  • Мектепке саяхат.
  • Бейнематериал (мультфильмдер,кинофильмдер).
  • Мектеп оқушылары мен балалардың көпшілік алдында өнер көрсетуі.
  • Спектакль.
  • Концерт.
  • Тақырып бойынша білімді қолданумен викториналар мен ойындар.

Бағалау мен талдау:

  • Орындалған жұмысты егжей-тегжейлі сипаттау.
  • Тақырып бойынша фотографиялар мен бейнесюжеттер.
  • Баспалық және көрсетілген материалдар.
  • Тәрбиеленушілердің экскурсияларды ауызша суреттеуі
  • Спектакль,концерттің сценарийі.
  • Тәрбиеленушілердің шығармашылық жұмыстары.

Ұйымдастыру жұмыстарының тақырыбын таңдауды педагогтар реттейді,көлемді тақырыптар балалардың қызығушылықтары бойынша қосымша тақырыптарға бөлінеді.

Тақырып бойынша жұмыс жүргізу үшін мынандай уақыт бөлінді:

  • Оқу іс-әрекеті бойынша сабақтардың бір бөлігі (қоршаған дүниемен таныстыру,сурет,ән-саз)
  • Мектеп оқушыларының сабақтан тыс қызметіне бөлінген уақыт пен бөбекжай күнінің екінші жартысы.

Тәрбиеленушілердің қалауы бойынша  «Тырна мен Түлкі», «Мысықтар әлемі» «Адасқан құмырсқа» т.с.с тақырыптарды  таңдап,экологиялық тәрбие оқу іс-әрекетінің жоспарымен үйлесімде жұмыстар атқарылды. Ақпарат жазбалар (баяндамалар), суреттер,мәтіндер мен бейнелерден, бейнежазбалардан көшірмелер мен үзінділер түрінде ұсынылды. Балалар кітапханаларға,мұражайларға,көрмелерге барды, тақырып бойынша мультфильмдер көрді. Көпшілік алдында сөз сөйлеулермен,конкурстармен және балабақша топтарының хореография сабақтарында және бастауыш мектептің дайындаған би нөмерлерімен қатар жүргізілді.

Балалардың тәртібін үйлестіретін осындай сабақтастық тәрбиеленушілер үшін өздерін әр түрлі әлеуметтік рөлдерде байқап көруінің тамаша мүмкіндігі болып табылады.

Балабақша мен бастауыш мектеп балаларынының ішкі танымдық  қажеттіліктеріне негізделген танымдық ізденушілік,белсенділік бұрын алған білімді шығармашылықпен сапалы қайта құруға және жаңа білімді тиімді меңгеруге септігін тигізеді,ол жеке тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеу,өзін-өзі дамыту үдерісінде орнықты іргетас болып табылады.           Бұл жерде білім, білік, дағдылардың сабақтастығынан да балалармен жұмыс істеудегі әдіс-тәсілдердің сабақтастығы жоғары рөл атқарады. Басты мақсат мектепалды дайындық тобынан бастауыш мектепке көшудегі балалармен жұмыс түрлерінің тығыз сабақтастығы.

Көбіне бастауыш мектепте мектепалды дайындық тобының әдіс-тәсілдерін, жұмыс түрлерін қолданғысы келмейді, ал даярлық тобы тәрбиешілері көбіне бастауыш мектеп моделін пайдалануға мәжбүр болады. Балаларды оқытудағы бастауыш мектеп моделі даярлық тобындағы балалардың мектеп талаптарына сай білім, білік, дағдылары қалыптасқан, ұйымдастырылған оқушыны алғысы келеді. Мұндай сабақтастықтың нәтижесінде мектепке дейінгі балалықты бағалау түсіністігі жоғалады және баланың даярлық тобына баруы мектепке дайындық ретінде ғана қарастырылады. Мектепалды дайындық тобының мұғалімдері мен тәрбиешілері «Баланы мектепке даярлау» мақсатында балаларды партаға отырғызып, мектептік типте сабақтар жүргізеді.

Мұндай жерде көбіне балалардың негізгі қызметі ойын екені естен шығарылады. Тек танымдық, дамытушылық ойындардың көмегімен білім негізі қалыптаса бастайды. Осылайша, қазіргі заманда сабақтастықтың құрылымы табиғи жолмен емес, жасанды түрде жүзеге асады,себебі бастауыш мектептегі әдіс-тәсілдер, балалармен жұмыс түрлері мектепалды дайындық топтарында кең қолданылады. Сондықтан да бұл мәселені бірден 2 жақты қарастырған жөн.

Ұсыныс:  Ұйымдастыру жоспарында мәселені шешудің мынадай жолдары қарастыруға болады:

Біріншіден, балалардың мектепалды дайындық тобында қалыптасқан білім, білік, дағдыларын бағалау қажет емес, олардың даму деңгейін бағалау қажет деп ойлаймын. Екіншіден, бастауыш мектеп мұғалімдері білім беру мен тәрбиелеу үрдісінде мектепалды дайындық тобына сай ойын әдістерін тиімді қолдана білсе.

Сонымен қатар бұл шақта баланың көрнекі-әрекеттік және бейнелі-ойлау түрлерін де жетілдіруді қажет етеді. Өкінішке орай, көптеген әріптестеріміз ойлаудың бұл екі түрін көп елемей, тез арада сөздік- логикалық ойлауды дамытуға кіріседі. Алайда, бала ойлауының жоғарғы формаларының жетік қалыптасуы нақ осы көрнекі-әрекеттік, көрнекі бейнелілік түрлерін берік қалыптастырып, сөздік логикалық ойлау түрлерін біртіндеп дамытуға байланысты жұмыстар жүргізілуі қажет.

Көрнекі-әрекеттік ойлау- нақты заттарды пайдаланып, белгілі мақсатты көздейді. Ойлаудың бұл түрін қалыптастыру арқылы баланың бойында өзінің іс-әрекетін саналы басқару және бақылау, бағыттап, ойластырып әрекет ету қабілеті дамытылады. Көрнекі-бейнелілік ойлау- заттардың бейнелерімен ойда әрекет ете отырып, белгілі бір мақсатты шешуді көздейді. Ойлаудың бұл түрін қалыптастыру арқылы баланың бойында мақсатқа жетудің әртүрлі жолдарын, бағыттарын, әдіс-тәсілдерін табу қабілеті дамиды.

Сөздік-логикалық ойлау — сөз немесе белгі арқылы бейнеленген ұғымдармен нақты ережелерге бағына әрекет ете отырып, белгілі мақсатты шешуді көздейді. Ойлаудың бұл түрін қалыптастыру арқылы баланың бойында пайымдау және сол пайымдау арқылы берілген шарттан ауытқымай нақты қорытынды шығара білу қабілеті дамиды. Осындай жұмыстарды бірлесе отыра атқаратын істер сабақтастық мәселесін шешудің тиімді бағыты деуге болады.

Тәрбие-білім беру әрбір баланың мектепке келуге және жетістіктерге қол жеткізуге деген қызығушылығын арттыру үшін жағдай туғызуға, білім алуға үнемі алға басуына кепілдік беріп отыруы қажет.

Білім беру әр бала, әр оқушы үшін тұлғалық мазмұндығын қамтамасыз етуге және ол үшін өз ісіне де, өз өмірінде жеке тұлғалық ойын, құруға, өзіндік қорғану, өзіндік тәрбиелеу механизмін қалыптастыруға және адамдардың адаммен, табиғат, өркениет, мәдениет пен қауіпсіз қарым-қатынас жасауын қамтамасыз етеді.Білім беру баланың жеке тұлғасында адамдық экологияны сақтап, тәрбиелеуге, өмір маңыздылығына, жеке бас бостандықтарына адамгершілікке тәрбиелеуде адамның қалыптасу функциясын қалыптастыру керек.

Қорытынды: Жарқын болашақтың тамырын терең, тұғырын биік жасаймыз деген игі мақсатымыз ізгі іспен көмкеріліп, үзіліссіз жүйемен өріліп жатса, еліміздің әрбір азаматының арманы орындалып жатыр деп ұғынуға болады.
Қолданылған әдебиеттер:

  1. Начальная школа, № 1, 2008
  2. Дошкольное воспитание, № 3, 2007
  3. М. Жұмабаев, «Педагогика» —1992 ж.
    4.Тұрғынбаева Б.Ә. «Дамыта оқыту» —Алматы 1999 ж.

 

 

 

Базарбаева Салима Оразалиевна
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы,
Бейнеу селосы,
«Балауса» бөбекжайы» МКҚК
директор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.