2018 жылдың 19 ақпанынан бастап «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыбындағы біліктілік арттыру курсында оқып жатырмын. Мектеп әдіскеріне қайта-қайта барып осы курсқа қатысу жөнінде өтініш жасаған едім. Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетін 2017 жылы әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығы бойынша бітіріп, Мұнайлы ауданының №1 орта мектебінде өзін-өзі тану пәні мұғалімі ретінде еңбек жолымды жаңа бастаған мен сияқты жас маманға бұл курстың үйреткені көп.
Курс барысында білімімізді шыңдап, тәжірибе алмасудамыз. Түрлі пәндерді тереңдеп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат базасында өткен семинарда мен 6А сыныбына биология пәнінен «Вирустар дүниесі» тақырыбында өзін-өзі тану пәнімен интеграцияланған сабақ өткіздім. Әрине, оңай болған жоқ. Интеграция сабақ — бұл түрлі пәндерді біріктіретін өте қызықты сабақ. Интеграция сабақтың тиімді жолы — пәндік білімді жанды білімге айналдыру. Балалар сабаққа белсенді қатысып, ұғына алды және түсінгендерін шығармашылық, топтық жұмыс кезінде көрсете білді. Сабаққа қысқаша шолу жасап өтер болсам:
Тақырыбы: Вирустар дүниесі
Құндылық: Дұрыс әрекет
Қасиеттер: Тәртіптілік, ұқыптылық, әдептілік
Вирустар — бұл адам ағзасын улаушылар. Яғни «у» деген мағынаны береді. Оларды жай микроскоппен көруге болмайды. Олар бір адамнан екінші адамға тез ауысып отырады. Олардан айығу жолдары: тазалықты, гигиенаны сақтау, түрлі дәрумендер ішу, таза ауада серуендеу.
Жағымсыз қасиеттер — вирустар секілді адам санасындағы жағымсыз әрекеттер. Адамдарды сыртынан танып біле алмайсың. Оның рухани жан дүниесіне кіргенде ғана және жасаған әрекетіне қарап оның қандай адам екенін біле аламыз. Жағымсыз қасиеттер де адамдарға тез таралады. Ол үшін біз сақтық шараларын жасап, жақсы қасиеттерді бойымызға әдет ретінде қалыптастырып, әдептілік, ұқыптылық, тәртіптілік қасиеттерін сіңіруіміз керек.
Міне, сабақ осылай түйінделді.
Курс барысында мен өзімнің күннен-күнге өзгеру (трансформация) үстінде екенімді байқадым. Курс жетекшісі, тренеріміз Рысгүл Жұмажанқызына және курсқа қатысқан барша әріптестеріме білмегенімді үйретіп, білген жерімде қолпаштап, қолдау көрсеткендері үшін рақметімді айтамын!
Перизат Ғабиденқызы ҚАЛМҰРАТ,
№1 орта мектептің
өзін-өзі тану пәні мұғалімі,
Мұнайлы ауданы