Мектептегі Денсаулық күні – көңілді де сергекті спорттың күні. Оқушылар бұл күнді асыға күтеді, өйткені бұл күні олар әр түрлі спорттық сайыстарға қатысады, бойын сергітіп, таза ауамен дем алады.
А.Құнанбаев атындағы №6 жалпы орта білім беретін мектебінде қыркүйектің 5 жұлдызынан бастап денсаулық күндері бастау алды. Бұл күндері аталмыш шараға мектеп болып барлық сыныптар мен ұстаздар атсалысты. Денсаулық күніне өтетін іс-шараларға жоспар құрылып, жауапты адамдар өз іс-шараларын өткізді. Атап өтсем: волейбол жарысы, дартс ату, баскетбол, көңілді мәре, футбол, арқан тартыс, асық ату, пионербол, толағай сайысы. Аталмыш спорт түрлерінен оқушылар өз деңгейлерін, спорттық дайындықтары мен бейімділіктерін айқын көрсете білді. Жеңімпаз сыныптар мақтау қағаздарымен марапатталды. Бұл өткен іс-шаралар оқушылар денсаулығына, көңіл күйлеріне үлкен әсер етті және эстетикалық жағынан да зор ықпалы тиді деп ойлаймын.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты жолдауында: «Дені сау ұлт – жалпы ұлттық міндет. Салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау жұмысын жандандыру керек» – деп атап айтқан еді. Сол мақсатта мектебімізде жоғарыда айтылған іс-шаралар әлі де жалғасын табады. «Денсаулық күніне» спортты жанына серік еткен оқушыларға, ата-аналарға, ұстаздар мен сынып жетекшілерге алғыс білдіреміз.
Мағауов Ерболат Абайұлы
А.Құнанбаев атындағы №6 орта мектебінің
дене шынықтыру пәні мұғалімі