Home » Ашық сабақтар » Біздің атамыз майдангер

Біздің атамыз майдангер

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: «Жаратылыстану».

Білім беру саласы: Таным.

Мақсаты:

Білімділік: Майдангер аталарымыздың ерліктері туралы түсіндіру. Балаларға Отан қорғаушылар күні туралы мәлімет беру.

Тәрбиелік: Отанын, елін, жерін сүюге, қорғауға, сыйлауға тәрбиелеу.

Дамытушылық: Елі, Отаны, туған жері туралы ұғымдарын қалыптастыру, сұрақтарға толық жауап беру дағдыларын дамыту.

Көрнекілігі:Ұлы Отан соғысының батырларының  фотосуреттер, Мәңгілік алау макеті,соғыс құралдарының суреттері.

Әдісі: түсіндіру, көрсету, ой қозғау, әңгімелесу, баяндау, сұрақ-жауап, мақал-мәтел, өз бетінше жұмыс.

Пәнаралық байланыс: сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет, қоршаған ортамен таныстыру,қарапайым математикалық ұғымдарды  қалыптастыру.

  1. Кіріспе бөлім.

Үйымдастыру кезеңі;

Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Мен сендерді көргеніме қуаныштымын. Ендеше, бүгінгі сабағымызды бастайық.

Тәрбиеші: -Балалар, бүгін бізде ерекше күн, Өйткені, бізде ашық оқу қызыметі  Сондықтан, бізге
көптеген қонақтар қатысып отыр.

Келген қонақтармен амандасып алайықшы.

Шаттық шеңбері:

Арайлап таң атты,

Алтын сәуле таратты.

Жарқырайды күніміз,

Жайнайды гүліміз.

Қайырлы таң, қонақтар!

Қайырлы таң, балалар!

Сәлеметсіздер ме?

(шаттық шеңберді тәрбиешімен бірге қайталайды.)

ІІ- Негізгі бөлім:
Тәрбиеші әрекеті:

  • Балалар, осы мамыр айында қандай мерекелер бар? (Балалар мерекелерді атап өтеді.)
    Тәрбиеші:
  • Дұрыс айтасыңдар,балалар!

Балалар, бүгінгі сабағымыз осы бейбіт өмірдің құрбаны болған, ардақты  батырларымыз бен Отан үшін отқа түскен аға,апаларымыз туралы. — 9 мамыр- «Жеңіс күні» мерекесі. Біздің Отанымызды,туған жерімізді ержүрек ағаларымыз,апаларымыз сыртқы жаудан қорғап қалды. Жеңіс мерекесі елімізде жыл сайын тойланады. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» – деген  халқымыз. Отан үшін жанын қиған қанша біздің батырларымыз бар. Б.Момышұлы, М.Мәметова, Ә.Молдағүлова. (суреттерін көрсету).

— Балалар, сендерде осы апа-аталарың сияқты батыр болғыларың келе ме? Батыр болыңдар! Батыр болу үшін  ержүрек болу керек. Елді, жерді сүйе білу керек. Міне мына батырлардың суреті біздің Қалбатау ауылынан шыққан батыр аталарыңның суреті. Ол кісілер: Т.Тоқтаров, Қ.Қайсенов. Ә.Нұршайықов, Ә.Шәріпов,Шакенов.Қ. Искаков.Қ. Ландышев.И.М. Варепа.И.И. Карелин.П.Г.

Қалбатау ауылында да соғысқа қатысқан батырларға араналған ескерткіштер бар. (слайд көрсету). Осы Ардагерлердің ерліктерінің арқасында біз осы күнге жеттік. Біздің өз қалауымызбен еркін өмір сүріп,шаттана  күлгеніміз бәрі де осы Ұлы Отан соғысының жемісі.

— Енді, барлығымыз орнымыздан тұрып, соғыста ерлік көрсеткен ардагер аталаларымызды 1 мин үнсіздікпен еске алайық.

— Ал, балалар, ортамызда тұрған «Мәңгілік Алау оты» деп аталады. «Алау оты» ешқашан өшпейді, жанып тұрады. Алау отына ардагер аталарымызды еске алу үшін гүл шоқтарын қоямыз. Алдарында тұрған гүл шоқтарын «Алау отына» әкеліп қойыңдар. (әуен қосылады.).

— Балалар, кім Батыр аталарымызға арнап тақпақ айтады?

1.Нұрасыл.

Алақай-ай, әйгілі,

Тоғызыншы май бүгін.

Алғаш күні шаттықтың

Соңғы күні қайғының.

2.Ақнұр.

Жеңіс келді қалама,

Жеіңс келді далама.

Жеңіс келді» әке» боп,

Елдегі бар балаға.

3.Бекжан.

Жеңіс келді ән болып,

Келді ауылға дән болып.

Жеңіс келді, алақай,

Тоя жейтін нан болып.

4.Іңкәр.

Әлем бізді ұққан күн,

Жауды ініне тыққан күн.

Батыр атам алдымнан,

Әжем күліп шыққан күн.

5.Нұрмұхаммед.

Отан үшін от кешкен,

Өліммен де беттескен.

Омырауын оқ тескен,

Менің атам майдангер.

Тәрбиеші: Жарайсындар, балалар!

Тәрбиеші: Балалар, барлығымыз бір бой жазып, сергіту жаттығуын жасап алайық.

Сергіту сәті:

Орнымыздан тұрамыз,

Қолды алға созамыз.

Бір отырып,бір тұрып,

Қолды белге қоямыз,

Жоғары төмен қараймыз.

Алға бір адым,

Артқа бір адым,

Орнымызға отырамыз.

(Балалар сергіту сәтін қимылмен қайталайды.)

Дидактикалық ойын: «Гүл құрастыру»
Шарты: үстелдің үстінде гүлдің әр бөліктері жатыр.Әр бөліктің астында сандар бар, сандарда сұрақтар берілген.
Сұрақтар: Отан туралы жұмбақ жасыру.

Сандарды ретімен  құрастырғанда «Гүлдің» суреті шығады.

  • Мына құрастырған гүлімізді, бүгінгі Жеңіске жеткен аталарымызға сыйға тартайық.
  • Балалар, «Болашақ» тобының жас сарбаздарының «Жеңіс күніне» арналған нақыл сөздерін тыңдаймыз.

Аяулым:

Өз Отанын жан-тәнімен сүю-адамшылықтың асқар шыңы.

Адина:

Жауға жаныңды берсеңде, сырыңды берме.

Руслан:

Батыр елі үшін туады, улі үшін өледі.

ІІІ — Қорытынды бөлім:

Тәрбиеші: -балалар, сендерге сабақ ұнады ма?

— Иә.

— Несімен ұнады?

— Отан туралы, соғыс туралы және бейбіт өмір үшін күрескен,  батыр апа-аталарымыз жайлы білдік.

— «Алау Оты» дегеніміз не?

— Ол мәңгі өшпеді. Соғыс ардагерлерін еске алып,  ол жерге гүл шоқтарын қоямыз.

— Өте жақсы, балалар. Біздер соғысқа қатысып, батыр болмайық. Біз бейбіт күннің батырлары болайық. Ел үшін аянбай еңбек етіп, өз жеріміздің патриоттары болайық.

Балаларды бағалау, мадақтау.

 

Алыбек Назила,
ШҚО, Жарма ауданы, Қалбатау ауылы
КМҚК «Алтынай» балалар бақшасының тәрбиешісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.