Home » Жаңалықтар » БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Петропавл қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 7 ақпан күні «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасының қалалық кезеңі өтті. Бұл олимпиаданың басқа байқаулардан ерекшелігі қазақ тілін жеттік меңгерген 7-11 сынып оқушылары бес бағыт бойынша қатыса алады. Атап айтсақ: «Тілші әдебиетшілер», «Әнші-бұлбұлдар», «Жас ғалымдар», «Сөз шеберлері», «Жазушылар» аталымдары бойынша өз бақтарын сынға салады.

Биылғы жылы 120 оқушы бес аталым бойынша сынға түсіп, араларынан жүзден жүйрік атанғандары да бар. Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері Гауһар Жұмабекқызының айтуынша, 30 артық жалпы білім беретін мектептерден оқушылар қатысып, өз білімдерін сынға салды. Жыл сайын «Жарқын болашақ» олимпиадасы 23 ақпанда өтетін. Биылғы жоспар аяқ астынан өзгеріп ертерек өткізіп отырмыз. Дегенмен, оқушылар үлкен дайындықпен келген. Оқушылардың сапалы білімі мектептегі ұстаздардың қажырлы еңбегінің арқасы,- дейді.
«Тілші әдебиетшілер» бағыты бойынша оқушылар 100 сұрақтан тұратын тест жазды. Оқушылар бұл сұрақтардың 80-85 % пайызына жауап берді.

«Әнші-бұлбұлдар» номинациясынан «Дарын» мектебінің оқушысы Иванков Андрей ерекше өнерімен көзге түсіп, музыкалық мектепке шақырту алды. Алдағы уақытта облыстық байқауға қатысады, дейді Гауһар Жұмабекқызы.

«Жас ғалымдар» бағыты бойынша 9 жоба, 11 оқушы қатысып, Қазақ мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Қанағат Қарлығаш І орын алып, жүзден жүйрік атанды. Қарлығаш алдағы уақытта облыстық байқауда өз бағын сынға салады. Қанағат Қарлығашты дайындаған ұстазы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтай Солтан. №4 орта мектептің оқушысы Вербило Марияның қазақ тіліне деген құштарлығы мен оған деген құрметі қазылар алқасын таң қалдырыпты. Дегенмен, Мария ІІ орынды еншіледі. Бағы мен бабы қатар шабатын өзге ұлттың қазақ тіліне көрсеткен қамқорлығы кез келген қазақ баласын шаң қаптырары сөзсіз. Сөйтіп, 5 аталым бойынша өткен «Жарқын» болашақ республикалық олимпиадасының қалалық кезеңі өз мәресіне жетті. Қалалық кезеңде оза шапқандар облыстық кезеңде бәйгеге қосылатын болады.

Көкбасқызы Жазира,
СҚО,
Қызылжар қаласы.
«Білім айнасы»

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.