Кез-келген адамның діттеген мақсатына жету үшін қажымас қайрат, адал еңбек, терең білімнің керек екені белгілі жәйт. Ал сапалы білім нәрімен сусындатып шөліңді қандырар ұстаз атаулының барлығы алдынан өткен шәкірттерін қаншама жылдар сырғып өтсе де естен шығармайтына таң қалмайсың!
Сондықтан да болар өңіріміздегі байырғы оқу орындарының бірінен саналатын Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі де өзінен ұшқан түлектерін үнемі мақтан тұтады. Себебі, оқу орнының атақ-даңқының артуы онда оқыған студенттердің санында емес, олардың қоғамнан өз орындарын тауып, ел сенімін ақтап, халық игілігіне адал қызмет еткені көңілді марқайтады.
Сондай мақтауға тұрарлық шәкірттеріміздің бірі Абуталипова Асемгуль. Ол колледж қабырғасынан «ұлттық мектептердегі қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі » мамандығында 2002-2005 жылдары оқыды. Студент Асемгуль колледжде оқыған жылдарда өзін тек жақсы жақтарынан көрсете білді. Үздік, үлгілі,белсенді студенттердің бірі болды десем артық айтқандық емес. Кез-келген пәнге алғыр, өжет Асемгуль қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты, әсіресе қара сөздің қадірін өздігінше жақсы түсінетін еді. Кейін қолына диплом алған сәттен бастап үлкен өмірдің парақтарын зор сеніммен аша бастады. «Ұстаз болу үшін диплом алу жеткіліксіз, оған қосымша өз халқыңның өмірін, тілін, рухани байлығын, арманы мен арын, бары мен жоғын, мінезі мен әрекетін білу шарт, соны білген адам ғана нағыз ұстаздық жолға түсе алады» ,- деген ұлағатты сөздің астарында үлкен мән бары рас.
Кәсіби еңбек жолын алғаш рет Федоров ауданы әкімінің Қоржынкөл ауылдық округінде мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу инспектор қызметінен бастаған Асемгуль өсу, өрлеу жолында өзгелерден даралана білді. Кез-келген қызметте жауапкершілік танытып, әкімшілік тарапынан да абыройға бөленді.
Ол ұстаз болу арман-тілегін орындау жолында түрлі мекемелерде қызмет атқарды. «Талпынған жетер мұратқа» демекші талай белесті бағындырған Асемгульдің еңбекқорлығын байқағандар мұғалімдік қызметке де шақыра бастайды. Бүгінде ол Әуликөл ауданының Құшмұрын орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Өз мамандығын мақтанышым деп білетін жас маман қолы қалт ете қалса қарымды қаламымен мақала жазуды әдетке айналдырды. Оның әдістемелік тұрғыда жазылған танымдық мақалалары облыстық және аудандық басылым беттерінде жиі жарияланып тұрады. Кәсіби тұрғыдан жеткен жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтар болсақ, «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» облыстық сайыста жүлделі екінші орынды , ал «Жырлайды жүрек» аудандық жас ақындар сайысында сайыскерлер арасында оқ бойы озық шығып 1- орынға ие болды.Сонымен қатар облыс әкімінің және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басшысының Алғыс хаттарымен арнайы маратталған. Міне бүгінгі менің кезекті кейіпкерім жас маман, қарапайым ұстаз Абуталипова Асемгульдің ұстаздық ұлы қызмет жолындағы қарапайым тыныс-тіршілігі осындай. Алда арманшыл Асемгулді әлі талай алар асулар мен бағындырар белестер күтіп тұрғаны анық. Колледж осындай шәкіртімен үнемі мақтанады. Болсыншы түлектердің бәрі осындай!!!
Жайлаубаева Индира Жұбатқанқызы
Ы.Алтынсарин атындағы
Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің
арнайы пәндердің оқытушысы
Қостанай облысы, Рудный қаласы