Қазақстандық қоғамды рухани жаңғыртып, зияткер ұлт қалыптастырудағы кітапханалардың рөлі Астана қаласындағы Халықаралық мектепте («Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы) талқыға салынды.
Озық тәжірибелерді таратуға арналған семинарға Назарбаев Зияткерлік мектептерінің кітапхана қызметі ел астанасының барлық орта мектептерінен, сондай-ақ республикалық «Жас Ұлан» мектебі, Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Астана қаласындағы республикалық физика-математика мектебінен әріптестерін шақырды.
Ұжымдық коллоквиум Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын талқылаудан басталды.
– Стратегиялық құжатта «Білімнің салтанат құруы» тарауына ерекше мән берілген, онда қазақстандық қоғамды идеологиялық жаңғырту бойынша басым бағыттар нақты белгіленген, ал келер жылдың күн тәртібінде тек өзіміз атқарар бірқатар кешенді шаралар бар екен деп кітапханашылар құлшынып отыр. Олардың ішінде еліміздің аса құрметті орындары бойынша, әлемнің ең үздік жүз оқулығын қазақ тіліне аудару бойынша және Қазақстандағы жүз жаңа есім бойынша жобалар және басқалары бар,-деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ тәжірибе тарату департаментінің директоры Гүлнар Балғабаева.
Семинарға қатысушылар қазіргі қоғамда қазақ халықының мәдениетін насихаттау және бәсекеге қабілетті ету бойынша нақты ұсыныстар дайындап шығарды.
– Бізді, кітапхана қызметкерлерін, ерекше қызықтырған «Жаңа гуманитарлық білім» жобасы болды,-деп ағынан жарылды кітапхана қызметінің кураторы Аида Ағаділ. – Зияткерлік мектептерде бірнеше жыл бойы жаңа ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олар: ұстаздар да, балалар да, тіпті олардың ата-аналары да қажет ететін «Жүз кітап», «Book Start» және «MEMORO». Болашақ шынымен-ақ бүгінгі аудиториялар мен кітапханаларда жасалып жатыр.
Елордалық кітапханашылар 21-ші ғасырдың жаһандық бәсекеге қабілеттілігі шеңберінде зерттеу дағдылары мен ақпараттық сауаттылықтың халықаралық тәжірибесін, ұлттық бағдарламалар мен кітап оқудың жаһандық дәстүрлерін талдады.