Жуырда Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Шәкәрім оқулары» ІІІ қалалық ғылыми конференциясын өткізді. Конференцияның мақсаты: оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына машықтандыру және оқушылардың зерттеу жұмыстарын насихаттау.
Конференция физика-математикалық, жаратылыстану, экономикалық, педагогикалық, инженерлік, аграрлық, гуманитарлық ғылымдар және информатика және ақпараттық технологиялар, филология бағыттары бойынша өткізілді. Еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген конференцияға 24 мектеп пен 15 колледжден жиыны 300 –ден астам жас зерттеушілер қатысты.
Ғылыми конференцияға қатысуға Семей қаласындағы физика –математика бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен 28 оқушы өтініш білдіріп, өздері әзірлеген 25 жобаны қорғап шықты. Конференция нәтижесі бойынша Ақерке Әсетованың «Оценка экологического состояния и риски использования грунтовых вод г.Семей», Алина Серіктің «Жеке кәсіпкерлік пен тауар сатудың интернет арқылы жүзеге асу тәсілдері» тақырыбындағы ғылыми жобалары ІІІ дәрежелі дипломға лайық деп танылды. Ал Тайыржан Қасенов пен Дияр Ильдартовтың «Семей қаласының туристік маршрутын анықтауға көмектесетін мобильдік қосымша құру» атты бірлескен, Маржан Сәлменбаеваның «The usage and types of English Irony», Арғын Ерғалиевтің « Бұлттардан электр энергиясын және суды алу» тақырыбындағы жобалары II дәрежелі дипломға ие болды.
Жақында ғана республикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар сайысында сарапшылардың жоғары бағасына ие болып, күміс медальға қол жеткізген Жансая Қанағатова мен Нұржан Бөдестің «Жартылай өткізгіштерді тұрмыста қолдану» атты еңбектері I дәрежелі диплом иегері болып танылды. Дәл осы дәрежеге мектебіміздің Назира Қадырова есімді тағы бір оқушысы қол жеткізді. Оның қорғаған ғылыми жобасы «Функции окказионализмов в современной казахстанской печати» деп аталыпты. Өз қатарластарынан қалыс қалмаған Дильназ Қапезова жаратылыстану ғылымдары бойынша «Исследование рН среды пищевого рациона как потенциального индикатора формирования раковых заболеваний» атты жобасын сәтті қорғап, ұйымдастырушылар тарапынан берілген екі Алғыс хаттың біріне ие болды.
Семей қаласындағы ФМБ
НЗМ баспасөз қызметі