Ұлының да ұстазы бар. «Адамзаттың бірінші ұстазы» атанған Аристотель де грек философы Платоннан білім алған. Шәкірттік кезеңді ол да басынан өткерген. Ұстаздан үйреніп, ұлыларға жөн көрсеткен. Ендеше, сіз бен біз үлгі тұтар Алаш азаматтары да мектеп табалдырығын аттап, партаға отырғаны анық. Құрметті оқырман, танымал тұлғалардың қандай мектепте, қалай оқығанын білгіңіз келсе, апта сайын «Білім айнасы» сайтының «Сол мектептен шыққанбыз…» айдарын шолып шығыңыз.
Айдарымызда есімі тек иісі қазаққа емес, күллі түркі жұртына мәшһүр Мырзатай Жолдасбековтың мектебімен ашуды жақсы ырымға жорып отырмыз.
«Біз қалай адам болдық…»
Қаратаудың баурайында тақиядай Ақтөбе деген төбе бар. Бүгінде Жамбыл облысы, Талас ауданына қарайды. Менің ойымда, ол сақ көсемдерінің қорғаны. Түбінде Көктал деген өзен ағады. Көздің жасындай мөлдіреп ағатын өзен, жазда тасиды Біз жазда жайлауға сол өзеннің жағасына көшетінбіз. Мен дүниеге келген жылы қазақ халқының көсемдері, даналары шетінен ұсталып, қырғынға ұшырап жатты. Ел қасіретке душар болған-ды. Бір қазаққа емес, күллі түркі дүниесіне үлгі болатын А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Б.Майлин және М.Жұмабаевтан айрылдық. Батыстан ағайынды Досманбетовтер кетті, қайсыбірін айтайын… Қазақтың басына қара бұлт торлап, қайғы орнады. Біз оны Құдайдан тілегеніміз жоқ, Алланың жазуы болды.
Бала күнімде әкем: — «Ойыннан ешнәрсе шықпайды. Кел әкелеріңнің әңгімесін тыңда» деп өзімен алып жүретін. Жәкем Темір бидің шөбересі болғандықтан, қайда барса да жасының кішілігіне қарамастан құрметтеп, төрден орын беретін. Сол жақ тізесінде шынтақтап мен отырамын. Ол кісі көрші ауылда парторг болып жұмыс жасайтын. Кейде ойнап жүргенде «әкең шақырып жатыр» десе жүрегім су ете қалатын. Жәкем өзімен бірге қоржынына салып, бір бума газет әкеледі де, маған оқытады. Әріпті бес жасымда өзі үйретті. Газетті ежелеп оқысам, соған мәз болып отыратын. «Апасы, қара, балаң газет оқиды»,- деп марқаяды.
Мектепке 1943 жылы бардым. Азғантай ғана ағайын қоныстанған ауылдың мектебі де кішкентай еді. Ұмытпасам, үш-ақ сыныбы болатын. Кіре берісте үлкен дәлізі бар. Мен мектепке барғанда сыныптан-сыныпқа қалған өзімнен үш жас үлкен Шымыртай ағаммен бір сыныпта оқыдым. Оның оқуға ынтасы жоқ болатын. Өзімен қатар Шарықпан деген туыс ағам екеуі күнұзақ терезеге телміріп отыратын. Көкейлерін көрші ауылдағы көкпар тесіп, ойлары сонда ауады. Ағамды қанатыма алып, өзіммен бірге бастауыш сыныпты тамамдаттым.
Ауылда жөнді мұғалім де жоқ. Еңкейген қарт пен еңбектеген баладан өзге ешкім қалмаған қиын кез ғой. Өзіміздің хат танитын ағаларымыз сабақ береді. Мүгедек Қыздарбек Жұманов деген кісі оқытушымыз еді. Өзі сол мектепте тұрады. Мені староста етіп сайлап қойған. Сыныпты маған тапсырады да, «шуламаса болды, оқыта бер» деп тастап кетеді. Бірақ балалар маған тынышталсын ба?!.. Ішінде менен бірнеше жас үлкендері де бар. Содан бір мезетте ағайымыздың шешесі Бақтылы келеді. «Неге шулайсыңдар, Қыздарбек шай ішіп отыр. Тыныш отырыңдар» деп айқайлайды. Кейде «Қыздарбек ұйықтап жатыр» дейді. Ағайымыз келіп, сабақ өткен күнде де үстеліне сүйеніп, мызғып кететін.
Қыстың бір күнінде Бақтылы апа сыныбымызға итін, сиырын, бұзау, қашарын қамап қойыпты. Оның бәрі саралап, сыныпты бүлдірген. Содан Айтпанбет деген күйші көкеміздің Бейсенкүл деген бұзық қызы, біз Мартан дейтінбіз, жеңгесіне: «Ей, Бақтылы, мынау не деген сұмдық? Мына жерді қора етіп жіберіпсің ғой. Қайтіп оқимыз мына жерде» деп айғай салды. Бақтылы апам қайтсын ба, «сен бүгін қамаласың. Қыздарбек мұғалім болса, мен директор»,- деп шорт кесті. Біз бәріміз ол кісіден қорқатынбыз. Сабақ біткен соң кішкентай ғана екі терезесі бар бөлмеге Мартанды қамап қойды. Ол «апама айтыңдар» деп жылап қалды. Содан түгел сыныбымызбен беті шұбар-шұбар Болған апаға барып, қызының қамалып қалғанын айттық. Ол кісі адуынды әйел болатын. Қубас Бақтылыға басып, мектепке бет алды. Бәріміз кино көрердей соңынан ереміз-ау келіп. Хош. Сонымен қырдағы мектепте әліппе, ана тілі, математика пәндерін оқитынбыз. Әсия Бөпетаева деген жеңгеміз де мұғаліміміз еді. Ол кісі ешбірімізді атымызбен атай алмайды. «Үлкен қайнағаның баласы, ортаншы қайнағаның кенжесі, төре жігіт» деп төбесіне шығарып алатын. Ешкім дегеніне құлақ аспайды. Сапарқұл деген атамыздың Асан деген ұлы да біздің сыныптасымыз еді. Күзде жүгері піскенде әліне қарамай жиді ғой келіп. Содан ішін айдап, сабақ сайын, қолын көтереді де, «далаға шығайын» деп отыратын. Әсияның жібермегеніне қарамастан бір боқтап, шығып кетеді.
…Қалай адам болдық? Оқулық жоқ, дәптер жоқ, мұғалім жоқ, жағдай жоқ… Бір қаламды апам екіге бөліп, Шымыртай екеуімізге жіпке тізіп, қалта тұсымызға байлап қояды. Жоғалтып алмасын дейді де. Ал ағам сабақ оқымайды, қаламды ауызына салып, мүжіп тауысатын. Мен үнемдеп пайдаланамын. Кейін әскерден Қонысбай Назарбеков деген ағамыз келді. Бойшаң, денелі, сымбатты кісі болатын. Өзі бір өте қатал еді. Тыңдамаған бала болса, борды қақ маңдайына атып, тигізетін. Өзіміздің ағамыз болса да, жаман қорқатынбыз. Ол есептен береді. Мен есепке шорқақ болдым.
Оқитын кітап та жоқ. Ертегі тыңдаймын. Ауылда қисса оқитын Елемес деген ағамыз бар. Кішкентай темір сандығынан қиссалар алып, әуенмен оқитын. Арасында жұрт жалықса сырнайлатып жібереді. Есімде, «Мұңлық-Зарлық», «Қыз Жібек», «Баян Сұлу», «Мың бір түн», «Қобыланды», «Алпамысты» оқитын. Елемес жәкем мені Нұртазаның баласы деп жақсы көріп, жанына жақын тартып, сырнай тартуды да үйретті.
Совет одағында жетім балалар оқитын интернат болатын. Сонда оқу үшін 6-сыныпта ауылдан Қаратау қаласына келдім. Қала шетіне жеткен кезде қараңғылық та түсіп қалған. Қарасам, аспандағы жұлдыздар жерге түсіп кеткен сияқты. Бұл не керемет, не сұмдық деймін? Кейін біліп жатырмын, олар электр шамдары екен. Содан мектеп-интернатқа келіп, құжаттарымды өткіздім. Комиссия «қабылданбайсың» деді. Құжаттарымның арасында әкемнің қайтыс болғандығы жөнінде анықтама жоқ екен. Жан-жағыма қарасам мен сияқты бірнеше бала жылап отыр. Мен де отыра қалып жыладым. Кейбірін жақындары келіп әкетіп жатыр, мен табандап отырып алдым. Бір кезде комиссияның қақ төрінде отырған орыс әйел жанындағы қазаққа орысшалап «неге жылап жатыр?» деп сұратты. Мен құжаттарым арасында анықтамамның болмағанын айттым. Түн ортасы болғандықтан ол қолымнан жетектеп үйіне алып кетті. Бір қабатты жекеменшік үй екен. Отағасы сұсты кәріс болғандықтан біраз сескендім. Тура мен жатқан бөлменің терезесінен көше шамы бажырая түседі. Терезе жанына байланған ит те жиі-жиі арпылдап, берекемді қашырды. Әйтеуір, қорқынышпен сол түні ұйықтай алмай шықтым. Кейін біліп жатырмын, менің анамдай болған ұстазым Лилия Тимофеевна мектеп-интернаттың меңгерушісі екен. Ал оның күйеуі облыстық білім бөлімінің бастығы болып шықты. Лилия апай болған жайды жолдасына түсіндіріп, оның рұқсатымен мені мектепке қабылдады. Сөйтіп көзім ашылды. Қалаға келіп мұғалімді көріп, қолыма кітап алдым. Дәптер, қаламым болды. Интернатқа келгеннен кейін тура бір жұмақтың төріне келгендей күй кештім. Қарыным тоқ, көйлегім көк. Бәрімізге бірдей төсек, бірдей тамақ, бірдей киім берілді. Әйтпесе, мен 5-сыныпта шешемнің туған апасының баласының үйінде оқыдым. Сол кезде қолдан тігілген арты тесік шалбар киіп, ішер асқа жарымай жүретінмін.
Мектепте небір жақсы мұғалімдер сабақ берді. Орыс тілін Пак Павел Сергеевич, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқу ісінің меңгерушісі Айсұлу апай, зоология пәнін Абдуллаев деген ағай өтетін. Ол кісінің құлағы дұрыс естімейді. Балар келеке етеді. Тақтаға шығарады, ал өзі түк естімейді. Сабақ айтуға оқымайтын, білмейтін бала шықса, қалғандары оған «ауызыңды жыбырлата бер, бәрібір естімейді» деп кеңес қылады. Солай тентектер тақтада ауыз жыбырлатып сабақ айтқан болады. Сабақ біткен соң балалар «5», «5» деп айғайлап, ағайға «5» қойдырып алады. Мектеп-интернатты 1954 жылы бітірдім. Ол кезде Қазақстанның маңдайында жалғыз университет бар еді. Сол С.М.Киров атындағы қазақ мемлекетік университетінің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түстім. Солай ғылым-білімнің бел ортасынан бір-ақ шықтым.
Жазып алған Жазира ӘШІРБЕК