Home » Мақалалар » Биология пәні бойынша ағылшын тілінде оқытудың мүмкіндігі мен қиындықтары

Биология пәні бойынша ағылшын тілінде оқытудың мүмкіндігі мен қиындықтары

Қазіргі таңда әлемнің барлық мемлекеттері халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың өркениеттен кенже қалмауы үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік.

Үштілділік туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев білім және ғылым саласы қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде: «Ағылшын тілінің қажеттілігі әлемге тән қажеттілік, бүгінгі күн талабы. Ал орыс тілін жақсы білу — біздің байлығымыз» десе, 2007 жылы «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты Жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген болатын.

Үш тілде оқытудың негізгі мақсаты — бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік қабілетті дамыған мәдениетті тұлға қалыптастыру. Қазіргі уақытта ғылымның дамуы адамдардың көп тілді білу қажеттігін туындатып отыр. Осы мүддені жүзеге асыруда, біздің, яғни мектеп мұғалімдерінің рөлі зор.

Кезінде халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі қазіргі заманға сай айтылғандай тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі, ислам дүниесінің ең ірі, атағы әлемге жайылған ғұлама, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз өз өмірінде 70 ке жуық ұлттың тілін жетік білгендіктен, артына мәңгі өшпес мол рухани құнды мұра қалдырып кеткендігі анық.

        Жаратылыстану пәндерін үш тілде оқыту –болашақ ұрпақтың білім кеңістігінде

еркін самғауына жол ашатын, ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін бүгінгі күнгі қажеттілік. Ғылыми техниканың дамуы адамдардың практикалық және кәсіби тұрғыда көп тілді меңгеру қажеттігін тудыруда. Оқушыларға сабақ процесінде жаңа технологиялық әдістерді пайдалануда техникалық құралдарды қолдану кезінде ағылшын тілін білу маңызды.

Енді 2017 – 2018 оқу жылынан бастап жаратылыстану пәндерін біздің мектепте ағылшын тілінде оқыту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ағылшын тілі пәні мұғалімдері мен оқушылардың күшін біріктіре отырып, тілді меңгеру дәрежесі жоғары деп есептеп 8,9,10-сыныптар таңдалды.

Сабақ аптасына бір рет таңдау пәндер есебінен жүргізіледі. Таңдау пәнінің тақырыбы «Биологиялық терминдер» деп алынды. Сабақта Қазақстан Білім және ғылым министірлігінің баспасынан шыққан 8-сынып оқулығы «Biology» пайдаланылады. Ағылшын тілінде жазылған бұл оқулық стандарттық бағдарламаға сай жасалған, оқушылардың білімін тексеру бағдарламалары қамтылған.

Сабақта жаңа ақпаратты оқушылардың меңгеруі үшін қолданатын әдістерге тоқталсам, алдымен тақырыпты тақырыпшаларға бөліп, оны игергеннен кейін, сөздіктердің көмегімен берілген мәтін аударылады. Мәтін ішіндегі негізгі терминдерді жинақтап, аудармасымен бірге сөздік дәптерге енгізіледі. Сабақты бекітуде қалдырылған сөздерді орнына қою, берілген мәтін ішіндегі қатені табу, тапсырмаларын оқушылар сыныпта орындайды.Топтарға бөлінген тақырыпшалар бойынша түйінді ой жасалады.

Мысалы, «Human food and diet» тақырыбын оқытқан кезде алдымен оқулықтағы мәтінді оқып шығып, ондағы негізгі терминдердің аудармасын дәптерге түсіріп, қайталап айтылады. Оқып шыққан соң әр тақырыпша бойынша Active vocabulary құрылады.

Бар мүмкіндігімізше пән мұғалімдерімен бірлесіп, оқушылардың сөздік қорын молайту мақсатында ізденімпаздылықпен жұмыс жасалады. Осыған орай жеткен нәтижемізге тоқталсақ, балалар биологиялық терминдердің мағынасын ағылшын тілінде меңгерді және тек тілді ғана меңгеру емес, сол тіл арқылы биология ғылымын оқуға сенімі нығайды, тілге деген қызығушылығы артты.

Сонымен қатар, биология пәнін бейіндік пән ретінде таңдаған талапкерлердің көпшілігі медициналық оқу орнына бару үшін осы пән бойынша дайындалады.

Кез — келген өркениетті мемлекеттегі аса маңызды қоғамдық саланың бірі-медицина саласы. Медицина саласында терминдердің басым көпшілігі латын тілінде болғандықтан, латын алфавитін білу шарт. Осы ретте мектепте биология пәнінің ағылшынша оқытылуы болашақ мамандарға үлкен көмегін тигізері анық.

Бір қолайлысы, биологиялық терминдер ағылшын және орыс тілінде де ұқсас келеді.

Әлемдік терминология базасының біркелкі болуы мұғалімдерге оқыту үшін жеңілдік болып табылады.

Бұл тәжірибені жалғастыру керек пе деген мәселе педагогикалық кеңесте талқыланды. Қалай болғанда да бұл бағдарлама бүгінгі күннің талабы екені анық. Сондықтан заман ағымынан қалмау мақсатында келесі жылы экпериментті 6,7-сыныптан бастау ұйғарылды. Мектепте көптеген ағылшын тілінде үйірмелер ашылды. Атап айтсақ, «Қызықты биология», «Саңырауқұлақтар», т.б.

Менің ойымша, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бүгінгі оқушы, болашақ мамандар заман көшімен бірге жүре алады деп есептеймін.

Әрине, барлығы бірдей ағылшын тілін қажетті деңгейде игереді деуге сену қиын. Оқушылардың тілді меңгеруде алдарына қойған мақсаттары маңызды құрал болып табылады. Биология пәнін ағылшын тілінде өткізу үшін өтетін тақырыпты күнделікті қарапайым өмірден алатын тәжрибемен салыстыру керек. Өтетін тақырыпты ықшамдап алып, ағылшын тілінде түсіндіру үшін сөйлемдер қысқа, әрі қарапайым сөздермен берілуі керек. Сабақты бекіту кезінде Look at the picture. Complete the sentences with the word and phrases from the box немесе complete the word, complete the crossword сияқты тапсырмаларды орындату тиімді болып табылады.

Тілдік мақсаттардың бір қатарын пән мазмұнына сай оқу мақсаты ретінде қарастыруға болғанымен, мазмұнмен тілдің бөлінуі оқушылардың мазмұнға да, тілге де баса назар аударуына көмектеседі. I choose 5 thems from my biology program. They are:

1st theme: омырқалы және омыртқасыз жануарлардың сыртқы құрылысындағы ерекшеліктер.

2nd theme: жасуша ағза құрылысының негізгі бөлшегі.

3rd theme: зат тасымалдануының тірі ағзалар тіршілік әрекеті үшін маңызы.

4th theme: дихотомиялық әдіс, дихотомиялық кілттерді қолдану.

5th theme: өсімдіктердің тыныс алуы.

Сонымен қатар, биологияны ағылшын тілінде оқыту кезінде  сыни тұрғыдан ойлау т.б. әдіс-тәсілдерді қарапайымнан күрделіге қарай өз орнымен қолдана басталды. Сыни тұрғыдан ойлау тәсілі оқушының еркін сөйлеуіне, пікір таластыруына, достарының ойын тыңдауға, проблеманы шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге бағытталған әдіс-тәсіл.

Сыни тұрғыдан ойлау көбінесе қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулиды.

Ағылшын тілінде 7 сыныпта “About plants” сабағында оқушыларға постер арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамытатын тапсырмаларды бере отырып, олардың өсімдіктер туралы білімдерін кеңейте түсетінін байқауға болады. Жаңа сөздер үйрене отырып өсімдіктерге сипаттама береді; Өсімдіктердің ұқсас түрлерін — туысқа, ұқсас туыстарды — тұқымдасқа, ұқсас тұқымдастарды — қатарға, ұқсас қатарларды — класқа, кластарды — бөлімге біріктіреді. Ал осы сыныптың биология пәніңде жоғарыда сипаттамалар бойынша білімдерін еске түсіре отырып, нақты ғылыми біліммен толықтырады. Ол үшін мектеп оқулығын қолдана отырып, тапсырмаларды орындайды.

Жалпы айтқанда көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру тәжірибесін жинақтап, оқушылардың әлемдік деңгейге көтерілуіне жол ашылады. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейтуге, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жетуіне мүмкіндік береді. Оқушыға елдің ертеңі, өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы, ой-пікірмен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет.

Биология пәнін ағылшын тілімен үндестіре отырып меңгерту үшін стандарттық бағдарламаны игеруде оқушынының дүниетанымын қалыптастырып, оны қызықтыру үшін тілді игертудің оңай жолдарын, тәсілдерін табу мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Мектеп оқушылары заман ағымына сай күнделікті өмірде өз ана тілдерімен бірге орыс және ағылшын тілдерін де жиі қолданады.

Мектеп оқушылары халықаралық олимпиадаларға көптеп қатысуда, ал осы олимпиадалар мен ғылыми жобалар ағылшын тілінде қорғауды қажет етеді. Көп жағдайда биология пәнін жақсы меңгерген оқушылар ағылшын тілін жетік білмегендіктен осындай мүкіндіктерге қол жеткізе алмай жатады. Осы кедергілерді жою мақсатында, мектепте өтілетін пәндерді үш тілде негіздей отырып өткізген тиімді. Осының барлығын негізге ала отырып биология пәнін үш тілде үндестіре оқытудың маңызы зор.

 

Білім саласындағы мұндай күрделі өзгерістер оқушыларға төмендегідей мүмкіндіктер береді.

  • Қазақстанның білім көрсеткішін әлемдік деңгейге көтеру.
  • Шет елде білім алуға ниетті оқушыларымызға үш тілді жетік меңгеру жеңілдіктер береді.
  • Қазақстандағы білімді әрі білікті мамандар санының өсуіне оң әсерін тигізеді.

 

Ұсыныс:

  • Мемлекеттік стандартқа сай ағылшын тілінде биология пәні бойынша оқулықтар мен мұғалімдерге арналған әдістемелік, дидактикалық құралдар, электронды оқулықтар, көрнекті материалдармен қамтамасыз етілуі;
  • Биология пәні бойынша кеңейтілген ғылыми терминдердің сөздігі жасалуы;
  • Пәнге байланысты басты терминдер 5 сыныптан бастап оқытыла басталуы;

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте! Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды.Үш тілдің біріншісі, негізгісі, маңыздысы бола береді. Көп тілді меңгерген адам әуелі ана тілінде ой қорытып, қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен арылмайтын, сан алуан мәдениетті сараптай алатын болады .

«Көз-қорқақ, қол-батыр», — дегендей мұндай батыл бағдарламаны жүзеге асыруға да білік пен тәуекел керек шығар. Қандай жаңалықтың да алғашқы қадамдары күдік пен үрейге толы болатыны заңдылық. Оны жеңу үшін біз, Қазақстан ұстаздары, бірлесіп, үндесіп еңбек етуіміз қажет.

Бүгінгідей ақпараттық технология өркендеп тұрған заманда оған толық мүмкіндік бар. Осы бір жаңашыл қадам болашақта шәкірттердің ұстаздарына алғыс білдіретін    бағдарлама болады деп сенемін.

Оспанова Ләззат Темірбекқызы,
Тараз қаласы.
Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының
биология пәні мұғалімі.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.