2004 жылдың шілде айының 27-ші жұлдызы еді. Киелі Баянауылдың көшесінде табиғатқа тамсанып, қол ұстасқан бозбала мен бойжеткен келе жатты. Екеуі болашағынан бақытты бірге іздеуге бел байлаған жастар еді. Осы мақсатпен Қазақстанның шырайлы шығысынан, Семей қаласынан, қолдарына жолдама алып, қасиетті Баянауылдың балаларын білім нәрін сусындатамыз деп келе жатқан беттері. Беталыстары — аудандық білім бөлімі. Келген шаруаларын ыңғайлап, жұмысқа орналасып алған соң, ауылдарына барып үйлену тойларын жасамақ. Баянауылдың ұзынсонар көшесінен аудандық білім бөлімін табу оңайға соқпады. Мезгілдің жаз болғандығынан ба, уақыттың таңертеңгілік болғанынан ба, әйтеуір, көшеде жөн сұрасатын жан кезікпеді. Кейін білгендей, жаз маусымында ауыл халқының басым көпшілігі Баянауылдың жауһары – Жасыбайда болады екен. Таңертеңгілік шыққан қос ғашық табиғатты тамашалай жүріп, түс ауа аудандық білім бөлімін тапты-ау, әйтеуір! Ендігі мәселе көп уақыт алдырмас деген оймен ішке енді. Ішінде тым-тырыс. Басқа ғимаратқа кіріп кеттік-ау, деген күдікпен сыртқа шығып, тақтадағы жазуды қайта оқыды. Жоқ, қателеспепті. Екінші қайтара ішке кіре бергенде түкпірден «бұл кім?» деген дауыспен қатар денесі ықшам, бойы аласалау келген, жүрісі ширақ әйел адам шықты. Келген екі жас жұмыстарын айтып, жолдамаларын көрсетіп, ағартушылық қызметке дайын екендерін айтып әлек. Бұйымтайын тыңдап алған әлгі әйел адам:
- Жолдамаларыңызға қарасам, сіздерде отбасын құруға мүмкіндік азаяды,-демесі бар ма?! Екі жастың сұраулы көздерінен сұрақтарын түсінген ол кісі:
- Мұғалімге тапсырыс берген үш мектеп Баянауылдың шалғай жатқан үш ауылында. Менің түсінуімше, сіздерге бір ауылдан жұмыс керек. Бүгін көріп тұрғандарыңыздай, жұмыста мен өзім ғанамын. Барлық әдіскерлер мен жұмыскерлер өздерінің кезекті еңбек демалыстарында. Басшылық та, себепті жағдайлармен іс-сапарға кетті. Ертең келсеңіздер жұмыстарыңызды бітіре аласыздар,-деп мән-жайды ашып берді. Бірақ, ол адамның жауаптары келген екі жасты қуанта қоймады. Себебі, олардың түнеп шығатын бұл ауылда ешбір таныс-тамыры, небір туыс-жегжаты да жоқ еді. Осы жағдайды жас мамандар әлгі жүзі мейірленіп тұрған мейірбан әйел адамға айтып, бүгін қайтатындарын да жасырмады. Жағдай тұйыққа тірелгендей еді. Жолдамамен келген екі бірдей жас маман жұмыспен қамтылудың орайын оңтайластыра алмай кеткелі тұр. Осындай үлкен жауапкершілікті сезінген, ықшам денесіне үлкен жүрек сыйдырған аудандық білім бөлімінің қызметкері – кітапханашы Мүгүлсім апай көп ойланбастан, телефоннан жас мамандарға беймәлім біреуге қоңырау шалып:
- Ұлым, маған жұмысқа келіп кетші, мұнда екі жас маман келіп отыр, қонатын үйлері жоқ екен, -деді.
Телефоннан әңгіме ұзаққа созылған жоқ, соған қарағанда телефонның екінші жағындағы адам: «Ол неғылған жас мамандар? Біздің үйге әкеліп қайтеміз?» — деген секілді тергеу сауалдарын сұрамаған боп шықты ғой! Ұлы көп күттірмеді. Сүт пісірім уақытта ғимараттың алдына келіп, көлік тоқтай қалды. Екі жас ұялғаннан ба, жасқаншақтап көліктің артына отырды. Құйындатып ала жөнелгенде, артында отырған жігіт жас маман жолдардың шиырлығына емес, жүргізушінің шеберлігіне таңданып, іштей риза болып отырды. Көлікте жүргізушіден басқа алдыңғы орында жасы орта жастан асқан ер адам отыр еді. Әлгі адам: «Қандай өнерлерің бар? Ән айтасыңдар ма? Спорттан қалайсыңдар?»- деген секілді сұрақтарды қарша боратқаны. Әуелде түсінбеген екі жас әдеппен жауап беріп, арық сөйлеп, семіз шығуға тырысып бақты. Әсем екі қабатты ғимараттың жанынан өте бере, сұрақ жаудырушы ағамыз жүргізушіге әлденені ымдағандай болды. Сол-ақ екен, көлігіміз жайлап кеп ақ сарайдың алдына тоқтады. Сәлден кейін ағамыз сөз алып:
- Мына мектеп ауданымыздағы бетке ұстар мектептің бірі деп сеніммен айта аламын. Мектеп атақты кинорежиссер, жерлесіміз Ш.Аймановтың есімімен аталады. Мектеп гимназия бағытында жұмыс жасап жатыр. Алдағы жылда гимназия статусын алатынымызға сенімдімін. Себебі, ұжымда ең таңдаулы ұстаздар қызмет жасайды. Оқушылар да зерек. Менің есімім – Жабай Жанәбілұлы болады. Осы аталған мектепке басшылық жасаймын,- деп сөзін сабақтады, жас мамандар үшін жұмбақ болған адам. Сонда ғана қойылған сауалдардың мәнісін түсінгендей болған екі жас үнсіз тыңдап, өз ұжымына сенім артқан көшбасшыны қостағандай басын изеп қана отырды.
- Келіссеңдер, мен біреуіңді математика пәні мұғалімі, біреуіңді физика пәні мұғалімі етіп жұмысқа аламын. Сендерге тәлімгер етіп тағайындауға лайықты ұстаздарым да бар. Өте тәжірибелі, алдыңғы қатардағы мамандар. Үйренерлерің де көп болады,- деп сөзін жалғады. Әр сөзін салмақтап сөйлеген ағамыздың сөздері көңілге сенім ұялатып, жас мамандарға бас тартуға мүмкіндік қалдырмады. Екінші жағынан, шалғайдағы екі ауылға барып жұмыс істегеннен, осы ұсыныс әлдеқайда көкейге қонымды еді. Жабай аға айтқанында тұрды. Математика пәні ретінде алған жас маманды зейнет жасына жақындаған, аузын ашса ақыл төгілетін, көзіне қарасаң, көкейің көркейетін Шаймардан ағаға, физика пәні ретінде алған маманды жүрісіне жан сүйсінетін, сөздері балдай сіңетін, білімді бұлақтай сусындататын Рымтай апайға табыс етті.
Міне, сол келешекті кемелдендіруге үлес қосамыз деп шалғай шығыстан киелі өлкеге келген жастардың бірі – мен едім. Сол бір күні алдымыздан Мүгүлсім апай емес, өзге біреу шыққан болса, тағдырымыз басқаша өрілер ме еді?! «Жақсыдан шарапат» дегендей, еңбек жолымыздың сәтті бастамасын Жаратушымыз сол кісіге салғызғандай көрінеді де тұрады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- деген емес пе, Рымтай апайымыздың «Ғалымдар симпозиумы» тақырыбындағы сабағы әлі күнге дейін кеше ғана өткізілгендей көз алдымда. Ол сабақта атомдық физиканың мәселелерін талқылаған ғалымдардың жиынында отырғандай әсер алып едік. Шаймардан ағаға келер болсақ, еңбегін еш айтып тауыса алмаспын. Оқушымен ғылыми жоба қалай жасалатынына, олимпиадаға дайындық қалай жүргізілетініне ағамыздың арқасында таныс болдық. Жабай аға мен Шаймардан ағаның бастамасымен Жаңатілек ауылындағы Жаяу Мұса мұражайын, Бұхар жырау бабамыздың кесенесін, Теңдік ауылындағы Қ.Сәтбаев мұражайын, Құндыкөл ауылындағы Ә.Марғұлан мұражайын аралап, өте бір тағылымды саяхат жасап, тарихқа бойлағанымыз да бар. Осы аға-апайларымыздың салып берген сара жолымен бүгінгі күнде аталған оқу ордасында қызметімді жалғастырудамын. Осындай ұжымда жұмыс жасап жатқаныма өзімді бақытты жандардың бірі ретінде сезінемін!!!
Джакитов Алмас Даулетханұлы,
Павлодар облысы Баянауыл облысы
Ш. Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты
физика пәнінің мұғалімі