Home » Тұлға » Білімді биік тұтқан данагер – Шәкәрім

Білімді биік тұтқан данагер – Шәкәрім

Мен өтермін, кетермін,
Жоқтарсың мені бір кезде.
Кім айтады мен айтпай,
Сендерге енді уағызды,-

           деп тасқа ойған белгідей, жүрегінен сәуле болып шыққан өлеңдерін белгілі ақын, философ Ш. Құдайбердіұлы бізге аманат ретінде қалдырған еді. Бұны айтып отырған себебім 2018 жылы елге елеулі, халыққа қалаулы болып нұр сепкен Ш. Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толғалы тұр.

ЮНЕСКО шеңберінде мәдениет саласы бойынша салалы құрметке қол жеткізуімізді ескерсек, ол біздің әлемдік үрдісте санатқа қосылғандығымыздың айғағы.

«Ескермесек өз ерлерімізді, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген алмас тілді І. Жансүгіровтің айтқан даналық сөзін ескеріп биылғы жылды Ш. Құдайбердіұлының жылына арнауды орынды деп білемін.

Кезінде белгілі ақын Гете «Ақынды танып білу үшін оның туып өскен Отанын, шығармаларын білу керек» деген екен.

Осы бір өсиетті басшылыққа ала отырып, менің сіздерге Ш. Құдайбердіұлы туралы қысқаша деректер ұсынғым келіп отыр.    

Жан-жақты, дара тұлға жастайынан әкесінен айырылып, ұлы атасының, Құнанбайдың тәрбиесінде болады. Ол жайында Шәкәрімнің өзі: «Мұтылғанның өмірі» деген поэмасында былай деген еді. «Мен пақыр әкем өлген соң, ұлы атамыздың тәрбиесінде қалып, жетімді сылтау қылып, ойыма не келсе соны істеп ғылымсыз өстім. Әйтсе де түркі танып, орысша хат танып қалдым»-дейді.[1] Жастық кездің желіктерін ол кейін өкіне еске алады. Алайда, ол білім-ғылымның қадір-қасиетін кештеу болса да терең түсініп, өз бетімен оқып, үйреніп, рухани қазыналарға көп үңілген. Өз елінің сөз мұрасына қоса, басқа жұрт асылдарын меңгерген Шәкәрім Абай мектебінен өтеді, оның ақыл-кеңестерімен өлең шығара бастайды. Оның сауатты да сергек өсуіне ұлы Абай қамқорында болуы қатты әсер еткен. Білімді биік тұтқан Шәкәрім Абай аясында саналы, талантты ақын болып қалыптасты.

Шәкәрім өнерінің есею жылдарында өз бетімен білім өрісін кеңейтті, бірнеше тілдерді меңгерді. Мысалы: араб, түрік, парсы, орыс тілдерін терең біліп, қазына қорын кеңінен молайтты. Осы тілдердегі шығармалардың кейбірін қазақ тіліне аударады.

Қазақтың түбі қайдан шыққанын ғылыми дәлелді, тарихи деректі негіз етіп Абайдың нұсқауы бойынша, тарихшы ғалымдардың, оқымысты жазушылардың сол кезде қолы жеткен кітаптарын зерделеп оқып, терең зерттеп ұзақ жылдар бойы біліміне – білім, ойына – ой қосып, мол мағлұмат жинап, тұңғыш шежіресін жазды. Бұл – Шәкәрім біліктілігі.

Шәкәрім – көреген адам.

Шәкәрім Батыс Еуропа мәдениеті мен әдебиетіне, діні мен философиясына күш салған. Атап айтқанда, Гомер, Софокльден бастап Гете, Байрон, Бичер-Стоу шығармаларын оқып біледі, аударады. Ал классиктерінен Даль, Радлов, Лев Толстой, А.С.Пушкин, Крылов шығармаларын оқып, тәржімалайды. Шебер аудармашы адам баласы қауымына аудармалардың ортақ игілік екенін дәлелдеді.

Атап айтсақ: Пушкиннен «Дубровский», «Боран» повестерін, Крыловтан «Ақылшы торғай», «Бояулы суыр» т.б.мысалдарын, Л.Толстойдан «Насихат», «Тойымсыз нәсіп», «Талап пен ақыл» өлеңдерін аударып, рухани қазынаға енгізген.

Шытырман қайшылыққа толы қоғам өмірінің қатпарына еркін бойлап таланты шалқи түскен шақта Шәкәрім рухани тірегі – сүйеніші Абай ағадан айырылады. Енді ақынның айналасында ой-өрісі озық, дарынды адамдардың аз болғандығынан ерен тұлға бір сәт қоғамнан бөлектеу болуға бел байлады. Творчестволық ой адамына тыныштық керек боп, өз-өзімен болу үшін, жұрттың қысыр әңгімесіне қарамай өмірден тұжырымдарын жүйелеу үшін, саятқора аталатын қыстауда болады да:

«Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып,

Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып,

Елу бес жыл жинаған қазынамды,

Қашанда қорытам ойға салып»,- дейді. [2].

Жүрегі таза Шәкәрім ұрпақты жақсылыққа, әділеттілікке үндейді, білім-ғылым арқылы адамдардың сана-сезіміне, наным-іс әрекетіне әсер етеді.

Алаяқ, сұмдарға ерсең, болмас жолың,

Қазағым-ау, қаңғырып қайнар сорың,

Өнер-ғылым үйренсең еңбек етіп,

Мазақ болмай елдікке жетер қолың, — деп тұжырымдайды. [2].

Білімді биік тұтқан дана 1905-1906 жылдары көптен ойлап жүрген мақсаттарының бірі – Стамбул кітапханасына барып асыл мұраларды оқиды, тарих тереңіне үңіледі. Ел, жер көріп, халықтардың тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен танысу үшін Араб, Түрік, Еуропа елдерін аралайды.

Қаламы қарулы Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ прозасына үлкен үлес қосты. Ізденімпаз Шәкәрім тарихи, ғылыми философиялық шығармалар жазды. Атап кетсек, «Мұсылмандық шарты», «Мәңгі сөздер», афористік топтамалар, «Шын бақтың айнасы» тағы басқа туындылар да биік ойдың нәтижесі.

Дүниенің барлық көріністерін, адам өміріндегі мың алуан құбылыстарды бүкіл болмысымен, барлық жүйке-сезімімен қабылдай білген ақынның түйсігінде шек жоқ. Біз оның өлең ырғақтарынан өміріміздің жан ырғағымызды таптық. Бұл-ақындықтың ең қымбат қасиеті.

Қорыта келе айтарым, білімді биік тұтқан данагер оқу, өнер-білімді уағыздай отырып, оған да сын көзбен қарау керектігін айтады. Шын ғылым, нағыз ғылым болады, соны тап та содан айырылма деп кеңес береді.

Ғылым, өнер жолына түскен елге өнеге айтар адамға ақын:

Адамдық борышың-

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да, білім мен өнер үйрен,- деген. [2]. Сондықтан біз де ақ жолдан айнымай, шәкірттерімізге терең білім мен сарқылмас өнер үйрете берейік. Бұл –біздің азаматтық борышымыз болсын.

                             Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Ш. Құдайбердиев. Шығармалары./Өлеңдер, дастандар, қара сөздер/,Алматы, «Жазушы», 1988ж.
  2. Шәкәрім. Өлеңдер поэмалар, Алматы, 1988ж Жалын баспасы.

С.С. Бралина,
С.Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-лицейінің жоғары дәрежелі мұғалімі,
Ақмола облысы, Көкшетау қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.