Home » Балабақша » БОЛСЫН БАЛА ДАРЫНДЫ

БОЛСЫН БАЛА ДАРЫНДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауында айтылғандай: «Ғасырдағы экономикалық және әлеуметтік ұмтылыстағы негізгі ерекше күш – адамдар, олардың ерік-жігері, табандылығы, білімі». Олай болса, алға қойған мақсаттарды орындау үшін еліміздегі ақылды, ойлы, дарынды жастарымызды шығармашылық потенциалын жан-жақты өсіру қажеттілігі туындайды. Осы тақырыпта ой қозғау мақсатында Облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен № 32 «Қызғалдақ» санаториялық балабақшасының аясында «Дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру әдістері» тақырыбында облыстық әдістемелік семинар өтті. Оған Облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Г.Б.Дихамбаева, әдіскер А.Утегенова, қалалық білім бөлімінің әдіскері Г.А.Кенебаева, аудандар мен Қызылорда қаласының санаториялық балабақшаларының меңгерушілері мен тәрбиешілер қатысып ой бөлісті.

Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасатыны көпке  мәлім.   Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет деген Елбасы жолдауы көкейдегіні  дөп басқан. Осы  төңіректегі мәселелерді  тілге  тиек етіп семинар жұмысын ашқан  облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Г.Б.Дихамбаева бала тәрбиесіне байланысты көптеген жайларға тоқталып өтті. Мәселен, әрбір жұмысты жүргізу барысында педагогтардың шығармашылық ізденісте болып, инновациялық технологиялармен жұмыс жүргізу керек екені бүгінгі  заман талабы. Сондай ақ қазіргі білім беру үрдісінде түбірлі өзгерістер болып жатқанынан тәрбиеші  хабардар болуы тиіс. Бала  жанының бағбанының  басты міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған, дарынды, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.Оқу үрдісі уақыт талабымен қаншама өзгермесін, тек  педагог  қана оның мазмұнын бала санасына сіңіре алады. Сондықтан осындай  семинарлар арқылы тәрбиеші әдістемесін байыту  құптарлық. Семинарға  қатысқан  40 тан астам педагог үшін бұл күн табысты  болды  десек болғандай.

Балабақша  тәрбиешісі  Жусупова Қымбат «Ең үздік балақай» шоуын, тәрбиеші Кумекбаева Айнұр  «Не? Қайда? Қашан?» ток-шоуын,  тәрбиеші Шермұханбетова Шынар мен  хореограф Карибаева Лаззат, музыка жетекшісі Шерниязова Дина  «Күзгі балл» музыкалық композициясын, психолог Мұхиядинқызы Перизат «Мектепке дейінгі ересек топ балалардың дарындылығын анықтау және дамыту жұмыстары» тақырыбында дидактикалық ойын, тәрбиеші Беккулиева Бағлан «Қызғалдақтың алтын балығы» тақырыбында ертегі терапиясын  көпшіліктің назарына  ұсынды. Әсерлі, балаға  ұғынықты  дайындалған дүниелер семинар қонақтарының көңілінен шықты.

Семинар соңында балабақша меңгерушісі Алтынай Сахиқызы семинарды ұйымдастырған оқу орталығына, қатысушы педагогтарға  ризашылығын білідіріп, ұжымның әлде де жаңа технологияларды игеріп жұмыс жасайтынын атап өтті.

«Білім —  біздің болашағымыз». Сол болашақтың іргесі  балабақшада  қаланатынын ескерсек, осындай  жүйелі  жұмыстардың маңызы  зор.

Досимова Гүлзат Әбуқызы
№32 «Қызғалдақ» санаториялық балабақшасы
КММ әдіскері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.