Home » Айтарым бар » Болашақтың сыры — адами капитал

Болашақтың сыры — адами капитал

Елбасының әр жылғы Жолдауы – тарихи құжат. Қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Биылғы Жолдау да осы тұрғыдан сипатталған: бәрімізді еліміздің жаңғыру жолындағы жарқын істерге жұмылдырып отыр. Жасампаздыққа жетелеп, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет көшіне бастауда.
Ұлт Көш басшысы биылғы Жолдауында жетінші басымдық ретінде адами капиталдың жаңғыру негізі екенін атап көрсетті. Оған білім беру ісін жаңа сапаға көтеру арқылы қол жеткізетінімізді алға тартты. Бұл бағытта сала мамандарының аянып қалмауы қажеттігін міндеттеді. Осы орайда Мемлекет басшысы «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге   үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп атап көрсетті.

Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты беру міндетін орындау мақсатында 2017 жылдан басталған «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту арқылы сұранысы жоғары, аса қажет мамандарды оқытып, қайта дайындау ісіне ерекше басымдық берілетін болса, ел экономикасының дамуына оң ықпалын тигізбей қоймайды. Осы орайда, елімізде тапшы мамандықтар бойынша мамандарды дайындауда жергілікті билік кәсіпорындар және кәсіпкерлермен бірлескен іс-қимыл жасауы – кезек күттірмейтін мәселе. Адами капитал сапасының басты көрсеткіші ұстаз бен болашақ ұрпақтың білім деңгейінен айқын аңғарылады. «Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет» – деген Елбасының сөзі қойнауы құт-берекеге толы ауылдың тыныс-тіршілігіне, ондағы мектептердің жаңа келбетіне, жалпы алғанда, ұрпақтың лайықты әрі сапалы білім алуына зор мүмкіндік бергені анық. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын интернетте орналастыру керек. Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады» – деп атап көрсетті. Бұдан біз алдымызда ауыл мектептерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұрғанын аңғара аламыз. Жаңашылдыққа, үнемі ізденіске ұмтылу кезкелген пән мұғалімінің өмірлік ұстанымы болуы тиіс. Бүгінде еліміздің орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары басталып кеткені белгілі. Елбасымыз бұл үдерістің 2021 жылы аяқталатынын айтты. Жаңа жүйе педагогтардың заман көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті маман болып қалу үшін біліктілікті ұдайы шыңдап отыруды талап етеді.
Мемлекеттің қуаттылығы халықтың білім деңгейі мен денсаулық жағдайына байланыс- ты өлшенеді. Ғалымды да, инженерді де, дәрігерді де алғашқы кезеңде білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Адами капиталдың сапасын арттырудың негізгі бастауы да білім беру ісінің негізінде жатқанына салмақты түрде назар аударуымыз керек. Бұл сапа көрсеткішінің артуы тікелей ұстаздар қызметімен байланысты екенін аңғартады. Жолдауда ұстаз мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырды. Егер біз өз біліктілігімізді одан әрі шыңдап, жұмыста белсенділік пен жаңашылдық танытсақ, табысымыз да оданәрі ұлғая бермек.
Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Мұндай жаңашылдық балаларға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады. Сонымен қатар Елбасы 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырды. Қоғам алдындағы мұғалім мәртебесі мен олардың әлеуметтік- экономикалық әл-ауқаты қазіргі деңгейден де жақсара түсетін болса, адам капиталының сапасы да жоғары нәтижелерден көрінеді. Осы орайда қоғамымызда ұстаздарға артылатын жүк те, сенім де салмақты. Ұстаз мәртебесінің жоғары болуы – білім сапасын арттырудың бірден-бір кепілі. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу керек. Бұл дегеніміз ел мерейінің биіктеуіне, болашақ ұрпақтың саналы тәрбие алуына, өрендердің ел патриоты болуына тікелей оң ықпалын тигізеді. Елдің түрлі саласын жоғары деңгейге көтеру үшін кез келген адам өзінің жұмыс орнында, отбасында оған атсалысуы керек.
Ел ертеңі жарқын болуы үшін білімнің көкжиегін кеңейте беру абзал. Себебі адами капитал – қоғамның ажырамас бөлігі, мемлекет дамуының негізі.

                            Оралымбетова Айнур Мырзабайқызы,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі,
тарих пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.