Home » Поэзия » Біз осы Шаһкәрімді білеміз бе?

Біз осы Шаһкәрімді білеміз бе?

Білгіміз келе берер білген сайын,

Білеміз бе, Шәкеңнің аты — жайын?

Әр атында өзіндік мағына бар,

Рұқсат болса, білгенімше тарқатайын:

 Зерделеп түйгенімді айтайын дөп,

Ғұлама, кемеңгерді таниды көп.

Абайға іні, Құнанбай немересін,

Азан шақыра қойыпты «Шаһкəрім» деп.

 

Жетімдікті көрсетпей ата — əжесі,

Өсірді оны ақылды ерке етіп.

Абайдан тəлім алған ойшыл жасты,

«Шəкəрім» деп атапты еркелетіп.

 

Ұзақ жылдар зерттелмеу жанға батты,

«Ақтың жолы — хақ» деген, таңы да атты.

Ғалымдар сөз қозғаса, жиі естиміз,

Мəртебелі «Шəкерім» деген атты.

Мəңгі жасау бұйырған керегімен,

Жыр төгілген дер едім жүрегінен.

«Мұтылған» деп өзіне қойса да ат,

Ұмытпас ел, көз жазбас тірегінен!

 

Қапаланды «жолсыз жаза» қамалында,

Болды ежеттес Мұқаңмен заманында.

Образы «Шұбардың» түрткі болып,

Сомдалған «Абай жолы» романында.

Жазықсыз жаламенен жаны іліккен,

Ғұмырының соңы өтті жоқ күдікпен.

Жатса-дағы отыз жыл құр құдықта,

Қайта оралған арыс – ол, зор үмітпен !

 

Төлеубаева Жанна Дәрібайқызы

№25 жалпы орта білім беру мектебінің

«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі

Павлодар қаласы

                                    


 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.