“Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер” дегендей, қыркүйек айының 11-нен бастап 06 қазанға дейін Көкшетау қаласында «Өрлеу» біліктілік арттыру орталығында Ақмола облысының түкпір-түкпірінен жалпы білім беретін орта және шағын комплектілі мектеп ұстаздарына «Инклюзивті білім беруді дамытудың мазмұны» тақырыбында курс өтті.
Курс туралы айтып бастамас бұрын, өз білімін аямай берген, сабақтарын, лекцияларын, тренингтерін қызықты да сапалы өткізе білген ұстаздар қауымына мың да бір алғысымды білдіргім келеді. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» — деп К.Д. Ушинский айтып өткендей, тобымызға келіп өзінің жаңашылдығымен бәрімізді баурап алған Дигенова Ботагөз Кайрбаевна баршамыздың білім көкжиегімізді шексіз де шетсіз етіп кеңіткендей болды. Сонымен қатар, қазіргі таңда ақпараттық технологиясыз білім деңгейімізді жеткілікті деңгейде көтеру мүмкін емес екенін әрбір жаңашыл ұстаз білетіні анық. Міне, осы жолда баршамызды жаңашылдыққа бастап, ақпараттық технологияның қыр-сырымен таныстырып, санамызды сандық жүйемен толықтырып, өзінің жоғары деңгейдегі білімімен бөлісе білген Муканова Роза Ақылбайқызын да ерекше атап өткім келеді.
“Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” дейді ғой дана халқымыз, бұл курс барысында өзіміз ұстаз болсақ та, бір сәт шәкірт сезініп, білім шыңына жетелеген Калижанова Маржан Булхаировна, Зейнелова Айгүл Ерденовна, Жамантаева Жанар Катаевна сияқты ұстаздардан өз білімімізді толықтырып, білім қоржынымызды қамдап алдық. Тағы бір айта кетерім, орталықтағы оқытушылар Хасеинова Валентина Анатольевна, Саулембекова Райхан Мухтаровна, Омарова Айгүл Бикеновна және Макитова Мара Жумабековнаның оқыту, түсіндіру, үйрету, жетелеу, білім беру тәсілдері курс оқушылардың таңдайларын қақтырып, ізденістерін арттыра түсті десем артық емес.
«Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті» деп К.Д. Ушинский бекер айтпағаны анық. Тобымызды ең басынан бастап жинақтап, бар білгенімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп, бәрімізді жігерлендіріп, тек күлімдеп жүретін, күн нұрындай көңілі бар, топ жетекшіміз – Курмашева Анаргүл Назымбекқызына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Ж.Ж. Руссо: «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» дегендей, Анаргүл Назымбековнаға курс бойында бізден барын аямай, бар білгенін ұсына білгені үшін мың да бір алғыс білдіреміз.
Ең соңында, осы курсты ұйымдастырып, курс бағдарламасын жасап, облысымыздың ұстаздар білімін көтеруде зор үлесін қосып жүрген Ақмола облысы «Өрлеу» Біліктілік арттыру орталығының директоры Е.Т. Исимбаев мырзаға да алғыс айтамыз. Сіздің құрған ұжымыңыз, жасап жатқан жұмысыңыз еліміздің болашағын жарқын етіп, ұстаздарымыздың білім көкжиегін көтерері хақ. Бұл жерде, біз курста болған уақытта орталық басшысының міндетін атқарып, бізді орталықтағы барлық іс-шараға қатыстырып, қанаттандыра білген директордың орынбасары – Акишева Айсулу Кеңесовнаны да атап өткім келеді. Сіздің игі бастамаларыңыз еліміздің игілігіне жарайды деп сенеміз. Сізді әрқашан қолдайтын боламыз.
Курс бойында тобымыз орталықта өтіп жатқан Республикалық конференция мен Халықаралық форумға қатысып, өз ойымызды білдіріп, өзге елдің білім беру жүйесімен танысып, тәжірибе алмасып, марапатқа ие болдық. Бұл да бір ұстаздық жолымыздың бір белесі болды. Соңында орталықтың оқытушыларына тек ғана шығармашылық табыс, қажымас қайрат, таусылмас төзім тілеймін!!!
Халийхан Мейрамгүл
№3 Талапкер орта мектебінің мұғалімі
Ақмола облысы, Целиноград ауданы