Home » Мақалалар » Білімдіге биіктен орын

Білімдіге биіктен орын

Білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, қанатының астынан талай дарынды түлек ұшырған, өмірдің кең сахнасына жас бүлдіршіндерді ерекше баптап баулыған, облыстағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі – ОҚО, Мақтарал ауданындағы Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия. Б. Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия облыс қана емес, бүкіл республикаға танымал білім ордасы. Танымал болуының да өзіндік себебі бар. Мектеп-гимназия соңғы 5 жылда 171 «Алтын белгі» мен 85 «Үздік аттестат» иегерін тәрбиелеп шығарған. Сондықтан да аталмыш білім мекемесі облыста ұстаздарының білімі мен асқан шеберлігі арқасында абыройы асқақтап тұрған мектептердің қатарында.

Оңтүстік Қазақстан облысының әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес  «Оқу үдерісін ақпараттық-әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің басшысы А. Панова, физика пәнінің әдіскері Г. Дуйсембекова, тарих пәнінің әдіскері М. Усенбеков және химия пәнінің әдіскері А. Керимбековалар 2017 жылдың 19-20 қазан күндері Мақтарал ауданындағы Б. Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясына арнайы барып, ұжымның үздік педагогикалық іс-тәжірибесін зерттеді.

Оқу ордасының іргетасы 1986 жылы қаланған. Қазіргі таңда мектеп-гимназияда бастауыш және дайындық сыныптар бойынша-993, 5-9 сыныптар аралығында-659, 10-11 сыныптарда 180 оқушы, барлығы 1832 оқушы тәлім алуда.

Ұжымда 107 мұғалім жұмыс атқарады, оның 63-і жоғары санатты, 20-сы бірінші, 16-сы екінші санатты болса, 8-і ғана әлі санат алмаған жас ұстаздар. Мұғалімдердің орташа апталық жүктемесі 23,9 сағатты құрайды.

Өмір – бұл ағын су секілді, бір орында тұрмайды, яғни жылдар жылжып, уақыт өтеді. Уақыт өткен сайын қай салада болмасын дүниенің бір жаңалығы орын алып жатады. Сол жаңалықты тосырқамай, жақсы-жаманын саралап қабылдау керек. Заман көші кімді де болса да өз ырқына бағындырып, өмірдің асау толқыны заманауи жаңалықтарға батыл шешім қабылдай білуге үйретті. Еліміздің білім саласына енген жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша  ваучерлік-модульдік жүйе іске асып келеді. Үш деңгейлі Кембридж технологиясы оқыту мен оқу үдерісінде өзінің оң шешімін тауып отыр. Мектепте осы мақсатта біліктілігін арттырып келген 21 педагогтің үшеуі III деңгейлі, тоғызы  II деңгейлі, тоғызы  I деңгейлі мұғалімдер.

Сонымен қатар, 2016-2017 оқу жылынан бастап еліміз мектептерінде жаңартылған білім беру бағдарламасы енгізілді. Жаңартылған білім мазмұнының негізгі мақсаты – білім стандартын әлемдік деңгейге жеткізу және білім алушылардың алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету. Орта білім мазмұнын жаңартудың көптеген компоненттері, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы осы мақсатқа бағытталған. Мектептегі жұмысты дұрыс жолға қою негізінде 2016-2017 оқу жылында білікті мамандар — Р. Өрнекешова арнайы курстан өтіп координатор, модератор сертификатын алса, М.Жанаева, Р.Набатов, Ұ.Бердишева, К.Қошқарбаева сынды мұғалімдер мектеп-тренері сертификатын алып, «Тәжірибелі рефлексия» курсы бойынша мұғалімдерді дайындап, куәліктер табыстаған. Білім саласындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін ұжымдағы әр мұғалім күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерді өз сабақтарына енгізіп отырады.

«Ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім жеке тұлғаны тек қана білімді де білікті педагог қалыптастыра алады» деген қағиданы ұстаным етіп отырған Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия директоры Өмірхан Жүндібайұлы Қозыбақ, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелейтін ұстаздар, сіздер ізденіс пен ілгерілеуден жалықпаңыздар. Балалар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс» деген сөзін үнемі мұғалімдеріне айтып отырады. Кез-келген ұжымның өркендеуі, биік белестерді бағындыруы бақылау мен басшылыққа тікелей байланысты. Басқару – бұл тек тәжірибе арқылы ғана үйренуге болатын өнер болса, оны мүлтіксіз меңгеру тек қана талантты адамдардың қолынан келетін іс. Білім беру ұйымын басқаруды тиімді ұйымдастыру мектеп басшысының теориялық, тәжірибелік, әдістемелік білім-білігімен бірге жеке басының сапалық қасиеттерін де қажет ететіні белгілі. «Мектепті ізгілікті басқарудың қуатты тірегі болып табылатындар: мұғалім мен оқушыға жасалған құрмет, оларға деген сенім мен көзқарастың біртұтастығы және басты назарды олардың тұлғасын дамытуға аудару. Сонымен бірге білім ұйымы басшысы, ең алдымен педагог, ұстаздардың ұстазы, өнегелі тәрбиеші екендігін ешқашан есінен шығармауы керек» — дейді Өмірхан Жүндібайұлы. Басшының қызметте жетістіктерге жетуінің басты көрсеткіштері – адалдық, ісіне деген жауапкершілік, еңбекте табандылық десек, осы қасиеттердің барлығы мектеп-гимназия басшысының бойынан табылады.

Мектептегі әдістемелік жұмыстарды жүйелі жүргізіп, жаңаша жоспарлау оқу-тәрбие үрдісінің сапасы мен мұғалімдердің шығармашылық деңгейлерінің артуына көп септігін тигізері сөзсіз. Б.Момышұлы мектеп-гимназиясында әдістемелік жүйе қалыптасқан. 13 әдістеме бірлестігі, 7 шығармашылық топ жоспарлы жұмыс жүргізеді. Әдістемелік жұмыстың жұмыс жоспары ғылыми негізде жүйелі құрылып, өз мақсатына жетіп жатса, мұғалімдердің ізденістегі жұмыстарында нәтиже болады. Мұғалім жұмысының нәтижесі шәкірттерінің жетістіктерімен анықталады десек, мектеп-гимназия оқушылары мектепішілік интеллектуалды сайыстармен қатар, түрлі аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен байқауларға қатысып, өз білімдері мен біліктілігін дәлелдеп келеді. 2013 жылдан бері Президенттік олимпиадада мектеп оқушылары аудан ғана емес облыс намысын қорғауда. 2016-2017 оқу жылында Д.Әбілқайыр  және С.Қанытбек Президенттік олимпиаданың аудандық кезеңінен өтіп, облыстық деңгейден Д.Әбілқайыр III-орынды, С.Қанытбек II-ші орынды иемденіп, республикаға жолдама алып, нәтижесінде сертификатпен оралса, биылғы жылғы Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінен 11-сынып оқушылары Қауынбай Алихан мен Қуат Сұлтан оқ бойы озық шығып, Теміртау қаласында өтетін Республикалық кезеңге жолдама алған. Сондай-ақ, «Республикалық ғылыми жобалар конкурсы» бойынша Н. Әдібай (жетекшісі О.Абдуллаева) III-ші дәрежелі дипломмен, М.Еркінбекқызы  (жетекшісі К.Шонбасова) «Яссауитану» байқауы бойынша III-ші дәрежелі дипломмен  марапатталды. Былтырғы оқу жылындағы пән олимпиадасының аудандық кезеңінен мектептің  6 оқушысы  I орынды, 10 оқушысы II орынды, 2 оқушысы  III орынды иемденген. Сондай-ақ мектеп-гимназияның көптеген оқушылары түрлі қашықтық олимпиадаларға қатысып, 470-і халықаралық деңгейдегі, 60-ы республикалық  деңгейдегі жүлделі орындарды иемденген.

Білім адами капиталдың ең басты құндылығына айналып отырған ХХІ ғасырда түлектерге қойылатын талаптардың негізгісі – интеллектуалдық даму деңгейі мен білімінің жоғары болуы. Бұрынғы ҰБТ форматы бойынша алынып келген сынақ білім сапасын көтеруге қызмет етті деп айтуға болады. Мұғалімдер бағаны жасанды көтеріп бағалауды қойды. Жоғары және арнаулы оқу орнына білім алушыларды қабылдау олардың білім дәрежесіне қарай шынайы жүрді. Өткен оқу жылынан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматқа көшіп, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бағытында «математикалық сауаттылық» және «оқу сауаттылығы» түсініктері енгізіліп, білім мазмұнына үлкен өзгеріс жасалды. Таңдау пәні екі пән болып, тест сұрақтары күрделендірілді. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуі – әлемдік бәсекеге сай білім беру, бүгінгі білім сапасына қойылып отырған басты талаптың бірі.

Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда білім бәсекесіне бітіруші түлектерді дайындаудың сара жолы мен бітіруші түлектер арасында позитивті бәсекелестік қалыптасқан. Жыл бойында білім сапасын арттыру ниетімен сынақ тесттері алынып, нәтижесіне сәйкес рейтинг шығарылып, жоғары көрсеткіш көрсеткен оқушылар ынталандыру мақсатымен марапатталып тұрады. 2016-2017 оқу жылында 70 оқушы мектеп бітіріп, олардың ҰБТ-дағы орташа балы 117,43-ті құраған. Позитивті бәсекелестік деп атап көрсеткендей, мектепті бітірген 5 сыныптың арасында бірінші орынға  121,72 орта балмен   республика деңгейінде жоғары нәтиже көрсете білген 11 «Ә» сыныбы көтерілген. Мұғалім еңбегінің еленгені болар сынып жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің жоғары санатты мұғалімі Өтегенова Дина Білім және ғылым Министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. II орынды 118,30 орташа балмен Аязбекова Рахима жетекшілік еткен 11 «Б» сыныбы иеленіп, бітіруші түлектері 100%   мемлекеттік грант иегерлері атанған. Сахиева Гүлжан  жетекшілік еткен 11 «А» сыныбы 115,55 орта балымен III орынды, Асқарова Гүлзинет  жетекшілік еткен 11 «Е» сыныбы 108,57 балмен IV орынды иеленген. Қорытындысында 61 түлек мемлекеттік грант иегерлері атанып, 2 бітіруші Ресейдің жоғары оқу орнына түскен. Мұндай жеңіс, ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістік, әрине төккен тер, шәкірті үшін жанын аямаған ұстаздар еңбегінің арқасында келері сөзсіз.

«ҰБТ – білімді тексерудің бір түрі, мектепте кешенді дайындық бағдарламасын жыл сайын оқу жылының басында құрып, сол бағдарлама негізінде жұмыстар жүргіземіз. Шәкірттеріміздің жеткен жетістіктері ұстаздарымыздың жыл бойғы еңбектерінің арқасы»-дейді директордың оқу ісі бойынша орынбасары Нұрзада Әлметова. Иә, айтса айтқандай-ақ түске дейін сабақ кестесі бойынша сабақтарын өткен ұстаздар да, оқушылар да түстен кейін дайындық жұмыстарын жалғастырады. Бізді де қызықтырғаны осы дайындық жұмыстары болатын. Бітіруші сынып оқушылары бірнеше топтарға бірігіп, түсінбеген тұстарын топтық жұмыс кезінде талқылауды әдетке айналдырған. Тест кітапшаларының кейбір нұсқаларын мұғалімдер өздері дайындайды. Мектеп екі жылдан бері Шымкент қаласындағы USTUDY тест орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Бітіруші сынып оқушылары да осы орталықтың кітапшаларының сапалы екендігін айтып отыр. Тест сұрақтары оқулықтардан дайындалатындықтан, 11-сынып оқушыларында төменгі сыныптың оқулықтарының болуы білім сапасын көтеруге зор пайдасын тигізеді. Дайындық сабағында отырған әр оқушының үстелінде тау-тау болып үйіліп тұрған кітаптарды көруге болады. Оған қосымша Шың кітабы, әр жылғы тесттер жинағы, қосымша жұмыс дәптерлері болғаны дұрыс екендігін де байқадық. 2016-2017 оқу жылында бітіруші сынып оқушыларынан 70-тен аса сынақ тест жұмыстары алынған. Әрбір сынақтың толық нәтижесі шығарылған соң, ата-аналарға таныстырылады. Қажет болған жағдайда балалармен жеке жұмыс жүргізіледі.

Бітіруші сынып оқушыларын сынаққа дайындауда сынып жетекшілері мен мектеп психологтарының жұмыстарын айтпай кетуге болмайды. Барлық сыныптың жетекшілері  әрбір оқушысына өз баласындай қамқорлық көрсетіп, сапалы дайындалуына барынша жағдай жасауға тырысады. Тіпті қажет болса, ата-аналарға баласының алдындағы жауапкершілігін сезіндіру үшін талап та қойып отырады. Баласы үшін осынша тер төгіп, барынша білім нәрімен сусындатуға тырысып жүрген мектеп ұжымына ата-аналардың айтар алғыстары шексіз.

ХХІ ғасыр идеялар мен инновациялық технологиялардың бәсекелестік ғасырына айналып тұрғанда, әлемді билеп тұрған «білім-ғылым-инновация» үштігіне бет алу – заман талабы екендігін түсінген ұжым мүшелері үнемі өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруға тырысады.

Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназия ұжымының әлі де талай биіктерді бағындыратынына көз жеткіздік. Біз де өз тарапымыздан «Ешқашан да ізденіс пен ілгерілеуден жалықпаңыздар, әріптестер!»- дегіміз келеді.

ОҚО ӘК бөлім басшысы Айгул Панова

Әдіскерлер Гаухар Дуйсембекова,

Марат Усенбеков, Айгерим Керимбекова

Шымкент қаласы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.