«Назарбаев зияткерлік мектептері» мен Педагогикалық шеберлік орталығының Әдістемелік кеңесі ұсынған бағдарламасы бойынша «Педагогикалық шеберлік орталығы» мектеп тренерлерін даярлау курсы көптеген мұғалімдердің педагогикалық өмірінде ерекше орын алып отыр. Осы уақытқа дейін біршама мұғалімдер «Тәжірибедегі рефлексия» курсы аясында білімдерін жетілдірген болатын. Менің де курстан күткен үмітім мол болды. Жастайымнан балаларға саналы тәрбие мен сапалы білім беруді армандап, қиын да қызықты «мұғалім» атты мамандық иесі болғаныма қазіргі таңда қуанамын. Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген екен. Дәл осы қанатты сөздерді негізге ала отырып, алдыма қайтсем де осы мамандығымның биік шыңына жетемін деген мақсат қоя бастадым.
Барлық мұғалім атаулының алдында тұрған бір ғана мақсат – өз тәжірибелерін одан әрі шыңдай отыра, ынталы, сенімді, сыни – көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы тәрбиелеп, оқыту. Қазіргі кезде әлем жаңарып, қарқынды өзгеріп келеді. Әлем өзгерген сайын оның білім берудегі талабы да өзгереді. Сондықтан да «ХХІ ғасыр мұғалімі қандай болу керек, қандай білімді игерулері керек?» деген сұрақтар мені де толғандырған болатын. Осы курс аясында облысымыздың әр жерінен жиналған білікті 29 маманмен бірге тәжірибе алмаса отырып, Алматы қаласынан келген тренердің көмегімен оқу үдерісі қалай жүретіні және сапалы оқыту дегеніміз не екендігі туралы материалдар мен бағдарламаның жеті модулі аясында оқыту мен оқудағы жаңа әдіс — тәсілдерді үйрене бастадым. Тренерлік курстың негізгі мақсаты — тренер ретінде мұғалімдерді оқыту үдерісінде сол мұғалімдердің практикалық тәжірибелерін пайдаланумен қатар, жылдам өзгеріп жатқан әлемде өзіне сенімді және табысты болуға мүмкіндік беретін дағдылар мен түсініктерін дамыту және алған білімдерін өмірде қолдана алуға ықпал ету. Осы мақсатқа жету үшін екі апта бойы әр түрлі жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, топтық жұмыстың түрлерімен таныстым, тренингтер, сергіту сәттері, бағалау түрлерінің мол қорын жинақтадым. Болашақта тренерлік жұмысымның нәтижелі болуы – курс бағдарламасын жеткілікті меңгеруімізге тікелей байланысты болатынын жақсы түсіндім.
Айта кететін болсам жаңашыл, ХХІ ғасыр мұғалімі болу үшін керемет дарындылық иесі болу қажет емес деген пікірдемін. Балаға сапалы білім беріп, педагогикалық шеберлігін шыңдау – әр мұғалімнің өзінің қолында. Ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екенін ескере отырып заман өзгерген сайын олар да үнемі өзгеріп, ізденушілікте болып, жаңашылдыққа ұмтылып отырулары керек.
Қорыта айтсам, бүгінгі таңда оқытушы тәжірибесінің жемісті, нәтижелі болуына, танымдылық белсенділігі мен ізденімпаздылығын ынталандыруға септігін тигізетін оқу үрдісін ұйымдастырудың түрлі әдіс – тәсілдерін, әдістері мен нысандарын іздестіру – аса маңызды міндет. Жаңашылдыққа талпыну, іздену
арқылы басты мәселелерді жете біліп зерттеу, жинақтау, оны насихаттау, іске асыру оқу және тәрбие жұмыстарын онан әрі жақсарта берудің сарқылмас көзі. Бұл жұмысқа оқытушылар қауымы белсенділікпен қатысып, зор үлес қосуы тиіс. Сонда алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, талпынатын, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу – әрбір ұстаздың қолында!
Менің түсінгенім, жаңа заманның жаңа мұғалімін оқытатын тренерлер рухани тоқыраудан сақтанып, көп ізденуі керек. Себебі, олар мұғалімдердің болашақта білікті маман болуына зор үлес қосады, ал білікті мұғалімдердің болашақ ұрпақты тәрбиелеуде алдында үлкен жауапкершілік тұр. Яғни болашағын қамтамасыз ету әрбір мұғалімнің азаматтық рухани парызы мен борышы.
Рудный қаласы, «№19 орта мектебі»КММ
Директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары
Сулекина Нургуль Мырзашевна