Кеншілер шаһары атанған Қарағанды жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Өндірісі ғана өркендеп қоймай, білім, ғылым саласы да қарқынды дамуда. Оған дәлел түрлі білім сайыстарына қатысушы, ғылыми жобалармен жұмыс жасаушы оқушылар қатарының артуы. Жыл сайын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан оқушылар республикалық олимпиадада бақтарын сынайды. Ал бұл деңгейге шығу үшін мектепішілік және қалалық кезеңдерден сүрінбеу шарт. Биыл 80 білім ұйымынан 1617 оқушы өз мектептерінде жеңіске жеткен. Соның ішінен 222-сі қалалық кезеңде жүлдегер атанды. 2018 жылғы 02 ақпанда сол дарынды балалар мен олардың ата-аналарын қала әкімінің дипломымен әкім орынбасары Ирина Любарская марапаттады.
«Біз бүгін қалалық, облыстық кезеңде жеңімпаз атаңған оқушыларды марапаттамақпыз. Сондай-ақ, бүгін балаларының интелектуалды дамып, жан-жақты болулары үшін педагогтарға көмек көрсетіп жүрген ата-аналарға да алғыс айтпақпыз. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен медальдар табыстай отыра, жастарымыз Қарағандының атын биік міңберлерден көрсетеді деп үміт етудеміз. Ол үшін жергілікті атқару органдары қолдарынан келген қолдауды көрсетіп келеді», — деді өз сөзінде Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина Любарская.
Айта кету керек, қалалық олимпиада кезеңінде бағы жанған озық ойлы оқушылар арасында 2018 жылдың 5-6 қаңтарында 15 жалпы білім беру пәндері бойынша Республикалық олимпиаданың III (облыстық) кезеңі өткен болатын. Сол білім сайысына түскен 68 оқушының 54-і жеңімпаздар және жүлдегерлер атанды. I орынға ие болған пән олимпиадасының жеңімпаздары облыс командасы құрамында Қостанай және Атырау қаласында өтетін Республикалық сайыста Қарағанды намысын қорғайтын болады.
Әсел Құсайынқызы,
«Білім айнасы»,
Қарағанды облысы