№105 Мукуми атындағы жалпы орта мектебінде 2017 жылдың 10 қазанында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Білім айнасы ұжымының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел болып өтті. Жиын барысында қазіргі замандағы өзекті мәселелердің бірі болып тұрған – ұстаз мәртебесі хақында сөз қозғалды.
Ұстаз, ұстаз, ұстаз…
Бұл ұлы сөздердің астарында талай мағына жатыр. Бірақ соны біз біліп, түсініп жатырмыз ба? Иә, ұстаздардың мәселесі бүгінгі таңда аз айтылып жүрген жоқ. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін бұл кәсіптің жауапкершілігі мол. Әлемді аузына қаратқан ғалым да, құрылысшы да, дәрігер де, жұмысшы да осы ұстаздардың алдынан шығатынын ескерсек, осы бір асыл жандарды қадірлей білуіміз керек. «Ел ертеңі – білімді ұрпақ» — деп Елбасымыз айтып өткендей, ертеңімізді – болашағымызды ойламасақ – онда біздің жас ұрпақтарымыздың білім деңгейі қандай болмақ?! «Мұғалім – мектептің жүрегі». Олай болса, біз қазірден бастап мұғалім мәртебесін көтеруіміз керек. Осы мақсатты алға тарта отырып «Білім айнасы» газеті ұжымы үлкен мәселе көтеріп отыр. Дөңгелек үстел барысында мұғалім мәселесі жан-жақты қамтылып, көкейде жүрген біраз сұрақтарға жауап алдық. Болашақта осындай мәселелер көптеп көтеріліп жатса, мұғалімдер қауымы үшін үлкен мәртебе. Қорыта келе айтарым, осындай семинарларды ұйымдастырып отырған «Білім айнасы» газетінің бас редакторы Қуантай Амантайұлының бұл игі істері мұғалімдер қауымының үдесінен шығып отыр. Мұғалім мәселесін көтеріп отырған газет ұжымына айтар алғысымыз шексіз. Келешекте осындай семинарлар өз жемісін беретініне сеніміміз мол!
Козыкеева Баян
№105 Мукуми атындағы ЖОМ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі