Home » Мақалалар » Біліктілікті арттыру — тәжірибені жетілдіруге жетелейтін жүйе 

Біліктілікті арттыру — тәжірибені жетілдіруге жетелейтін жүйе 

Елбасы Н. Ә. Назарбаев өз Жолдауында «барлық әлем сияқты Қазақстан да жаңа білім беру әдістеріне көшуі керек», «отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдері мен құралдарын қарқынды енгізуі керек» деп атап көрсетті. Демек, біздің алдымызда Smart-технологияларды қолдану бойынша мұғалімдердің АКТ-құзыреттіліктерін қалыптастыру, педагогикалық әдістерді игеру негізінде балалардың ерте дамуы бойынша педагогтардың кәсіби құзыреттілігін дамыту, білім беру үдерісінің тиімділігін арттыруда жаңа тәсілдерді қолдану, колледждерде дуальдік оқыту жүйесінің іске қосылуы бойынша халықаралық тәжірибелерді зерделеу, модульдік оқыту жүйесі, оқушылардың жобалық және зерттеу дағдыларын дамыту, отансүйгіштік және көшбасшылық қасиеттерге тәрбиелеу міндеттері тұр.

Біліктілікті арттыру институтында оқытудан өткеннен кейін, мұғалімдердің кәсіби қызметінде қандай өзгерістер болғаны жөнінде ақпарат алу мақсатындағы кері байланыс күн сайын өз мақсатынан нәтижеге жетуде. Осы мақсатпен курстарды ұйымдастырудың сапасын, модулдік бағдарламалардың оқу мазмұнын, біліктілікті арттыру институттарының профессорлық-оқытушылық құрамының құзыреттілік деңгейін бағалауға, нақты тәжірибелік көмек көрсету үшін педагогтар қызметіндегі кәсіби қиындықтарды анықтауға мүмкіндік туғызатын көрсеткіштер зерттеліп, жаңа мүмкіндіктер жоспарланады.

Институттың профессорлық-оқытушылық құрамының күшімен дайындалатын білім беру бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендері  жыл сайын «Өрлеу» БАҰО» АҚ бастамасымен өткізілетін «Жаңартылған үздік бағдарламалар» мен «Үздік оқу-әдістемелік кешендер» байқауларына ұсынылады. Көрсетілген лептен демеу алған қысқамерзімді курстардың білім бағдарламалары  білім берудің басым бағыттарына, соның ішінде білім берудің жаңа философиясы,  білім берудегі құзыреттілік амалы,  корпоративтік басқарудың қағидаларын енгізу, білім беру менеджментін жетілдіру,  инклюзивті білім беруді ендіру,  заманауи жағдайда шағын жинақталған мектепте білім беру үдерісін ұйымдастыру,  үздіксіз білім беру жүйесінде оқу үдерісін педагогикалық-психологиялық қолдау, білім берудің нәтижесін бағалаудағы критериалдық бағалау,  үздіксіз білім беру жүйесінде Тәрбие тұжырымдамасын жүзеге асыру,  мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша Ұлттық жоспарды жүзеге асыру,  «Үш тұғырлы тіл» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жолдары,  ерте жастан және қарқынды оқытудың технологиясы мен философиясы, гуманитарлық білім беруде тиімді педагогикалық технологиялар мен қазіргі әдістемелерді енгізу, ғылыми-жаратылыстану және техникалық білім беруде тиімді педагогикалық технологияларды пайдалану,  «Өзін-өзі тану» пәні арқылы рухани-адамгершілік білім беру және т.б. арналып жасалынды.

Үстіміздегі жылы өткізілген курсаралық шаралармен (конференциялар, семинар-кеңестер, Шебер-сыныптар, тренингтер, пікірталастар, әдістемелік кеңестер) бірге институттың жедел жоспары негізінде әдістемелік іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді:

  • «Үштілді білім беру: ізденіс, проблемалар және даму болашағы» Халықаралық конференциясында әлемдік және отандық білім беру саласының қазіргі жайы мен болашағы талқыланды. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»  атты Жолдауында «Қазақстан әлемде жоғары білімді, халқы үш тілде де: қазақ тілін-мемлекеттік тіл, орыс тілін-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілін – жаһандық экономикаға нәтижелі өтудің көмекші тілі ретінде еркін меңгерген ел болып танылуы керек» деп көрсетілген тапсырмасын орындау мақсатында өткізілген  конференцияға Конфуций институтының, Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің, Іле педагогикалық университетінің,

Ақтөбе қаласы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің», облыстық қазақ-түрік лицейінің ғалымдары және үш жүзден астам облыс педагогтары қатысып, үштілділік мәселелерін ортаға салды;

  • -«Инновациялық тәжірибе-мектеп тәжірибесіне» республикалық жәрмеңке-байқауында сертификатталған мұғалімдер педагогикалық жобаларын ұсынды. Сертификатталған мұғалімдердің қызметін талдау білім беру үдерісі сапасының жақсаруында тұрақты динамиканы көрсетті:

білім беру ұйымдарының басшылары сертификатталған мұғалімдер ұйымдастырған сабақтардағы өзгерістерді жоғары бағалады. Олар бұл сабақтарда дамыта оқыту, ұжымдық, жеке, жұптық, топтық формадағы жұмыстар, формативтік және суммативтік бағалау белсенді қолданылатынын, дәстүрлі сабақтардан түбегейлі айырмашылығы бар екенін ерекше атап өтті;

  • оқушылар бойында оқуға деген ынтасы мен шығармашылық белсенділігі арта түсті, арнайы дайындалған тапсырмалар негізінде біршама күрделі ойлау формалары қалыптасады (талдау, синтез, бағалау);
  • бұл курстар сабақты жоспарлауда, сабақты өткізу формалары мен әдістерін таңдауда, жаңа педагогикалық технологияларды қолдануда тәжірибесі мен шеберліктері жетіспей жататын жас педагогтардың қабілеттерін ашуға көмегін тигізді, енжар педагогтардың белсенділігі артқаны байқала бастады;
  • мұғалім мен оқушының субъект-субъективтік қарым-қатынасқа өтуі жүзеге асырылды;
  • облыстық «Оқушыларды критериалды бағалау әдістері: хылықаралық зерттеулер, отандық тәжірибе» ғылыми-тәжірибелік конференциясында деңгейлік курстардан өткен мұғалімдер өз тәжірибесінің тиімді тұстарын ортаға салып, пікірлесу алаңында еркін араласты;

— «Білім берудегі инновация мен тәжірибе: уақыт талабы» тақырыбындағы ІІ Республикалық Педагогикалық оқуларға қатысқан педагогтер жүлделі орындармен оралды;

— «Өрлеу» БАҰО» АҚ тақырыптық жоспарына сәйкес, институт қызметкерлері    республикалық деңгейде әдістемелік құралдар шығарды;

— үздік әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, техникалық және кәсіби білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға аса көңіл бөлінеді. Дуальдік оқыту жүйесінің талаптарын ескере отырып, педагогтардың біліктілігін арттыру курстарында оқытудың белсенді құралдарын, формаларын қолдануы және оқу бағдарламаларының мазмұны мен олардың әдістемелік қамтылуы жаңартылуда.

ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық филиалымен, білім басқармасы басшысымен, жұмыс берушілер ассоциациясымен, колледж директорлары  қол қойған ынтымақтастық туралы меморандум нақты өндіріс саласының өндірістік базасында немесе кластерлік колледж базасында біліктілік арттыру курстарын өткізуге мүмкіндік берді;

— облыстық «Шуақты мұғалім-болашақтын жарығы» (Өзін-өзі тану пәні бойынша), «100 нақты қадам – жастар саясатының бағдаршамы», «Қазіргі педагогтың кәсіби дамуы: ізденіс және тәжірибе», «Үштілділікті дамыту – заманауи қоғам талабы», «Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудағы тьюторлық қызмет», «Мәңгілік Ел» – қазақ елінің жарқын болашағы», «Жаңа білімге заманауи  көзқарас», «Көптілділік – ақпарат әлеміне апарар жол», «Мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің жаңашылдығың дамытудағы инновациялық технологиялар», «Оқушыларға қиын жағдайда психологиялық кеңес беру», «Оқу үдерісіндегі денсаулық сақтау технологиясы», «Білім сапасын арттыру жолындағы деңгейлік бағдарламалар», «Ұлттық тәрбие және жаһандану», «Саламатты елдің салауатты жастары», «Гендер және білім беру: адам және қоғам», «Математика пәні бойынша үштілділік: оқу үдерісін ұйымдастыру және басқару», «Сәттілік шеруі», «Жаңартылған білім берудегі инновациялық үдерістер», «Тәрбиенің ең тамаша мектебі-мұғалімнің өзінен басталады» (Өзін-өзі тану пәні бойынша) тақырыптарындағы түрлі әдістемелік іс-шаралар «Мақсаттан- оң нәтижеге» қағидасымен өткізілді;

-қысқамерзімді курстармен бірге жаңартылған бағдарламалар бойынша курстар бастауыш класс мұғалімдеріне, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналып өткізілуде.

Біліктілік арттыру жүйесінде педагогтардың оқу қажеттіліктері нақты білімнің мәнін түсінуге, соның нәтижесінде өзіндік іс-әрекетке енуге және жеке өміріндегі тәжірибені жетілдіру мақсаттарына байланысты қалыптасады. Осы заманғы мұғалім оқуға үлкен потенциалдық мүмкіндіктермен келеді.

Сондықтан бүгінгі күні еліміздің білім жүйесінде оқыту үдерісін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнын қамтамасыз ету міндеті тұр.

Француз қайраткері «Адамға оқып – үйрену өмірде болу, өмір сүру үшін қажет» дегендей оқыту процесін технологияландыру, осыған сәйкес оқу бағдармаларын жасау, ғалымдар мен жаңашыл педагогтардың еңбектерімен танысу жұмыстары мұғалімдердің үздіксіз ізденісін айқындайды. Жаңа педагогикалық технологиялардың негізгі мәні-пассивті оқыту түрінен активті оқытуға көшу, оқу танымын ұйымдастырудағы бастамашылдығына жағдай туғызу, субьективтік позицияны қалыптастыру.

Білім сапасын арттыру және нәтижеге бағытталған үлгіге беталу барысында мұғалімдер мемлекеттік стандартта берілген нәтижелерге жетуде кәсіби шеберлікпен меңгерген зерттеу біліктері мен дағдылары нәтижесінде проблеманың шешімін таба алатын, ақпараттық – коммуникативті мәдениеті жоғары тұлғалық — дамытушылық функцияны атқарады. Қазіргі заман адамның осы құзыреттілікті меңгере отырып тек «кәсіби икемділігін оңтайландыруды қамтамасыз ету ғана емес, іске асырылу мүмкіндігін «үнемі оқып – үйрену және өзін-өзі жасау талабын қалыптастыра алады.

 

Рахатова Куляйм Жетписбаевна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының
«Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру» кафедрасының меңгерушісі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.