«Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы бойынша
Дүйсенбі. Мектеп ішінде тынымсыз тіршілік. Директор ұсынған ұстаздан сұқбат алатын күн. Шынымды айтсам ширақ деп мақтаған ұстазды көруге асықтым. Көп кешікпей-ақ келген ұстаз жақынырақ танысу үшін жайлы жерге шақырды. Жүзінен жылылық байқаған соң, сұрақтарымды бірден қоя бердім. Әңгіме кезінде ұстаздың тұлғалық образы ерекше екенін байқадым.
Оқып отырып өзіңіз де аңғарасыз. Ал, кеттік.
Бүгінгі «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасының кейіпкері Алматы қаласы, Жетісу ауданы жалпы білім беретін №3 мектептің тарих пәні мұғалімі – Ахметова Үмітгүл Үмітқалиқызы. Екі бірдей жоғары білімі бар ұстаз алғаш медицина саласын оқиды. Кейін отбасы құрып, ана бақытын сезінгеннен кейін ғана бала күнгі арманын шындыққа айналдырғысы келеді.
Ал арманы — ұстаз болу еді. «Мен бірінші орынға отбасыны, екінші орынға-қызметті қоямын. Себебі, білім алу жас талғамайды. Сондықтан кеш қимылдадым деп ойламаймын» — дейді дана ұстаз. Оқушылармен қарым-қатынасы туралы мақтанышпен айтты. Бүгінгі күні шәкірттерінің көбі жоғарғы оқу орныңда тарих пәні бойынша біліп алып жүр. «Ұстазы жақсының-ұстанымы жақсы» деген осы. Еңсесін тік ұстап «есте сақтайтын бір нәрсе: ел болашағы біз білім беріп отырған жастардың қолында екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінгінің ұстазы, керек десеңіз, әнші де, әртіс те бола білуі тиіс. Мұғалім мимикамен, эмоциямен жұмыс істей алса 45 минут сабақ уақытында балаға бір күнгі тақырыпты ғана емес, бір ғасырлық тарихты айтып беруге болады» — деді. Үміт Үмітқалиқызының марапаттарының санына санап жете алмайсыз. Соның бірнешеуіне тоқталайын:
2013 жылы «Өрлеу»БАҰО АҚ филиалы жеткен жетістіктері үшін;
2015 жылы Жетісу аудандық білім бөлімінің бастығының алғыс хатымен;
2016 жылы «Жаңа форматтағы мұғалім» атты Республикалық семинарда жаңа технологияны қолдана отырып үздік сабақ бергені үшін т.б үлкен қошеметке ие болды. Сонымен қатар, Үмітгүл Үмітқалиқызы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Тәжірибедегі рефлекция» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы бойынша 80 академиялық сағат көлеміндегі мектеп тренерлерін оқыту курсын аяқтады. Бұл ұстаздың жетістіктерінің жемісі десем де – дұрыс айтқаным. Үміт Үмітқалиқызының еңбек жолымен толық таныстым. Десе де көңілінің қошы болмаған мүғалімді не мазалап жүргенін білгім келді. Әрине, өз тарихын айту қазақ тарихын түсіндіруден де қиын. Соған қарамастан, бәлкім мен үшін болар, шытыңқы қабағын ашып, көтеріңкі көңіл-күймен:
«Адам өмірінің бәрі дерлік керемет болса бәрі де бақытты болушы еді. Кей кездері күйзеліске ұшырататын кедергілермен бетпе-бет келіп қалатынымыз бар. Алла Тағала адамның сұрағанын бірден бере салмайды, біз керегімізді алу үшін сыналамыз» — деді күлімдеп. Ал бұл жердегі мақсатым – жанары мейірімге толы жақсы жанның күлкісін көру еді. Әдептен озбайтын сабырлы ұстазға көз қуанышының көп болуын тіледім.
Жадыра Бағашар,
Білім айнасы,
Алматы қаласы