Home » Менің ұстазым » Болсашы бәрі осындай ұстаздардың…

Болсашы бәрі осындай ұстаздардың…

  Қазақ мектебінің болашағы туралы М.Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» деп айтып кеткенде тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихи әлеуметтік, мәдени рухани болмысын дамытуға, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі зор. Жалпы балалар, ұстаздардың еңбегін тек оқушылар ғана бағаламаған, олардың алдында ұлы жазушыларда бас иген.

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.

Сондай тамаша ұстаздың бірі Түркістан ауданы, Келес ауданына қарасты №107 Абай атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Әріпбаева Рахия апайым деп білемін.Әрқашан да Рахия апайдың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай көрінеді маған. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!

Сонымен бірге Рахия апайдың бастауыш сыныптар арасындағы мектепте жүргізілетін іс-шаралардың барлығына дерлік белсене араласып жүргенін көрем қашанда.Сонымен қатар аудандық, облыстық бірнеше дүркін марапат иесі.

Рахия Тешебайқызының тәлімгерлік тәжірибесі де мол. Мектебімізде бастауыш сынып циклын басқаратын оның жанынан әріптестері де үйіріліп шықпайды: тәлімгерден тағылым алып, әдістемелік көмек сұрайды. Әрдайым қол ұшын беріп, әріптестік ақыл-кеңесін айтып отыратын Рахия Тешебайқызын олар үлгі тұтады.

Рахия апай жолдасы Ибрахым ағаймен бірге ұл-қыз өсірген бақытты отбасы. Бүгінде қызын қияға, ұлын ұяға қондырған ерлі-зайыпты немере сүйіп, ата-әже бақытына кенелуде.

Ұстаздықтан өз бақытын тапқан асыл жан Рахия Тешебайқызының бүгінде зейнет жасына жақындап қалды. Өмір өрнектері осылай өрілген ұлағатты ұстаздың жетістіктері мен бағындырған белестері өзгелерге өнеге боларлықтай. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дегендей, мен де Рахия апайдай ұлағатты ұстаздан мол тәлім-тәрбие, үлкен өнеге алуға тырысамын.

Осы асыл жанға зор табыстар, шәкірт тәрбиелеуде қанаты талмасын деп тілеймін.

 

 

Жазықбаева Махаббат Амирханқызы,

Түркістан облысы, Келес ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.