Home » Білім және тұлға » БІЛІМІ АЛТЫН, ІСІ ИГІ ҰЛЫ ҰСТАЗ

БІЛІМІ АЛТЫН, ІСІ ИГІ ҰЛЫ ҰСТАЗ

        Ұстаз — жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін тұлға. Үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі бай адам ғана ұстаз бола алады. Сондай ұстаздардың бірі – менің әкем Есентаев Қали. Бүкіл саналы өмірін жастарға білім беруге арнаған адам.

Әкем, Қали 1905 жылы Ақтобе облысы, Темір ауданы, Кенкияқ елді мекенінде, кедей отбасында жетінші  перзент болып дүниеге келген. Оның білім алуға деген құштарлығы ерекше болады. Осыны байқаған әкесі Есентай баласын ауыл молдасына апарады. Сол кездің өмір салтына байланысты баланы молдаға «Еті — сенікі, сүйегі — менікі» деп табыстаған. Оқыған сайын молда солқылдақ көк шыбықты суға салып майысқақ қылып,  бейшара шәкіртінің жон арқасын тілім-тілім етіп аяусыз сабаған. Ол заманда қатыгез молдадан оқу оңай болған жоқ.
Төрт  жыл оқып, арабша хат таныған бозбала басқа үйретері жоқ
  молданың берген ілімінен қанағаттанбайды. 16 жасында анасы, текті тұқымынан шыққан төренің қызы Жания қайтыс болады.1922-1925 жылдары Қарақалпақ АССР Төрткүл қаласындағы панасыздар үйінде оқиды. 1925 жылы барлық балаларды үйіне қайтару туралы шешім қабылданып, әкем еліне оралады.Осы кезде «Алаш» партиясының қазақ жастарын оқуға шақырған үндеуін оқиды. Онда: «Оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз, сабақ ана тілінде оқытылады»  деп жазылған еді. Жұқа дорбасын мойнына асынып, әкесімен және бауырларымен қоштасып, есек арбаға мінген 20 жасар  жеткіншек,білім іздеп Алматы қаласына барады.

Аңсап барған мұғалімдер техникумына  жасының үлкендігіне байланысты әкемді оқуға алмайды, сондықтан ол  құжатындағы туылған жылының соңғы 1905 санын 1909 деп өзгертуге мәжбүр болады.  1925-1929 жылдары мұғалімдер техникумына  білім алған уақытын әкем: «Ең бақытты кездерім» деп еске алатын. Қала тіршілігі, басқа орта, театр, кино, мерзімдік басылымдар мен кітаптар, зиялы қоғам оның  сана- сезімінің  өсуіне, ой, көзқарастарының өзгеруіне, азаматтық ұстанымдарының қалыптасуына зор ықпал етті.  Ауылдан шыққан қарапайым бала қазақ елінің болашағы, ұлттық бірлікті нығайту,  ағартушылық қызмет, өнер-білім тарату, кітапханалар ашу, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласу, әлеумет істерінде ұлт мүддесі үшін күресу туралы терең ойлана бастайды.

Техникумға атақты жазушылар мен қоғам қайраткерлері жиі келіп, жастарға дәріс оқыған. Ол, естеліктерінде бір оқиғаны жиі айтып беретін. Бірде мекепке атақты жазушы Сәкен Сейфуллин келген. Көркем, аққұба жүзді, сәнді мұрты бар, үнемі иіссу сеуіп, талғаммен киінген, мәдениетті жазушы ол кісіге ұмтылмастай әсер қалдырған. Атақты адамның ықпалы ма екен, әкем өмірінің соңына дейін талғаммен киініп, иіссу сеуіп жүргенді ұнататын еді.Сыныптағы үлкен балалар әкеме жазушыға сұрақ қоюын өтінеді. Сол кезде Сәкен Сейфуллиннің  екі әйелі бар деген қауесет тараған. Менің әкемнің сұрағына ол кісі:              

 -Менің екі әйелім жоқ. Бірінші әйеліммен ажырасып, екінші рет үйлендім — деп жауап берген екен.

1929-1930 жылы оқу министрінің бұйрығына сәйкес қызметке шығып, үздіксіз 1942 жылға дейін мұғалім болып жұмыс істеген.

1929-1934 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Қармақщы ауылында;

1934-1937 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы,Түркістан ауданы, «Ашшысай» поселкісінде;

1937-1939 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында;

1939-1941 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы,Түркістан ауданы, «Ашшысай» поселкісінде;

Әкемді қай жерде қиын болса, сол жерлерге жіберіп отырған. Ол кезде мектеп ғимараты, мұғалімдер, оқулықтар, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар болмаған. Ауыл халқы мүлде сауатсыз, балаларын, әсіресе қыз балаларды  оқуға жібергілері келмеген. Осы жағдайда әр отбсымен жеке сөйлесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. 92%  халқы сауатсыз Қазақстанда Ұлы Отан соғысына дейінгі жылдары Халықты жаппай сауаттандыру науқаны жүріп жатты. Осы жағдайда саналы азаматтар ретінде барлық сауатты адамдар, мұғалімдер халқы үшін ақысыз қызмет еткен.

1937 жылы «Түркістан педагогикалық училищесіне» түсіп, сырттай оқып 1940 жылдың 25 шілдесінде оны үздік бағалармен бітіріп, бастауыш мектеп оқытушысы мамандығын алады.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде алғашқылардың бірі болып, өз еркімен соғысқа баруға жергілікті әскери комиссариатқа бірнеше рет арыз жазған. Қызыл Армия қатарына 1942 жылдың 18 қаңтарында  шақырылады. Білімді азамат ретінде Түркменистанның Серхетабад қаласынадғы Кушка елді мекенінде орналасқан әскери училищеге үш айға артиллериялық бағыттаушы мамандығын игеруге оқуға жіберіледі.

1.04.1942 жылы  негізгі армияға қосылып, Оңтүстік батыс майданда Сталинград шайқасына қатысады, II Украин, IV Украин фронтына 227 -атқыштар дивизиясының 777 — атқыштар полкінің 57 — атқыштар отрядының құрамында 1945 жылдың сәуір айына дейін Украина, Молдова Румыния,Словакия, Венгрия,Чехия жерлерін азат етуге қатысқан.

Әкем, Ұлы Отан Соғысы туралы бізге айқан естеліктерінде  әскерде тіс, іш ауруы, ыстық көтерілу, дизентерия сырқат қатарына жатпаған.  Осындай себеппен ұрысқа қатыса алмаған солдатты сол жерде атып тастаған дейтін. Ресей мен Европада жиі жаңбыр жауатын,үш-төрт күн окопта,  белге дейін судың ішінде отыруға мәжбүр болған, басыңды көтерсең зуылдап атылып жатқан оқ.

Ал, Сталинград түбінде болған шайқас туралы былай дейтін: «27.09.1942 жылы дұшпан қорғаныс шебімізді бұзып шабуылға шықты. Жауынгерлер мен атқыштар зеңбірегі фашист танктері мен жаяу әкерінің қоршауында қалды. Қатты жараланып,окопта жатқан әкемнің үстінен неміс танктері басып өткен. Ол ес-түссіз  окопта үш күн жатқан. Тек үшінші күні автоматының дүмімен басып қалған топырақты қазып  шыққан оны: «Өлді»  деп ойлаған  командир тірі екенін көріп, тез арада госпитальға жіберген. Бұл оның алғашқы жарақаты еді.

Украина жерін неміс басқыншыларынан азат ету барысында, әкем орман ішінен шығып, өзенге суға бара жатқан жерінде, жер астынан  шығып жатқан түтінді көреді. Жайлап барып қараса, неміс блиндажы екен. Емін еркін темекі шегіп, жартылай жалаңаш отырған неміс солдаттарын көреді. Олар өздерінің қоршауда қалғанын білмей қалған. Бір  өзі кіріп барып, үш фашисті тұтқынға алған. Оның біреуі жоғары шенді неміс офицері болып шығады, планшетінде неміс әскерлерінің дислокациясы мен қару-жарақ қоймаларының орналасу картасы болған.Осы құжаттардың арқасында неміс басқыншыларын  шығынсыз жаулап алуға мүмкіндік туғызғаны үшін әкемді орденге ұсынған.

Тағы бір әңгімесінде  фашистерден босатып алған  деревняның старостасы атқыштар отрядын құшақ жая қарсы алып,  моншаға түсіріп, тамақтандырып , самогон ішкізіп, үйіне қонуға қалдырады. Менің әкем старостаның баласын бір жерге жұмсап жатқанын байқап қалады.Бұл оның көңілінде секем қалдырады. Соны ойлап мазасызданып, түнімен ұйықтай алмай қояды. Сыртқа шығып қайта-қайта қарауылды тексеріп тұрады. Шаршаған солдаттар қатты ұйқыға кеткен болатын. Әкем сергек ұйықтайтын,сол әдеті соғыстан кейін де қалған. Қылт еткен дыбыстан тез оянушы еді. Осы бір қасиеті қаншама адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті. Түнгі тыныштықта фашистердің келе жатқанын естіп қояды да, барлық солдаттарды оятып үлгереді. Олар үйді жауып алып, қарсылық көрсетуге дайын болып шықты. Мұны күтпеген неміс солдаттары ойламаған жерден бораған оқтың астында қалады. Қиян-кескі шайқас таң атқанға дейін созылады. Қызыл әскерден 16 солдат қаза табады, ал фашистердің біреуі де тірі қалмайды.Старостаны сатқындығы үшін сол жерде атыр тастайды.

Соңғы ауыр жарақатын Милотице аумағында болған шайқас кезінде 19.04.1945 жылы алып, Австрияның Вена қаласындағы госпитальға жеткізілген.  Соғыстың біткенін сол жерде естиді. 

Ұлы Отан Соғысы ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің, III дәрежелі «Даңқ» орденінің, II дәрежелі «Ұлы Отан Соғысының» орденінің иегері.  «Дунай» өзенін жаулап алу барысында көрсеткен ерлігі үшін 9.12.1944 жылы, « Будапешт»  қаласын азат ету барысында көрсеткен  ерлігі үшін 13.02.01945 жылы Кеңес Одағының Маршалы Сталиннің алғыс хатын алған, 5 рет жараланған соғыс мүгедегі әскерге жарамсыз деп табылады.

Соғыстан кейін Оңтүстік Қазақстан облысында мұғалімдік жұмысын жалғастырды. Көптеген мектеп ашып, оның жұмысын ұйымдастырумен айналысады. «Темірлан», «Шұбарсу», «Тұрлан», «Коммунизм», «Құс фабрикасы» және «Жеміс жидек» совхозы мектептерін ашып, көп жылдар бойы мектеп директоры болып қызмет атқарды.

1950 жылы Шымкент қаласындағы К.К.Крупская атындағы мұғалімдер институтын тарих мамандығы бойынша сырттай оқып, 1954 жылдың 10 тамызында бітіріп, жеті жылдық мектептің мұғалімі мамандығын алған.

Ұстаздық қызметін абыроймен атқарып, көптеген марапаттарға ие болған ол, барынша адал өмір сүрді. Табиғатынан  қарапайым адам болғандықтан атақ- даңққа құмар болмады. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне мемлекет тарапынан берілген барлық көмекті алуға қарсы болатын. «Соғыстан аман келдім, ең басты байлығым сол» дейтін.Әкем сексен жастан  асқан кезінде де көлікте балалы әйелдерге орын беретін,дүкенде әрқашан кезекке тұратын. Өмірдің қатал сынынан өтіп, аштықты, жоқшылықты, өлімді көрсе де өмірге деген құштарлығы ерекше жан еді. Оның өмірі құпия мен аңызға толы болды. Әкем менің мақтанышым, ар-ұжданым, адамгершіліктің, адалдық пен үзгіліктің үлгісі. Ол нағыз интеллегент болатын, ешқашан ешкімге дауыс көтермеген, әрдайым шыдамды, сыпайы, мәдениетті болуға тырысатын. Қазақ, орыс, араб тілдеріндегі кітаптарды оқығанды жақсы көретін. Әкем көп тыңдап,аз сөйлетін. Әрбір аузынан шыққан сөзі даналық пен көрегенділікке толы болатын. Ол бізге сендер бақыттысыңдар дейтін: «Сендердің көретін көздерің, сөйлейтін тілдерің, ойлайтын бастарың, ұстайтын қолдарың, жүретін аяқтарың бар. Басқасының барлығын өз еңбектеріңмен табуларың крек» деп өсиет қалдырған.

Биыл Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 73жыл толады. Осындай қасиетті күні мен әкемді үлкен мақтанышпен еска аламын.    9 мамыр менің балалық шағымның ең кремет мерекесі болатын. Бұл күні менің әкем Қали, өзінің сүйікті кастюмын киіп, өз қолымен тазалаған  медальдары мен ордендерін тағып парадқа шығатын.Біздің кішкентай үйіміз гүлге толып кететін. Соғыс ардагерін КСРО Қорғаныс министрі  Маршал А.Громыкадан басстап, жергілікті  әскери комиссариат,  барлық  мемлекеттік мекемелер мен бар өмірін арнаған аяулы мекетебінің оқушылары мен ұстаздары оны құттықтауға асығатын.

Соғыста алған жарақаты өмірінің соңына дейін мазалаған, осы бір мызғымас қайсар жан, өлімді де ерлерше күліп қарсы алған.Мұндай батылдық  рухы жоғары адамға ғана тән қасиет. Шымкент қаласында Абай атындағы саябақта Ұлы Отан соғысы батырларына арналған мәңгілік ескерткіште  менің әкем Есентаев Қалидың аты ойылып жазылған.

Ардақты әкем 1988 жылы 22 қарашада өкпе ауруынан қайтыс болды.

Қызы Есентаева Айткүл Қалиқызы,
немересіМадина Серікқызы,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
«Білім айнасы»

Красноармейцу заместителю наводчика батарей 45 мм. стрелкового ордена Александра Пушек 777 стрелкового ордена Александра евского Севастопольского полка 227 стрелковой Краснознаменной темрюксой дивизиий представлен к ордену «Красная звезда» за участие в Отечественной Войне 20.04. 1942 года.
17 января 1945 года под №188 красноармейцу Есентаеву Кали за отличные боевые действия в боях при прорыве обороны противника и форсирования Дуная приказом Верховного Главнокомандующего Маршала Советского Союза товарища Сталина от 9 декабря 1944 года объявлена благодарность.
22 марта 1945 года под №379 красноармейцу Есентаеву Кали за отличные боевые действия в боях за овладение городом Будапешт приказом Верховного Главнокомандующего Маршала Советского Союза товарища Сталина от 13 февраля 1945 года №277 объявлена благодарность.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.