Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды». Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
Н.Ә. Назарбаев бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытына жеке-жеке тоқталады. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгілейді:
- Бәсекеге қабілеттілік;
- Прагматизм;
- Ұлттық бірегейлікті сақтау;
- Білімнің салтанат құруы;
- Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
- Сананың ашықтығы.
Елбасының келесі қозғаған мәселесі ұлттық сана туралы. Ұлттық сана туралы елбасы қозғаған уақытта мына бір өткір де, ойландырарлық сөздерді өзіме мақсат етіп алдым. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек». «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»-демекші, ұлттық сана дұрыс қалыптастыру үшін біз әрбір тұлғаны басынан бастап қолға алуымыз шарт, яғни тәрбие берілер отбасыдан бастап, оның ортасын алға қоя отырып, ұлттық сананы қалыптастыруымыз керек. Міне, бұл да болса, біздің дамуымызға септігін тигізері хақ.
Мақаланың ендігі жалғасы бәсекеге қабілеттілік пен прагматизмнен құралған. Мұндағы бәсекеге қабілеттілік деп отырғанымыз не? Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы болып табылады. Демек, бәсекеге қабілеттілік елді 30 елдің қатарына қосуда негізгі рөлді атқаратындардың бірі екені белгілі.
Прагматизм. Бұнымен елбасының айтқысы келген дүниесін мен төмендегіше түсіндім. Менің ойымша, біз жаңғыру саясатына дағдылануымыз үшін өзіміздегі кейбір қасиеттерді жоюымыз керек. Оның ішіне еріншектік пен жалқаулық, мақтан сүйгіштік секілді қанға сіңген қасиеттерді айтпай кетпеске болмас. Сол себепті, осы адамның дамуына кедергі болар қасиеттерді жойған жағдайда біздің ісіміз де алға басары сөзсіз.
Өз сөзін топшылай келе, елбасы «білімнің салтанат құруы» жайында ой қозғайды. Әрбір ел дамуы үшін, алдымен дамығысы келетін халқы болуы қажет емеспе?! Ал даму үшін ең алдымен білім керек. Міне, осы тұрғыда әрбіріміздің көңілімізде білімнің салтанат құруы шарт.
Міне, осындай түрлі ойларды қозғай келе, елбасы ең алдымен білімді болуды дәріптейді. Енді аталған бөлімдерді жинақтай келе, мен мынадай қорытынды шығарар едім. Елбасының көздеген негізгі адамдары – ол жастар. Себебі, ұлттық сананы дамытуда болмасын, бәсекеге қабілеттілікті арттыруда болмасын жастардың алар орны ерек. Себебі, олардың ойы жас, барлық дүниені үйренуге құштар, сонымен қатар болашағы алда. Сол себепті, білімнің салтанат құруы жастардың қолында. Біз осы жолдауды тілге тиек ете отырып, жастарға тәлім-тәрбие беруде, оларды алға сүйреуде өз үлесімізді қосуымыз керек. Себебі, елдің дамуы – ол біздің дамуымыз, болашақ ұрпағымыздың дамуы. Сөз соңында мен мына бір өлең жолдарымен сөзімді аяқтағым келеді:
Еліме әрқашан тілегім,
Болсын деп бейбіт күн тілерім.
Болашақ көрінсін жарқын боп,
Шаттыққа толып бір, жүр елім!
Жаңғыру болар ма сенімді,
Көрейін биіктен елімді.
Білімнің салтанат құруы
Біздегі жастарға берілді.
Елбасы тағы бір сөзінде «қазіргі кезеңде жан-жақты саланы меңгере білген адам ғана жетістікке жетеді» — дейді. Демек, біз тәрбиелеген жастар, жан-жақтылықпен ерекшеленуі қажет. Сонда ғана олар елдің ертеңі болары сөзсіз.
Қоғамдық сананы жаңғырту Қазақстанның ел ретінде жаңғырып жетілудің мүлде жаңа, мазмұндық және сапалық тұрғыдан бұрынғыдан бөлек, әлдеқайда биік сатысына талпынысы. Көп кешікпей-ақ қоғам осы игі бастаманың алғашқы нәтижесін сезіне бастайды. Бұл сонымен бірге, өзімізбен қатарлас басқа бірде-бір елде жоқ, ерекше «әлеуметтік инжиниринг» жобасы. Рухани жаңғырудың мектеп және ұстаздар үшін аса маңызды болуының бірнеше себебі бар. Мемлекет пен қоғамды ішінен жаңартып, адамның санасын өзгерту арқылы елге жаңа сапа беруді көздеген бағдарлама жеке тұлғалық сананың өзгеруі негізінде іске асады. Сондықтан да, бұл бағдарламаның әр қадамы жаңа тұрпатты тұлға тәрбиелеу, азамат өсіру, маман даярлау жұмысымен қатар жүреді.
Жүсіпова Ақбота Нүрпейісқызы,
«№24 колледж» МКҚК
информатика пәнінің оқытушысы