Найзағай электр тогының таралуы тәрiздi физикалық заңдарға бағынатыны рас. Оның электр зарядтарынан тұратыны да белгiлi. Алайда найзағайдың ғылым заңдарына сәйкес келе бермейтiн тылсым қасиеттерi көп‑ақ. Мәселен, найзағай өзi түскен адамның сырт киiмiне тимей, iш киiмiн ғана өртеп жiберуi мүмкiн. Оның адамның бiр тал шашын қалдырмай күйдiрiп тастаған кезi де бар. Ендi бiрде найзағай адам қолындағы металл заттардың быт-шытын шығарғанымен, оны ұстаған адамға еш әсер етпеуi ықтимал.
Тағы бiр қызық құбылыс, найзағай әмияндағы қағаз ақшаны өртемей, оның жанында жатқан тиындарды бiрiктiрiп, күмiс тиынды алтынға, алтынды күмiске айналдыра алады. Ол бойжеткеннiң мойнындағы алқаны бойтұмарымен қоса жоқ қылып жiберiп, оның иесiнiң мойнында көпке дейiн кетпейтiн таңба-iзiн қалдыра алады. Найзағайдың адамды өлтiруi де әртүрлi. Ағаштың түбiнде жауыннан тығылып, найзағай ұрып кеткен адамның денесiнде сол ағаштың iзi қалған жағдайлар аз емес. Тағы бiр мысал. Ағаштың қалқасына жасырынған бiр топ адамды найзағай өлiмшi етсе де, олар тап бiр тасмүсiнге айналғандай қыбыр етпестен отыра берген. Бұларды тiрiге санаған адам әлгiлердi түртiп қалғанда, олардың денесi үгiтiлiп түскен. Найзағай адамды басынан аяғына дейiн балталағандай денесiн теңдей екi бөлiкке бөлiп тастауы да ықтимал. Ендi бiрде адамға тимей‑ақ оның киiмiн жыртып немесе өртеп жiбередi.
Найзағай бiр түскен жерiне қайта‑қайта түсе беретiн мысалдар жетерлiк. Мұны геологиялық, климаттық өзгешелiктермен түсiндiруге болады. Мәселен, Угандадағы Тороро елдi мекенiнде жылдың 251 күнiнде найзағай ойнайды. Ал бiрақ найзағайдың бiр адамға немесе бiр оқиғаға байланып қалуын қалай түсiндiруге болады?
Найзағай бiреудi бiр ұрғаннан жазым етсе, қайсыбiреулердiң соңынан өмiр бойы қалмайтыны тағы бар. Бұрынғы автотұрақ қызметкерi, америкалық Рой Салливанға найзағай жетi мәрте түскен. 1942 жылы жайдың оты оның башпайын күйдiрiп жiберсе, 1969 жылдың шiлдесiнде қасын сыпырып түсiрген. Тағы бiр жылдан кейiн тиген найзағай оның иығын күйдiрсе, 1973 жылы аяғын, 1976 жылы тобығын, 1977 жылы кеудесiн күйдiрiп жiберiптi. Бұған төзбеген Р.Салливан 1983 жылы өзiне-өзi қол жұмсайды. Ал болгарлық Марта Маикияның басында болған оқиға тiптi таңғаларлық. 1935 жылы Болгарияға саяхаттап барған американдық турист Рандольф Истман жауын астында қалыпты. Найзағай ойнап, күн күркiреп, дауыл тұрған соң ол жақын маңдағы М.Маикияның үйiне сұранып кiредi. “Дауыл бiткенше үйiңiздi паналайын” деген американдық бiр аптадан кейiн үйдiң иесiне үйленедi. Алайда арада екi ай өтер-өтпестен Р.Истман жайдың отынан қаза табады. Бiраз уақыттан кейiн Маикия Шарль Морто есiмдi французға күйеуге тиедi. Екi жас Испанияға саяхаттап барғанда Маикияның екiншi күйеуiн де найзағай соғып, денесiн екiге бөлiп жiбередi. Әбден күйзелген Маикия Софияға қайтып оралып, депрессиядан емделiптi. Артынша өзiн емдеген немiс дәрiгерiне тұрмысқа шыққан. Көп ұзамай бұл күйеуiне де найзағай түсiп, ол тiл тартпастан бақилық болды.Тiлсiз жау болғанымен, найзағай өзi соғатын адамды талғайтын секiлдi. Мәселен, ол жылқы мiнген адамға тигенiмен, жануарды мүлде жараламауы мүмкiн. Сондай-ақ бiр топ адамның iшiнен тек ер адамдарды немесе бiр кәсiп иелерiн ғана әдейi таңдап алғандай жазым етедi. Тiптi қаумалаған көпшiлiк арасынан ең бақытты немесе ең сұлу, қажет болса ең күнәһарға тиетiнi тағы бар. Айталық, Жапонияда болған сұмдық оқиғаның сырын әлi күнге дейiн ешкiм түсiндiрiп бере алған жоқ. Арқан тартып ойнап жатқан сынып оқушыларының тең жартысы жай отынан қаза тапты. Таңғаларлығы, найзағай жұп санда тұрған оқушыларды жазым етiп, тақ сандағыларға тимеген.
Найзағай қасиетiн зерттеген мамандар тiлсiз жаудың ақыл-есi бар болуы мүмкiн деген болжам жасады. Әйтпесе, оның табиғат заңдарына мүлде бағынбай әрекет етуiн қалай түсiндiресiң? Найзағай оты тисе де, денеде iз қалмай, ал мәйiт бұзылмаған қалпы сақталатын жағдайлар да аз емес.Кейде күшi өте қатты найзағай адам денесiнен лезде өте шығатындықтан, өлтiрiп үлгермейдi екен. Алайда бұдан тiрi қалған адамдарда түрлi ауытқулар байқалады. Найзағай басына тиген миссурилық Харольд Дин суықты мүлде сезбейтiн болған. Ал Берлин тұрғыны Гюнтер Лун алты таңбалы сандарды ойша оп‑оңай көбейте алады.
Техника ғылымдарының докторы, найзағай жөнiндегi маман Эдуард Базелянның айтуынша, найзағай ойнаған кезде еш уақытта биiк ғимараттар мен ағаштардың қалқасына тығылмау керек. Себебi найзағай көбiне‑көп биiк ғимараттар мен ағаштарға түседi. Сондай‑ақ найзағай кезiнде қолшатыр немесе қармақ ұстаған да қауiптi. Қалтадан металл заттарды түгел шығарып тастаған жөн. Ең маңыздысы, найзағай ойнағанда ұялы телефонды қолданбаған жөн. Телефоннан шығатын электр заряды найзағайды өзiне тартып алатын көрiнедi.
Булекбаева Гульмира Джаксылыковна
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Мақтаарал ауданы,
Жылы су ауыл әкімшілігі
Мырзашоқы елді мекені
«І. Жансүгіров атындағы № 28 жалпы орта мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
физика пәні мұғалім