Home » Мақалалар » «Білім алушыларды қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға дайындаудың тиімді әдіс-тәсілдері » атты облыстық тәжірибелік семинар

«Білім алушыларды қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға дайындаудың тиімді әдіс-тәсілдері » атты облыстық тәжірибелік семинар

Ағымдағы жылдың 27 наурыз күні Оңтүстік Қазақстан облысының білім басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысының әдістемелік кабинетінің және  Мақтарал ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен №6 Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында «Білім алушыларды қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға дайындаудың тиімді әдіс-тәсілдері » тақырыбында облыстық семинар өткізілді. Семинардың мақсаты : білім алушыларды қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға дайындаудың тиімді тәсілдерін талқылау, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының іс-тәжірибесін облыс көлемінде тарату. Семинар жұмысына Оңтүстік Қазақстан облысының білім басқармасының әдістемелік кабинетінің «Оқу пәндерін әдістемелік қамтамасыз  ету» бөлімінің  басшысы Панова Айгул Набижанқызы, Мақтарал ауданының әкімінің орынбасары Жолдасбеков Мақсат Жанұзақұлы, облыс бойынша аудандардағы білім бөлімдерінің ҰБТ-ға жауапты мамандары мен әдістемелік кабинет әдіскерлері, мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, мектептердегі 11 сыныптарға сабақ беретін пән мұғалімдері қатысты. Семинарды бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Мырзалиев Тұрсын  ашып, облыс әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен 2017 жылғы 25 сәуірде өткен мәжілістің №1-38 хаттамасының 6-тармағын орындау мақсатында ҰБТ қорытындысымен үздік мектептер қатарына енген мектептердің іс-тәжірибесін тарату, өзара тәжірибе алмасу, педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін  арттыру мақсатында былтырғы оқу жылында облыстық аймақтық семинар өткізілген болатын. Бүгінгі семинар Оңтүстік Қазақстан облысының білім басқармасының 2017-2018 оқу жылына арналған мектеп бітірушілердің ҰБТ және қорытынды аттестаттауға дайындығы мен оқыту сапасының деңгейін арттыру бойынша кешенді іс-қимыл жоспарына сәйкес өткізіліп жатқандығын айтып өтті.  Семинар барысында  білім алушыларды қорытынды аттестаттау мен ҰБТ бойынша дайындық жұмыстарының барысы мен  жылдар бойы қол жеткізілген табысты жұмыстардың озық үлгілерін ұсынды. Өмірхан Қозыбақ – Б.Момышұлы  атындағы мектеп-гимназия директоры «Білім алушыларды қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға дайындау бойынша мектептің тәжірибесінен» баяндама жасады. Әдістемелік кабинеттің   ҰБТ-ға жауапты әдіскері Айтмұрат Жалғасбаев  «Мектеп бітірушілерін ҰБТ-ға дайындау жұмыстарын тиімді үйлестіру жолдары», директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрзада Әлметова « Бақылау мен басшылық –оқушылардың ҰБТ-дан жоғары нәтижеге жету кепілі атты тәжірибелерімен бөлісті.Пән мұғалімдері Майра Жанаева математика, Камила Шонбасова тарих, Нүрзия Қонысова биология, Исатаева Вахиша география, Гаухар Барлыбаева қазақ тілі және әдебиеті, Райым Набатов физика, Сбоева Владислава Владимировна биология және химия, Дина Өтегенова математика, Сапар Құлжанов тарих, Роза Өрнекешова орыс тілі және әдебиет пәні мұғалімдері «Оқушыларды ҰБТ-ға дайындауда пайдаланатын тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында шеберлік сыныптарын көрсетіп,  өз тәжірибелерімен  бөлісті.
Семинар барысында Оңтүстік Қазақстан облысының білім басқармасының әдістемелік кабинетінің әдістемелік кеңесінің 2018 жылдың 30 қаңтарындағы № 1 хаттамалық шешімінің негізінде Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының оқушыларды ҰБТ-ға  дайындау іс-тәжірибесінен әдістемелік құрал таратылды. Кітапшада мектепішілік басқару мен басшылық түрлері, әрбір педагогтың ізденушілікке баулитын бағдарламалары қамтылған.
Б.Момышұлы атындағы мектеп –гимназия –облысымыздағы үлгілі мектептердің бірі.ҰБТ қорытындысы бойынша облыстағы алдыңғы мектептердің қатарында болса, республика мектептерінің ішінен ондықтың қатарында. Бұл білім ордасы жыл сайын өтетін ҰБТ сынағында жоғары көрсеткішке ие болып, бітірушілердің 100 пайызға жуығы мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруда . Аудандық, облыстық пән олимпиадаларының жеңімпаздарын айындап келеді. Ғылыми жобалардан халықаралық деңгейден көрініп жүр. Бұл дұрыс ұйымдастырылған жұмыс пен табанды да жігерлі, терең де тиянақты берген білімнің нәтижесі деп білемін.
Ең басты жауапкершілік те, бұл жетістіктің басты тірегі де- мектеп басшысы Өмірхан Жүндібайұлы Қозыбақ. Оның 30 жылдан астам іс-тәжірибесінің нәтижесі оның дәлелі.Ол өмірін білім саласына, ел баласынының, қуанышы  мен жеңісіне арнаған кәсіби ұстаз, аса тәжірибелі басшы.
Қазақ халқының ұлы ойшылы, заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Аудиторияға кіріп оқушы алдында тұрғанның бәрі ұстаз емес.Ұстаз –ақыл мен ойдың қызметі. Ұстаз-ұлық емес, ұлы қызмет» деп айтса, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов : «Елді түзетуді бала оқыту ісінен бастау керек» деген. Сондықтан да болар, оқушы алдына кірген уақытта жауапкершілік пен жоғары талап бар екені мектеп жетістіктерінен көрініп тұр. Білімге деген жаңа көзқарас, оның сапасының әрі жаңаша бағытқа бет алуына ықпал етері сөзсіз. Сондықтан заман ағымына қарай, бала алған білімі мен біліктілігін өмірде пайдалана алуында болып отыр.
Семинар жұмысына қатысушылардың   кері байланыстары мен пікірлері арқылы семинарға оң баға берілді. Бұл семинардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан № 6 Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының ұжымына алғыс айта отырып,  шығармашылық табыс тілейміз.

 

Р.Исаева,
 Мақтарал ауданының әдістемелік кабинет меңгерушісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.