Келелі келешек білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан да сауаттылық озық елдермен үзеңгі қағыстырудың негізгі факторларының маңдайалдысы. Даму даңғылына жол түрген мемлекет бұл саланы қарыштатуға барынша басымдық бере түсуде. Елбасының нұсқауымен «томаға сыпырған» әртүрлі бағдарламалардың нәтижелілігі – соның айқын дәлелі.
Ел болып, етек-жең жинап, еңсе түзегелі бері еңсерген еңістеріміз ересен. Тарихи көзқараспен дөңгелектесек, аз ғана уақыт ішінде алуан асуларды артқа тастадық. Іргеміз бекіп, шаңырағымыздан береке күлді. Кешегі еңбегі қатпаған егемен ел бүгіндері әлемді аузына қаратты. Төраға болып, төрткүл дүниеге төрелік тыңдаттық. Жаһанның күн тәртібіндегі маңызы маңғаз мәселелерге үн қоса білдік. Мұның бәрі болашақтан төр сайлайтынымыздан әсте күдер үздірмейді. Мұның бәрі, әлбетте, тегеурінді мемлекеттігіміздің емеуріні. Ал, білім елді ілгері ілбітіп, адымын алшаңдата түсуде қашанда басты рөл ойнамақ. Білім – бәсекелестіктің айнымас алтын қазығы.
Елдің ертеңгі тізгіншілерін сапалы біліммен, саналы тәрбиемен қаруландыруды мақсат тұтады мемлекет. Осы себептен де айтылмыш мақсаттың іске асуы мүмкіндіктеріне барынша жол ашылуда. Тәуелсіздік жылдарынан бері жыл сайын емес, күн санап толықтыру мен өзгерту барысында болып келген білім реформалары тұрақтана бастағанына куәгерміз. Оқыту ошақтарының, оқушылар мен ұстаздардың оң жамбасына келген оңтайлылық артқанның үстіне артты. Көреген бағдарламалар іске қосылып, жасампаз бастамалардың тұсауы қиылды. «Теңіздің дәмін тамшыдан біл». Мәселен, ауылдық жерлердегі ұстаздар сапын көбейтуді күйттейтін «Дипломмен – ауылға!» жобасының берген, беріп жатқан жемісі қыруар. Сондай-ақ, жеделдік, бәсекелестік заманында өмір сүріп жатқандықтан, әлемдік стандарттарға икемделу, жаңаны жатырқамау керектігі санамызға сіңісті болып келеді. Бұл орайда да көп түйткілдің түйінін тарқатып, сандаған мәселенің басын шалатын қанатқақты жобалар жемісін бере бастауда. Бұл да, әзірге кей тұстарда қоғамдық пікірді екіұдай қылып келе жатса да, қалың бұқараға мәлім. Түрлі бағдарламалар арқасында білім мекемелері жаппай заманауи келбетке енді, сауаттандыру салтына соңғы үлгідегі жетік нормалар кірікті. Дәстүр мен жаңашылдықтың біте қайнасуы, оқушылардан бұрын, педагогтарды, біліктіліктерін аттырып, заман талабына бейімделуге итермеледі. Олардың тұрмыстық әлеуетін түзеу де үкімет қаперінен тыс қалып көрген емес. Ұлттық деңгейдегі осы басты талап оқушылардың да білім алуға деген жауапкершілігі мен ұқыбының ұлғаюына ықпалды бола түскенін аңғару қиын емес. Келешек кесек тұлға білім-өнермен ғана қалыптасатынын түйсінеді қазір олар.
Ұлт көшбасшысының әр жылғы Жолдауында, үндеулерінде ескерусіз қалып көрмеген білім саласын жетілдіру жөніндегі табыстамалары көңілге медет ұялатады. Жүйені жаңғырту, ізгілендіру мазмұнындағы жарқын мақсаттар айқындалып, салмақты тапсырмалар жүктелді. Тиісінше, ұлт үшін ортақ, көреген көксемелерге ақадал еңбекпен жауап қайтару – біздің борыш. Өйткені біз бақуатты болашақты тәрбиелейміз!
Күнтуар Балғин,
№27 орта мектебі, І санатты
музыка пәні мұғалімі
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы,
Оразақ ауылы