Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.
Абай Құнанбайұлы
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», – деген ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың даналық сөзін тілге тиек ете отырып, халық қамы үшін жасалатын ұлы істің бірі де бірегейі ұстаздық қызмет, жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру дер едім. Ұлы істің бұйдасынан ұстап жетелеп, бүкіл жұртшылық қауымды ілгері бастап келе жатқан әр білім беру саласы қызметкерлерінің қоғамда ойып алар өз орындары бар.
Бүгінгі білім беру саласының алдында тұрған басты міндет – креативті ойлай алатын, жан-жақты белсенді әрекет ететін тұлға тәрбиелеу. Бүгінгі таңдағы қоғам кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті мамандарды талап етеді. Білікті ұстаз, білімді маман болу үшін әрбір мұғалім өз білімін үздіксіз жетілдіріп отыруы тиіс. Білімін тұрақты көтеріп отыру – мұғалімдердің құқықтары әрі міндеттері, білім беру жүйесінің тұрақты дамуының кепілі, мемлекеттің дамуының құралы болып табылады.
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады», – деген К.Д.Ушинскийдің сөзі қоғамымыздағы қазіргі білім беру саласының алға қойған басты мақсатының дұрыс жолға қойылғандығын нақтылай түскендей.
Қазіргі заманғы ақпараттық технологияның ауқымды даму кезеңінде заман талабына сай мұғалімдерге қажетті дағдылар мен болашаққа деген көзқарастарын дамытуға көмектесу жұмысындағы нәтижесінің сапасын арттырудың негізгі бағыты – барлық оқу-тәрбие ісінде әрбір баланы жеке тұлға деп танып-біліп, жан-жақты қалыптастыруда талмай іздену мен жаңалықтан қалмау қажеттігін сезінуге жетелеу.
Қазақстанда және дүниежүзінің басқа елдерінде ендіріліп жатқан үздіксіз білім беру тұжырымдамасы кәсіби біліктілікті немесе кәсіби қайта даярлауды, соның ішінде мұғалімдердің де дайындығының сапасын көтеруді талап етеді. Мемлекеттік курстар оқыту ұзақтығына қарай қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді курстар, ал мазмұнына қарай жеке категорияларға арналған пәндік-әдістемелік, білім мазмұнын жаңарту, деңгейлік бағдарламалар бойынша өткізілетін курстар деп бөлінеді.
Сондықтан да қазіргі біліктілікті арттыру курстары мұғалімдерге жетекшілік, бағыт берушілік, ұйымдастырушылық, түзетушілік әрекеттерді үйрететінін ескере отырып, біліктілікті арттыру курстарының арасын ұзатпай, жиі өткізіп тұру қажет деп есептейміз. ҚР «Білім туралы» Заңының 51-бабы 2- тармағының 6-тармақшасына сәйкес педагог қызметкерлердің біліктілігін бес жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет арттырып отырса, құба-құп болар еді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында: «Басты мақсатымыз – Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуы, ол «Мәңгілік Қазақстан» идеясы, яғни еліміздің жаңа дәуірінің кемел келбеті», – деген болатын. Дамыған елдер қатарына ену үшін еліміздің болашағы жастардың қосар үлесі орасан зор болмақ. Бүгінгі жастар – «Мәңгілік елдің» болашағы. Ал сол ұрпақтың тәрбиелі де білімді болып шығуы мына біздер, яғни ұстаздар қауымының қолында. Ұстаздары қанша білікті, тәжірибелі болса, тәрбиеленушілері де білімді болып шығары сөзсіз. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу үшін барлық салаларға қатысты педагогикалық қызметкерлер әрдайым жаңа инновациялармен және технологиялармен дер уақытында қаруланып, заман талабына сай білімін жаңартып, біліктілігін арттырып отыруы тиіс. Әлемдік білім беру стандарттарына сай заманауи мектеп мұғалімдері үнемі уақыт талабымен үндесе отырып, сенімді нық қадам басуы қажет деп санаймыз.
Гүлнар Ибадуллақызы Исаева
Қызылорда қаласы №198 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі