Home » Жаңалықтар » Білімді шәкірттер – облыс мақтанышы

Білімді шәкірттер – облыс мақтанышы

Қостанай қаласында 25-30 наурыз аралығында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадада Батыс Қазақстан облысының оқушылары командалық есеп бойынша ІІ орынға қол жеткізді.
Республикалық деңгейдегі білім додасында жерлестеріміз екі І орын, бес ІІ орын және алты ІІІ орындарды иеленген. Бір ғана Оралдағы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінен қатысқан үш оқушы да жүлделі орынды еншілепті. – Томирис Айшенова есімді шәкіртіміз – орыс тілі мен әдебиеті пәнінен, ал Диана Айболатова – адам және құқық пәнінен екінші орындарды иеленсе, Жансая Алиева қазақ тілі мен әдебиетінен үшінші орынға қол жеткізді.
Осылайша қыздарымыз биік тұғырдан көрінді. Дайындықтары жоғары шәкірттеріміз соңғы үш жылда түрлі білім байқауларында облыс намысын қорғап келеді, – деді мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Елемес Қадыралиев. Адам және құқық пәнін болашақтағы таңдайтын мамандығымен байланыстырғысы келетін мектеп шәкірті Д.Айболатова:
– Олимпиадада бұл пән бойынша 39 үміткер өз білімдерін сынға салды. Өз білімімді алдағы уақытта өз арманыммен ұштастырып, жақсы маман иесі атанғым келеді, – дейді. Ал А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының оқушысы Әсия Зұлқарнаева мұндай шараларда білім ордасының намысын қолдан берген емес. Бұл жолы үздік шәкірт қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жүлделі орыннан көрінген. – Кезекті жетістігіме де қуанып тұрмын. Осы олимпиаданы ұйымдастырушыларға, облысымыздағы «Дарын» қосымша орталығының мамандарына алғыс білдіремін. Мені қолдаған ұстаздарым мен отбасыма шексіз ризамын. Биыл 11-сыныпты бітіремін.
Арман қала Алматыға оқуға барып, журналистика саласы бойынша жоғары білім алсам деген алға қойған мақсатым бар, – деді ол. Сырым ауданына қарасты Жырақұдық орта мектебінің 11-сынып оқушысы Орынбек Нұрпейісов те Қазақстан тарихы пәнінен өз білімін дәлелдеп қайтты. – Үш турдан тұратын білім сайысында 93 балл жинап, 3-орынды иелендім. Әрине, республикалық дейгейдегі олимпиада болғандықтан, салмағы басымдау. Бірақ өзімнің мектепте меңгерген білімімнің арқасында жүлделі орынға қол жеткіздім, – деді жүлдегер шәкірт.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерден алған білімдерін сарапқа салып, үлкен жетістікпен оралған батысқазақстандық ұл-қыздар облыстағы білім көрсеткішін оңды жағынан еселей түсті. Бұл – бірінші кезекте ұстаздардың өлшеусіз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.