Ұстаз. Ұстаздық — киелі әрі өте көне мамандық. Адамзатты ежелден ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса да, қажеттігін жоймайтын маңызды мәселе – жас ұрпақты өмір сүруге дайындау. Бұл қиынның-қиыны. Себебі әр адам-қайталанбас жеке тұлға. Әр адамның жан дүниесі өзінше бір әлем. Уақыт озған сайын қоғамдағы саяси-әлеуметтік қарым-қатынас дамыған сайын бүкіл дүниежүзінде ұстаздың қызметі қиындай түсуде.
Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек.
Бүкіл әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылыстар, қоғам дамуындағы қалыптасып отырған жаңа жағдайлар, тыңнан туындаған мәселелер, өзгеріп жатқан өмірге бейімделу қажеттігі туындап отыр. Осыған орай, мемлекетімізде білім беру мен жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі – “Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасы” жариялануы мен экс-президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2050 сратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беруге үлкен мән беріліп отыр. Бұл ретте елдің білімі мен ғылымын дамытуда бірінші кезекте қолжетімді білімнің алар орны ерекше. Бұл бағытта біздің мемлекетімізде қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан істер қазір әлем жұртшылығының назарын аударуда. Экс-президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Қазақстан-2050» даму стратегиясынан бастап, әр жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы да отандық ғылым мен білімге деген мемлекеттік қамқорлықтың дәлелі.
Қай қоғамда болмасын шешуші фактор – адам және жеке тұлға болып қала бермек. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымызды, байлығымызды түгендеу, игеру, жас ұрпақ бойына игі қасиеттерді сіңіру-бүгінгі ұстаздардың басты борышы.
Ел болашағы – білімді ұрпақта. Сондықтан, білім беру саласында жасалып жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру да, ұстаздар қауымына ортақ іс. Сол себепті, ұстаздарға жаңаша жұмыс істеуге, шығармашылық еңбегімен оқыту әдістерін жаңа арнаға бұруына, педагогикалық еңбегін қайта құруына тура келеді. Өткен күндердегі іс-тәжірибеге көз жіберсек, кешегі бүгінгіге, бүгінгі ертеңгіге ұқсамайды. Себебі, ғылымның дамуы, білім мазмұнының өзгеруі, өмір талабы, оқушы талғамы үнемі өсуде.
«Біздің ең басты мақсатымыз — 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру. Бізде ол үшін мүмкіншілік те, ресурс та, білімді адамдар да, берекелі ұлт та бар» деген экс-Елбасының сөзін басшылыққа ала отыра, бүгінгі күн мұғалімнің көп ізденіп, тынымсыз еңбектенуін, сабақ берудің амал-тәсілдерін жетілдіріп отыруды қажет етеді. Өйткені, білім мазмұны, оқыту үрдісі өзгерісті талап етуде. Сонымен қатар, білім сапасын арттыруда жаңа технологиямен тұрақты жүйелі, нәтижелі жұмыс істеу үшін мұғалім сабағына жан-жақты дайындалуы керек. Ол үшін мұғалімге еркіндік, шығармашылық ізденіс, көп еңбек қажет.
Менің ойымша, жаңа ғасыр мұғалімінің бойында мынандай қасиеттер болуы тиіс: сергектік, байқағыштық, сезімталдық, сенім, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабыр сақтау, ілтипаттылық. Өйткені интеграция мен ғаламдастыру қатар жүріп келе жатқан бүгінгі таңда мектептегі жеткіншектердің білім берудің сапасы мен деңгейін жан-жақты көтеру жаңаша ойлайтын, оқыту мен тәрбиенің жаңа технологиясын күнделікті жұмысында қолдана білетін ұстаздардың ғана жұмысы жемісті болмақ. Жаңа ғасыр мұғалімдері талапқа сай болып, сапалы әрі сан алуан салиқалы тәрбиелік – білімділік қызметтерді ойдағыдай атқара білгенде ғана ұстаздық мақсатына жетеді.
Ақпараттар ағыны ағылған, түрлі хабарлар тасқыны тасыған жаңа ғасырда мұғалімде, озық техникалық, электрондық құралдарды, компьютерді жетік білетін өз пәнін өмірімен байланыстыра алатын, ақпаратшыл және ұлтының кемеліне келіп толысуына, рухани өсуіне, әдеби-мәдени дамуына басты ықпал жасаушы, ұлтжанды патриот болу керек.
Тәуелсіз еліміздің болашағы кімдер? Олар – бүгінгі менің алдымда отырған шәкірттерім.
Ендеше, біз бүгін тәрбие беріп отырған шәкірт – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын, мемлекет ісіне араласатын тұлғалар. Ұрпақ бойына қаншалықты ардақты да асыл қасиеттерімізді сіңіре алсақ, араға жылдар салып, соның жемісін көреміз. Ұрпақ оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі жауапкершіліктің күрделілігі де, қасиеттілігі де осында. Ертеңгі болашағымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алуы – қазіргі қоғамдағы бізге байланысты.
Біз болашақ алдындағы өз міндетімізді адал атқару арқылы еліміздің дамуына үлесімізді қосамыз.
Абильдинова Мадина Мухитовна,
Павлодар облысы Екібастұз қаласы
Ақкөл жалпы орта білім беретін мектебінің
математика пәнінің мұғалімі