Жаһандану заманында жаңартулар мен заманауи өзгерістер шеңберіндегі білім берудің мақсаты әлемдік сапа деңгейіндегі жаңа инновациялық білім кеңістігін кұру және жас ұрпақты жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде адамгершілікке тәрбиелеу болып табылады. Қоғамдық қажеттілік пен тарихи кезең жүктеп отырған бұл мақсаттың жүзеге асырылуы білім алушылардың өзіндік ұлттық санасы, азаматтық айқындамасы, интеллектуалдық ой-өрісі, жауапкершілік сезімі, жалпы мәдениеті және шығармашылық қабілеттеріне байланысты екендігі сөзсіз. Сол себепті бүгінгі оқыту үдерісінде колледж студенттерінің өзін-өзі тануы, өзін-өзі дамытуы, өзін-өзі басқаруы және өзін-өзі іске асыруы – олардың әлеуметтенуіндегі стратегиялық бағыттардың бірі деп саналады.Өмірде оларға өз орнын, өмір жолдарын дұрыс таңдаттыруға тырысуымыз керек. Мына алмағайып өмірде өздерін жоғалтып алмас үшін, алдына айқын мақсат қойып, қоршаған ортадан тек жақсы мінез-құлық, тәрбиені, адамгершілікті үйренуге әр шәкіртімізді дағдыландыруымыз керек. Елімізде 2010-2011 жылдардан бастап «Өзін-өзі тану» пәнін жаппай енгізу жүзеге асырылуда. Ол білім беру ұйымдары оқу жоспарларының инвариантты бөліміне қосылған. «Өзін-өзі тану» пәні адамға шынайы бақытқа, өмірлік қанағаттану мен ішкі тыныштыққа жетуге мүмкімдік береді, мінездің кемелденуін және тұтас үйлесімді тұлғаның дамуын қамтамасыз етеді. Өзін-өзі тану пәні жас ұрпаққа адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы, халықтық педагогика әдістеріне және жалпы адамзаттық құндылықтарға оқытудың дүниежүзілік тәжірибесіне негізделіп құрылған. «Өзін-өзі тану» оқу пәні ретінде тұлғаның тиімді әлеуметтенуіне ықпал етеді, тұлғаның адамгершілік негіздерінің қалыптасуы, рухани өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасауда негізгі рөлді орындауға бағытталған. Колледждегі «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім берудің басты мақсаты – болашақ мектеп мұғалімдерін құндылық және адамгершілік идеалдарға баулу, студенттердің өзін оңды қабылдауын қалыптастыру, адамның жоғарғы мақсаттарын түсінуін іске асыру. Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде студенттердің бір-бірімен қарым-қатынасын жақсарту негізінде оларды адалдыққа, достыққа, шыншылдыққа, адамгершілікке, тәрбиелікке үйретуде де бұл пән ерекше рөлге ие. Басты мақсатымыз -білім алушылардың айналасындағы адамдармен, қоршаған ортамен қарым-қатынас дағдыларын дамыту. Ал өзім және Б.Сапиев, А.Зайнуллина, А.Мухсинова сынды әріптестерім колледжде «Өзін-өзі тану» пәнінің мазмұндық-құрылымдық жүйесіне өзек болатын рухани-адамгершілік құндылықтарды үйретуде ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Олар халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, ділінен, тағылымдық ой-толғауларынан бастау алатындығын үнемі студенттер санасына сіңіруде. Себебі өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген бүгінгі студент, болашақта өзін-өзі қадағалап, сынап, өзін-өзі тәрбиелеуге, өмірден өз орнын табуға ұмтылады. Өзін-өзі танудың әр тақырыбы — қазіргі заманғы білім берудің мәні мен мақсатын анықтай отырып, адамды бүкіл өмір бойы белсенді жасампаздық әрекетке дайындайды. Өзін-өзі тануда білім берудің мәні белгілі бір сала бойынша білімді жинақтау емес екендігін түсінуді, адамның өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыруын, тұлғалық дамуына ұмтылысын жүзеге асыруды, шығармашылық белсенділікке, зияткерлікке, өзімен және өзін қоршаған ортамен үйлесімдікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Бүгінгі қатыгездік жайлаған қоршаған ортада қайырымдылық, имандылық туралы түсінік беру, студенттердің бойына рухани адамгершілік қасиеттерді ұялату басты бағытымыз. Оларды өз халқының салт-дәстүрінде негізделген адамдық асыл қасиеттерді ажырата біліп игеруге баулу. Әр күн сайын колледж студенттері пәннің болуын асыға күтеді десем қателеспес едім. Бұл пәннің өзге пәндерден айырмашылығы – оның өзіндік ерекшелігінде, өзіндік болмысының жоғары деңгейінде. Себебі, өзін-өзі тану пәнінде адамгершіліктің қайнар бұлағы, тағылымды тәрбиенің бастауы кеңінен орын алған.
Адам жүрегі әу бастан мейірім мен сүйіспеншілікке толы болып өссе ғана оның жүрегінде қиянатқа, жамандыққа орын болмайды. Бұл пән – адамның үйлесімді дамуына ықпал ететін рухани құнды дүние. Өйткені, адамгершілік тәрбиесі — мәңгілік, ол ешқашан да өз мәнін жоғалтпайды, өзгермейді. Адам бойына бірінші керек қасиет — адамгершілік деп білемін. Басты себеп сүйіспеншілік, мейірімділік, ізгілік, махаббат, жақсы ойлау сынды іс-әрекеттерде болса керек.
Адамгершілігі мол деп ақ ниетті азаматтарды айтар едім. Жақсы адам жан-жағына нұрын шашып қана қоймай, жетімдерге жұбаныш, әлсіздерге демеу болады. Дүниедегі жағымды нәрселердің бәрі адамгершілік ұғымы арқылы жүзеге асады. Осы қасиет арқылы жас та, кәрі де өзінің мақсат-мүддесіне, арман-тілегіне, болашақтан үміттенуіне сенім білдіреді деп ойлаймын. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі – адамдық тәрбие болып табылады. Ол тұлғаның қоғамдық бағалы қасиеттері мен сапалары, қарым-қатынастарында қалыптасады. Адамгершілік – қоғамдық сананың ең басты белгілерінің бірі болғандықтан, адамдардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарасымен сипатталады. Олар адамды құрметтеу, оған сену, әдептілік, кішіпейілдік, қайырымдылық, жанашарлық, ізеттілік, инабаттылық, қарапайымдылық т. б. Болашақ маманның өмірге белсенді көзқарасының бағыты колледж қабырғасында алған білімі мен тәрбиесі арқылы қалыптасады. Қазіргі таңда еңбек нарығы жан-жақты, білімді, шығармашылық деңгейі жоғары, әрекеттің сан алуан саласында өз білімі мен біліктерін қолдана алуға қабілетті, рухани-әлеуметтік өзгерістерге белсене араласып, оның талаптарын өз бетінше шеше алатын, ортаға бейімделгіш, үйлесімді дамыған маманды қалыптастыруды талап етеді. Білім беруде оқытудың белсенді әдістері мен оның жаңа технологияларын енгізу, білім сапасын көтерудің тиімді жолдарын іздеу секілді көптеген күрделі мәселелерді шешуді, оқушының өзін-өзі тәрбиелеуді тереңірек оқып-үйренуді қажет етеді деп ойлаймын. Сара Алпысқызы атап өткендей, «Әр баланың қабілетін ашуы, өзіне жол табуы, өзінің күш-жігеріне сенуі өзінің өмірдегі орнын анықтау үшін өте маңызды! Әлемде махаббат пен мейірімділік аурасын жасай отырып, қарапайымдылық пен махаббат жүректен жүрекке жетуі тиіс», яғни әрбір баланың, ата-ананың жүрегіне жылылық нұрын ұялатуда әрқайсысымыздың орнымыз ерекше.Ойымды қорытындылай келе, адам ақиқатты танып, сүйіспеншілікпен дұрыс әрекет еткенде, оның жан-дүниесінде ішкі тыныштық орнап, біреуге қиянат жасамаса, іс-әрекеті өз жемісін береді дер едім.
Жеңісгүл Ермекқызы Молдағалиева,
Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің
өзін-өзі тану пәнінің оқытушысы,
Орал қаласы, БҚО
Әдебиеттер:
1.С.А.Назарбаева «Келешек кемел болсын» // Халық кеңесі. 6 наурыз.
2.«Отбасы типтес балалар деревнялары және жасөспiрiм үйлерi» туралы Заң //Егемен Қазақстан. 12. 2000. №321.
3.»Өзін-өзі тану» Қазақстан Республикасы Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. «Бөбек»ҰҒПББСО. Алматы,
4.Б.А.Әрінова Жоғары білім беру жүйесіндегі «Өзін-өзі тану» оқу курсының гуманитарлық пәндер аясындағы интегративтік сипаты // Жоғары мектеп. 2012. №5. 246-251-б.