Home » Балабақша » БОЛАШАҚҚА БАҒДАР БЕРГЕН БАЛАБАҚША

БОЛАШАҚҚА БАҒДАР БЕРГЕН БАЛАБАҚША

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы бүгінгі күні білім саласының басты нысанасына айналып отыр. «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп айтылғандай, Астана қаласы Білім басқармасының жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 9-ақпан күні «Мектеп жасына дейінгі балалардың зияткерлік дамуындағы дамытушы ойындардың ықпалы» тақырыбында Астана қаласы № 54 «Нұр – Ай» балабақшасының ұйымдастыруымен кластер жұмысының жоспарына сәйкес семинар-практикум өткізілді.

Педагогтардың біліктілігі мен білімін арттыру, мектеп жасына дейінгі балалардың интеллектуалдық және шығармашылық дамуына мүмкіндік беретін, мектепке дейінгі ұйымда дамытушылық ойындар мен инновациялық технологияларды қолдануды мақсат еткен аталмыш шараға Астана қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің әдіскері Әсел Әділбайқызы, Астана қаласы «Өрлеу» Біліктілік арттыру институтының аға оқытушысы Гүлмайра Өмірбекқызы Түсіпова, республикалық «Білім айнасы» газетінің журналистері, Астана қаласы модернизациялау білім беру орталығының әдіскері Жұлдыз Амантайқызы Мұхиденова, Астана қаласы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің меңгерушілері, әдіскерлері және педагогтар мен ата-аналар қатысты.

№54 «Нұр – Ай» балабақшасының меңгерушісі Зариякүл Мұсабайқызы Иманбаева семинар жұмысын ашып беріп, өз сөзінде аталмыш мекеменің тарихына, оның Елбасының стратегиясы аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарына, алдағы жоспарына, балаларды заман талабына сай жаңашылдықпен тәрбиелеу бағытындағы әдістемелік құралдар мен балабақша жетістіктеріне кеңірек тоқталды.

Аталмыш шараны жүргізген балабақша әдіскері Шұға Темірғалиқызы Хамитова «Мектеп жасына дейінгі балалардың зияткерлік дамуындағы – дамытушы ойындар» тақырыбында баяндама жасады. Семинардың негізгі бағыты — инновациялық әдістері мен технологияларын қолдану бойынша отандық және шетелдік ең үздік үлгілерді зерделеу арқылы тәрбиешілердің кәсіптік құзыреттілігін жетілдіру және тәрбиешілермен іс-тәжірибемен алмасу болып табылады.
Бірнеше бөлімнен тұратын ауқымды семинар-практикумда маңызды аспектілер қарастырылды. Атап айтсақ, тәрбиешілер Б.А. Қадырберлина мен Г.Б. Неспаева педагогтарды В.Воскобовитің дамытушы ойындарымен таныстыру мақсатында «В.Воскобовичтің дамытушы ойындары» бойынша қатысқан тәрбиешілермен шеберлік сыныбын өткізді. Ал тәрбиеші Г.Р. Баратова «Ертегілер елінде қонақта» тақырыбында ата-аналармен жұмыс ұйымдастырса, педагог-психолог К.Б. Мұсабекова қатысушылармен «Логикалық ойын» өткізді.
2017 жылы қараша айынан бастап аталмыш балабақшада тағы бір жаңаша бастама қолға алынып, жүзеге асырылған болатын. Ол — «Робототехника» үйірмесінің ашылуы. Роботехника үйірмесінің жетекшісі Әсет Ілиясұлы Ақшабаев МРТ 1-2 құрылғыларымен таныстыра отырып, роботтарды модельдеу және бағдарламалау жұмыстарын, құрастыруын көрсетсе, құммен сурет салу үйірмесінің жетекшісі А.С. Жаркешова өз өнерін көпшілікке паш етті.
Тәрбиешілер А.Н. Молдакәрімова мен А.Е. Қазыбаева баланың ойлау қабілеті мен қиялын қарапайым математикалық түсініктерін Дьенеш блогы арқылы қалыптастыру мақсатында «Дьенештің логикалық блоктары» тақырыбында педагогтармен шеберлік сыныбын өткізді. Ал тәрбиеші Ә.Б. Нұритденова «Есептеп үйренейік» атты логикалық-математикалық есептер шығарудың жеңіл әрі тез қабылдау тәсілімен таныстырды.

  Семинар – практикум соңы балабақшаның музыка жетекшілері Л.Ж. Ниязова мен Д.О. Иманбекованың ұйымдастыруымен балабақша бүлдіршіндерінің шағын концерттік бағдарламасымен аяқталды.

 

 

 

 

 

 

 

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
«Білім айнасы»,
Астана

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.