ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» бағдарламасына қатысу талаптарын өзгертуді тапсырды. «Білім және Ұлттық экономика министрліктерінде вице-министрлер «Болашақ» бағдарламасы үшін өз лауазымдарын аяқасты тастап кеткені белгілі. 45 жастан кейін қайдағы «Болашақ» бағдарламасымен оқу? Мұндай мысалдар аз емес, төмен деңгейдегі бірнеше мекемеде де осындай жағдай орын алған. Қызметкерлер басшысына келеді де, «Мені «Болашақ» бағдарламасымен оқуға жіберіңіз» дейді. Осылайша, магистрант атанып кете барады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Мемлекет басшысы осының салдарынан кезекті вице-министрдің бұрынғы вице-министр оқудан келгенше бір-ақ жылға тағайындалатынын түсіндірді. «Бұл абсурд, бұл мемлекеттік қызмет емес. Сабақтастық қайда, қызметкерлердің институционалдық зердесі қайда? Президент Әкімшілігі бағдарламаға қатысу талаптарына өзгеріс енгізуі тиіс. Саяси қызметшілер, әрине, өз білімін жетілдіруге құқылы. Бірақ, мемлекет есебінен емес, бос уақытында өз қалауымен айналысқандары жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.