Би – өмір сүру символы.Ол адам баласын үнемі көтеріңкі көңіл-күйде, қанаттанып жүруге мәжбүрлейтін өнер.Сонау ерте дүниеден адам аң мен құстың қимылына қарап, жапырақтардың сыбдырына, бұлақ суының сылдырына елтіп, соларды жанына тоқып дамыған. Би өнері сұлулық, сымбаттылық, әсемдік сыйлайды, еңбектенуге баулиды. Ол этика мен эстетикалық тәрбие беріп қана қоймай, жанға қуат береді.«Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» деген Кеңес педагогы В.А.Сухомлинский тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аудару қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Сол өнердің бірі – би. Би бір сәттік қана, билеу кезінде ғана өмір сүретін уақытша, өткінші ғана алдамшы сезім емес.Би өнері – тілсіз өнер, оның айтар мағынасы болуы шарт. Философиялық мағынаға бай болуы тиіс. Былай айтқанда, спектакль іспеттес. Жүректегі, ойдағы жазуды би тілімен жеткізу, халықты бұған сендіру – басты мәселе. Осы жағынан келгенде, қолдың, саусақтың, буынның, дененің әр қимылы – пәлсапа!«Қамажайды» білмейтін қазақ жоқ! Қазақ биі дегеніміз – Ш.Жиенқұлованың «Былқылдағы», З.Райбаев сияқты ағаларымыз қалдырған «Қаражорға», «Келіншек», «Ұтыс биі», «Қоян-бүркіт», «Асау ат», «Алтынай», «Аса таяқ», «Дауылпаз», «Айжан қыз», «Аққу», «Домбыра» – бұлар тарихы тереңде жатқан қазақ биі туындыларының маржандары. Қазақ биінің классикасы, фольклоры, этнографиясы әлі сол қалпында қалуда.Осы З.Райбаев билерінен бөбекжайдағы бүлдіршіндерімізге «Аса таяқ» биі үйретілді. Бүлдіршіндеріміз бұл биді аса қызығушылықпен орындап, аспаптың сыңғырын қызықтап белсене қатысты. Кез келген ұлттық би әр түрлі мағынада, әр түрлі жағдайда бастау алған. Мысалы, испан билері көбіне махаббаттан; ұйғыр билері тікелей өз мінездерін сипаттаудан; қытай, жапон билері ішкі сезімді білдіруден; үнді билері өздерінің құдайларын баяндаудан бастау алған. Ал қазақ биі салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілік, ою-өрнегімізден басталады. Әсіресе, қол мен дененің пластикалық икемділігін, қыздардың еркелігі мен назын, сұлулығын көрсетіп, ер адамдардың керісінше жанып тұрған өткірлік, түрлі күрделі секірулер мен буын қимылдары, ат шабыс, өзге де жігерлі қимылдарды сипаттау арқылы ерекшеленеді. Қазақ билерін бөбекжайда жеңілдете үйрету,балалардың қызығушылығын арттыру да өте тиімді деп ойлаймын.
Айнаш Бержанқызы Сәмен,
БҚО, Орал қаласы
№38 «Жазира» бөбекжайының хореграфы