Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Биологияны оқытудың заманауи мәселелері

Биологияны оқытудың заманауи мәселелері

Білім берудің заманауи жүйесі, оқытудың инновациялық түрлері мен әдістерін енгізу педагогика қызметкерлерінің тұлғасы мен кәсіби құзыреттілігіне, білім беру мазмұнына жоғары талаптар қояды.

Биология – вирустардан бастап адамға дейін барлық тіршілік иелерін, олардың қоршаған ортамен қарым – қатынасын оқытып – үйретеді. Биология басқа ғылымдармен тығыз байланыста және кейде олардың арасындағы айырманы бөліп көрсету қиынға соғады.

Биология құрылымды – бағдарлы пән ретінде оқушының кеңістіктегі әрекеті негізіндегі тұлғалық бағдарын жүзеге асыратын дағдылар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Биология сабағында оқытылатын объектілер мен үрдістердің әр түрлілігі жалпы білімдік ақпараттық және оқушының ойлау дағдыларының дамуы үшін орасан зор мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Бұл даму қазіргі уақытта кез — келген бейінді мектепте жүзеге асырылуда. Гуманитарлық бағыттағы сыныптар үшін биология табиғатқа, өмірге жақындығымен құнды. Математикалық бағыттағы сыныптар үшін бұл пән популяция генетикасы формулалары бойынша есептеу, нәруыздардың әр түрлілік формулаларын, т.б. қорыту сияқты әрекеттердің үлкен аумағын көрсетеді.

Орта мектептерде биологияны оқытуды талдау, ҰБТ нәтижелері оқушылардың биологиялық білім сапасын жылдан – жылға төмендеп келе жатқандығын, олардың таяз және формальды сипат алатындығын көрсетеді. Пединститут, университеттердің биология факультетіне түсетін жалпы орта білім беретін мектеп түлектерінің белгілі бір материалды жеткілікті жоғары деңгейде білгенімен, жалпыбиологиялық сұрақтарды, жалпы теориялық мәселені нақты материалмен байланыстыруды білмеуі оларға үлкен қиындықтар әкеледі. Абитуриенттердің басым бөлігінде теориялық ойлау әлсіз дамыған, бұны қазіргі уақытта мектептегі биология сипаттау материалын көп береді, фактілік ақпараттың көптігінен, теориялардың бекітілмеуінен деп түсіндіруге болады. Мектеп оқушыларының естеріне жүк түсіретін және қажет деңгейде дәлелдеуді қамтамасыз етуге мұрша бермейтін түрлі ағзалар құрылысының анатомды – морфологиялық бөліктерін есте сақтауы қажет деп қабылданған.

Биологияны оқытуда әлі де 11 – 13 жастағы оқушылардың ойлау ерекшеліктері жеткіліксіз ескерілген. Олардың бойында фактілерге деген қызығушылықпен қатар білгенін жалпылау және абстрактілеу, өз пікірін нақтылау, қорытынды жасау, білімді синтездеу сипаты да жоғары болып келеді.

Сондықтан биологияны алғаш оқыта бастағанда негізгі биологиялық ұғымдарды       (эволюциялық, экологиялық, цитологиялық, морфофункциялық және т.б.) енгізген дұрыс. Және олар оқушылардың танымдық мүмкіндіктеріне қолжетімді есептеліп, сыныптан сыныпқа өткен сайын біртіндеп жаңа мәліметтермен кеңейтіліп, тереңдетіліп және толықтырылып отырса, жөн болар еді.

Биология материалдарын тізбектей беру мәселесінде оқушылардың білімді меңгеруі мен теориялық материалды логикалық тұрғыда қабылдауын жақсарту үшін келесі бөлімдер мен тақырыптардың орындарын алмастыру қажет:

  • «Сезім мүшелері» бөлімі барлық мүшелер жүйесін оқып болғаннан кейін өтілуі керек, «Ішкі секреция бездері» бөлімі «Зат алмасу» тақырыбының алдында өтілгені дұрыс;
  • «Жер бетінде тіршіліктің пайда болуы» бөлімі «Жер бетіндегі тіршіліктің дамуы» бөлімінен бұрын оқытылуы қажет;
  • «Тірі ағзалардың химиялық ұйымдастырылуы» бөліміндегі «Нәруыздар биосинтезі» тақырыбын «Жасушадағы зат алмасу және энергияның пайда болуы» бөліміне ауыстыру керек;
  • «Жасушадағы зат алмасу және энергияның пайда болуы» бөліміне «Фотосинтезді» қосу қажет;
  • «Ч.Дарвиннің түрлердің пайда болу теориясы» бөліміндегі «Биологиялық прогресс пен регресс», «Биологиялық прогрестің өрлеу жолдары» тақырыптарын «Макроэволюция» бөліміне ауыстыру керек;
  • «Экологияға кіріспе» бөліміндегі «Әлемде және Қазақстанда экологияның мәселелері» тақырыбын «Биосфера және адам» бөліміне ауыстыру қажет.

Сонымен, бүгінгі күнде кездесетін түйінді мәселелер мектептегі биологиялық білім берудің, биологияны оқыту бағдарламалары тұжырымдамасын қайта қарау қажеттігі бар екендігін көрсетеді.

Биология пәні арқылы ғылыми – жаратылыстану сауаттылығын қалыптастырудың бір тәсілі практикалық бөлікті жүзеге асыру болып табылады. Бұл негізінен жоғары сыныптарда зертханалық жұмысты оқушылардың тәжірибелік әрекетін ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Бірақ көнерген материалды – техникалық база мен зертхана құрал – жабдығы сабақ үстінде сапалы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік бермейді.

 

 

 

 

Шералиева Динара Эрнстқызы
Алматы қаласы, Алатау ауданы,

№ 179 жалпы білім беретін мектептің

биология пәні мұғалімі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.