Home » Мақалалар » Биикова Маржан Токтагановна

Биикова Маржан Токтагановна

 

Жаңғыру жолындағы жас маман

            «Жастық шақ – бұл тамаша нәрсе. Ал оны рәсуа ету қылмыс», – деген екен атақты Бернард Шоу. Егер өмір дегеніңіз адам баласына бір ақ рет берілер бір сәттік билет болса, сол өмірдің жастық деп аталатын әдемі алқабы әншейін бір сандалбай, бойкүйез, бейтарап тірлікті емес, нағыз қырандарша биікке қалықтауға ұмтылып, сұңқарша самғауларды қалайды. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасымыз, еліміздің әлі балаң мемлекет екендігін, әрбір екінші қазақстандықтың жасы 30-ға да жетпегенін, еліміздің келешегі жолында өзінің жастардан үлкен үміт күтетінін айтқан болатын. Иә, бүгінгі таңда Қазақстанда 14-29 жас аралығындағы азаматтар саны 4,2 миллион адам, яғни 23 пайыздан жоғары. Ресми көрсеткіштер бойынша қызметтік кәсіппен 2,1 млн жас азамат қамтамасыз етілген екен. «Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы» жобасы аясында Үкіметтің алдына жүктелген міндеттердің бірқатары жастар бағдарламалары мен бастамалары болатын. Атап айтқанда «Жастар практикасы», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Жастар — Отанға!» іске асырылуда және мол қоғамдық оң резонансқа ие. Бұл бағдарламалар бойынша жұмысқа орналасатын көбіне мұғалімдік мамандықты бітірген жас мамандар. Бір сөзбен айтқанда 14 жас пен 29 жас аралығындағы қазақстандықтардың тең жартысының қызметі бар деген сөз.
Жыл сайынғы Елбасы жолдауы еліміз үшін жаңа басымдықтарды анықтайды. Мемлекет басшысы биыл да межелі 10 тапсырманы санамалап берді. Жетінші. Адами капитал — жаңғыру негізі атты бағытта: «…Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек.Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады. Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек»,-деген болатын.
Ұлт дамуының қай дәуірін парақтасаңызда алғы шепте болған қозғаушы күш — жастар екенін көресіз және ол сізді ойландырмай қоймайды. Абайша айтсақ ғылымды игеру үшін оған да махаббат керек. Қазір бізде сондай ғылымға мейірленген жас мамандар көп. Жаңғыру жолындағы жас маман — ізденгіш жан. Өз ісінің фанатигі. Халқымыздың өнері мен мәдениеті, әдебиеті мен қилы тарихы, ғылымы қазақ жастарының таза демін күткені аян. Олар қазіргі қазақ жастарының дерті саналатын бойкүйездіктен, нарцизмнен аулақтауды жақтайды, халыққа қызмет ету екенін ұғындырады. Жас келсе іске деген осы.
Сөз соңында «Ұлы дала ұлағаттары» кітабынан мына бір аңыз әңгіме еске оралды: «…Ауылдағы көпті көрген көнекөз, көкірегі шежіре абыз ақсақалға бір кісі келіп, «Менің жұртымды сынап беріңіз, болашағы қандай екен?» деп қолқа салыпты. Сонда абыз: «Анау күнді көріп тұрсың ба, қандай міні бар, түнде айды көресің, қандай түрі бар?»,- депті. Келген адам да қара жаяу болмаса керек. «Ата, алысты болжау қиын ғой, жақынды көріңіз, жаныңызға үңіліңіз» десе керек. Сонда қария: «Олай болса, жұртыңнан жақын не бар, жастарыңды әкеліп көрсет, сонда айтайын»,-  депті. Ертіп келген жастарын көріп: «Боламын деп тұр екен, болар, озамын деп тұр екен, озар, бетінен қақпасаң, еліңнің ертеңі баянды болғалы тұр», деп батасын беріпті.

Биикова Маржан Токтагановна,
Астана қаласы әкімдігі
«№78 мектеп-гимназия» КММ
математика пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.