Home » Мақалалар » Болашақ мамандардың кәсіби тұлғалық салауаттылығын жетілдіру жолдары

Болашақ мамандардың кәсіби тұлғалық салауаттылығын жетілдіру жолдары

Мақалада болашақ мамандардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастыруда психологиялық салауаттылық тұрғысынан ұйымдастыру — студенттердің рухани және физикалық сәтті жағдайын қорғауға бағытталған психо-педагогикалық және санитарлық-гигиеналық негіздеріне сүйенген салауатты өмір салтының принциптерін жүзеге асыру қажеттігі қарастырылған. Сол себепті оқу үдерісін психологиялық салауаттылықты сақтау тұрғысынан ұйымдастыру студенттердің психо-физиологиялық денсаулығын сақтау мен нығайтуға тұрақты сұранысты тудырады. Осы орайда бүгінгі күні қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістерде жастардың психологиялық салауаттылығын сақтау мәселесінің өзекті екендігін көрсетеді.

Болашақ мамандарды  кәсіби тұлғалық күйзеліс жағдайында саналы түрде жеңуге үйрету үшін өздігінен инновациялық технологияларды пайдалануды дағдыландыру маңызды болып табылады.

Болашақ мамандардың кәсіби салауаттылық құзіреттіліктерін білім беру жүйесінде тәрбие технологиялары арқылы енгізу бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастырудың негізгі проблемаларының бірі болып табылады.

Қазіргі уақытта әлеуметтік экономикалық даму кезеңінде денсаулық сақтаудағы жеке тұлғаның рөлі көтерілуде. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан – 2050» жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда денсаулықты сақтаудың маңызы туралы және салауатты өмір сүру салтын дамытудың қоғам үшін аса қажеттігіне ерекше мән берген болатын.

Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша адам денсаулығының 78% ның психологиялық салауаттылығына байланысты екендігін көрсетеді. БҰҰ-ның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша психологиялық салауаттылық дегеніміз – адамның көңіл –күй қошының қоршаған ортаға ұмтылысымен, өзіндік «Мен» ұстанымдарының  қоғамдағы жат қылықтарға жол бермеуімен ғана емес, сонымен қатар оның физикалық, рухани және әлеуметтік жағдайының сәтті болуы.

Психологиялық салауаттылық оқу үдерісінің бір нышаны болып келеді. Ол білім мен тәрбие үдерісінде денсаулық сақтау технологияларында, денсаулық сақтау ортасын құруда, субъектілік іс-әрекеттің мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқытушылардың, тәлімгерлердің медицина қызметкерлерімен, әлеуметтік педагог, психологтармен бірлескен әрекеттерінде көрініс беруде. Десек те, оқытушылар психологиялық салауаттылық технологиясын үздіксіз не болмаса жүйелі қолданбайды. Арнаулы орта білім беретін оқу орындарында студенттер де өз денсаулығын қорғау, сақтау деген өзіндік траекториясы қалыптаспаған, көпшілігінің психологиялық салауаттылықты сақтау туралы білімдері төмен, қарапайым біліктері мен дағдылары қалыптаспаған.

Оқу үдерісін психологиялық салауаттылықты сақтау тұрғысынан ұйымдастыру  студенттердің психо-физиологиялық денсаулығын сақтау мен нығайтуға тұрақты сұранысты тудырады.  Осы орайда бүгінгі күні қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістерде жастардың психологиялық салауаттылығын сақтау мәселесінің өзекті екендігін көрсетеді.

Осы себепті де мәдениеттің барлық байлығын меңгерген, үйлесімді, адамгершілікті, өз қызығушылығын мемлекет мүддесімен ұштастыра алатын кәсіби құзіретті салауатты тұлға тәрбиелеуде болашақ мамандардың психо-физиологиялық болмысын сақтайтын, нығайтатын және дамыту үдерісі бастау алды.

Болашақ мамандарды кәсіби тұлғалық күйзеліс жағдайында саналы түрде жеңуге үйрету үшін  өздігінен инновациялық технологияларды пайдалануды дағдыландыру маңызды болып табылады. Одан күтелітен нәтижелер:

  • Студенттердің индивидуалдық мінез құлқына әлеуметтік педагогикалық сипатына тән психикалық ерекшеліктерін ескере отырып қарым-қатынас орнату;
  • Оқытушылардың өзінің жағымсыз көңіл-күйін студенттермен іскерлік қарым-қатынас орнатуға ықпалын болдырмау;
  • Іскерлік қарым-қатынаста педагогикаға жат сөздер айтпау;
  • Студенттермен бұйрық емес, өтініш деңгейінде қарым-қатынас жасау;
  • Оқу-тәрбие үдерісінде оқытушылар мен топ тәлімгерлері тарапынан студенттермен қарым-қатынаста дау-жанжалға жол бермеу;
  • Субъектілік әрекетте жеке тұлға пікірін сыйлау;
  • Қиын, қыңыр, қырсық студенттермен жеке-дара қарым-қатынас орнатып, олармен тіл табысу. Оның бірден-бір жолы – психологиялық ойындар, тренингтер т.б.;
  • Іскерлік қарым-қатынаста оқытушының студенттермен сенімділік іс-әрекетін орнату; қарым-қатынас сезімдік, танымдық, іскерлік болу қажет.

Қым-қуыт тіршілікте жұмыр басты пенде белгілі бір кезеңде психологиялық күйзелісті бастан кешіретіні аян. «Дәл қазір күйзелісте жүрмін» деген сөзді  он адамның тоғызы жиі айтатын болды. Бұрын-соңды мұндай сөзді құлағымыз шалмаушы еді. Ал қазір екінің бірі күйзелістік жағдайға душар болғандар. Әлем халқының 20 пайызы өмір бойы депрессиялық күйзелісте жүреді екен.

Күйзеліс — адамның психологиялық ауытқуы. Көбіне көңіл-күйі болмаған немесе қандай да бір қайғылы оқиғаны, жағымсыз кезеңді бастан өткерген адам күйзеліске  ұшырайды. Психолог-мамандардың айтуынша, әсіресе, күз, көктем мезгілдерінде адамдар күйзелістік күйге тап болады. Бір қызығы, әлемде әрбір жиырмасыншы адам қандай да бір депрессиялық күйзелісті бастан кешіреді екен. Америкалық мамандар күйзелісті «психологиялық тұмау» деп айдар таққан. Яғни, бұл дерт бүгінде қарапайым тұмау сияқты қаптап кеткен дегенді білдіреді. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында жыл сайын 15 миллион адам «психологиялық тұмауға» тап болады. Ал жаһан халқының 5 пайызы депрессиялық күйзелісте жүреді екен. «Күйзеліс — адамның өмір сүруге бейімділігін сипаттайтын жаһандық дерт» деген пікір бар. Ең қызығы жер-жаһанның миллиондаған адамы аталмыш дертпен бетпе-бет кездессе де, одан шығу жолын, пайда болу себептерін дөп басып ешкім айта алмайды.

Психологтар дерттен айығу үшін адам ең алдымен ішкі жан дүниесінің мәнін ашу керек дейді. Яки кез келген адам өз-өзімен тілдесіп, сұраққа жауап іздеуі тиіс. Күйзелістік күйге түскен адам тек өзіне ғана емес, қоршаған ортаға да кері әсер етеді, мұндай адамдар қоғамнан алшақтанып, алдамшы ғұмыр кешеді деген пайымды да алға тартып отыр. Қалай десек те, күйзеліс — дерт. Бірақ оны емдеудің сан түрлі әдіс-тәсілі бар. Шым-шытырық оқиғаға толы бүгінгі жаһандық қоғамда ішке енген «қара төбетпен» күресу заманауи адам үшін маңызды-ақ. Әйтпесе, жауапсыз махаббаттың ащы запыранын тартқан жастар да, ҰБТ-ны тапсыра алмай сан соғып қалған жасөспірімдер де, күнделікті күнкөріс көзінен айырылып, өмірінің мәнін жоғалтып, араққа салынған ерлер де намыстан қорланып, ақыр аяғында тәнін саудаға салған бойжеткен де, бір балаға зәру боп, Алладан ұрпақ тілеген ана да, баспанасыз далада қалған тұтас жанұя да күйзелісті жағдайды бастан кешіріп, күйзеліс атты әбжыланның аузына ілігуде. Бір қарағанда мұның барлығы өмірдің елеуге тұрмайтын сәті сияқты, бірақ зардабы мен салдары тым ауыр-ақ…

Жастар арасында кездесетін cуицидалды синдромның алдын алу жолдары:

Cуицидалды  синдромның (белгінің) диагностикасы алдын алуда маңызды рөл атқарады. Суицидалдық кезеңдегі тұлғалар жеке дара, топтық және (немесе) отбасылық психотерапияны қажет ететін адамдар. Ерекше тәжірибелік маңызға ие – балаларды өзін-өзі өлтіруге кедергі болатын факторлар талдауы. Оған жататындар: депрессиялық күйзелістер кезінде болатын психикалық  (жүйке) аурулардың болмауы; отбасындағы өте жақсы қарым-қатынас; нақты немесе формалды ойлау дәрежесіне жетпеген когнитивтік іс-әрекет; суицидті аз қабылдауға тырысатын мәдени және рухани-адамгершілік  факторлардың болуы және т.б.

Суицидалды әрекеттерді болдырмау: Жүйке зақымданған жағдаяттарда  психологиялық қобалжудан босату; суицидалдық мінез-құлыққа апарған әрекеттің себептің психологиялық тәуелділігін  азайту; мінез-құлықтың компенсаторлық тетігін қалыптастыру; өмір мен өлімге шынайы қарым-қатынасты қалыптастыру.

Суицидті анықтау: алдын алу. «Превенция»  (алдын алу) сөзі латынның «praevenire» –  «алдын ала білу, алдын ала сезу»  деген сөзінен шыққан. Суицидтің әлеуметтік және психологиялық хабаршысын білу бізге оны түсінуге және оны болдырмауға көмек болар еді.  «Ол неге өз күші мен ақыл-ойын осы күш пен ақыл-ойды бұзуға тырысты?»  Өзін-өзі өлтірудің құрбанын білетін адамдардың барлығы дерлік осы сұрақты қояды.

 Түзету. Күйзелісті жеңудің әлеуметтік дағдылары мен білігін оқыту. Жасөспірімдерге отбасын, мұғалімдерді, достарын және т.б. тарту арқылы әлеуметтік қолдау көрсету, мінез-құлқының қиындықтарын шешетін әлеуметтік-педагогикалық тренингтер жүргізу, әлеуметтік қолдауды іздестіру, оны көрсету және қабылдау, өзін-өзі бағалауын көтермелеу бойынша жеке дара және топтық психологиялық түзету сабақтарын ұйымдастыру, өзінің жеке басына, эмпатиясына шынайы қарым-қатынасты дамыту.

Потенциалды суицид кезіндегі көмек:  интервенция (зорлықпен қол сұғу). «Интервенция» сөзі латынның inter (аралық) және venire (келу) сөздерінен шыққан. Суицидалды интервенция «аралық келу» бола тұрып, өзін-өзі бұзу актісін болдырмау үдерісін білдіреді. Ол өмірден күдер үзген адаммен бетпе-бет келіп, оған әлеуметтік, психологиялық және экзистенциалды күйзеліс кезінде эмоционалдық қолдау мен аяушылық білдірумен аяқталады.

Көмекшінің алғашқы позициясы.Егер үрейлі  толқыған тұлға қоршаған адамдардың немқұрайлылығы мен мән бермеу позициясымен кездесіп қалса бұл өте қауіпті болып табылады. Өкінішке орай, отбасы мен достары олардың жауабына немқұрайлы қарап, сөйлескен кезде ашулы эмоциялармен қарым-қатынас жасап, одан сайын ашулы адамдарды  одан да ауыр рақымсыздыққа итермелейді.

Соңында айтқым келетіні, қайғылы оқиғадан кейін зардап шеккен адамға дер кезінде қол ұшын беру оған көп көмегін тигізеді, сонымен қатар оның болашақта тұйық, қорқу, жазықтылық және ашынушылық шеңберіне түсіп қалудан қорғайды.

 

Пайдаланылған әдебиетттер тізімі

  1. Брехман И. И. Валеология — наука о здоровье. — 2-е издание, переработанное и доп. — М.: Физкультура и спорт, 1990. — 208 с.
  2. Вайнер Э. Н. Валеология: Учебник для вузов. — М.: Флинта: Наука, 2011. — 448 с
  3. Н. М. Амосов. Энциклопедия Амосова. Алгоритм здоровья. — Москва, 2004. -204 с.
  4. Афанасенко Г.Л. Охрана здоровья здоровых: некоторые проблемы теории и практики. М.; Просвещение, 1987.

Тынымбаева Гульвира Кузенбаевна

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық

техникалық жоғары колледжі

 «Темір жол көлік мамандықтары»

бөлімшесінің оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.