Home » Жаңалықтар » Биатлоннан дәстүрлі жарыс өтті

Биатлоннан дәстүрлі жарыс өтті

Дені сау ұлт – мемлекет байлығы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қоғам алдына қойып отырған міндетінің бірі – салауатты өмір салтын ұстану. Еліміздегі бұқаралық спортты дамыту ісіне Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дене тәрбиесі және эстетика әдістемелік бірлестігі де өз үлестерін қосып келеді. Мектепішілік түрлі жарыстарды жүйелі ұйымдастырып отырған дене тәрбиесі мұғалімдері бұл жолы оқушылар мен ұжым мүшелері үшін 2 күн қатарынан биатлоннан дәстүрлі сайыс өткізді.

Алдымен шаңғы жолына шыққан 9-11 сынып оқушылары әр командаға 1 ұл, 1 қыз баладан жасақталып, әр қатысушы 1 шақырымға жуық қашықтықты жүгіріп міндеттелді. Жарыстың тағы бір талабы бойынша әр қатысушы жүгірудің екінші айналымында 10 метр жерде орналасқан нысананы пневматикалық мылтықпен көздеп атуы тиіс. Швед әдісі бойынша өткізілген жарыстың негізгі мақсаты – оқушыларды қысқы спорт түрлеріне баулу, биатлонға қабілеті барларын анықтау. Бәсі жоғары бәсекеде 11 «Д» сыныбының оқушылары Илья Камерцель, Дария Уйсенгали жұбы 1 – орынды жеңіп алды. 2 –орын 10 «В» сыныбының оқушылары Мәди Желдібаев пен Аружан Алькеноваға, 3-орын Бекжан Мырзағалиев пен   Нұрай Кавкаеваға бұйырды.

Жарыстың екінші күні мектеп ұстаздары мен қызметкерлері бақтарын сынады. Тіптен № 44793  әскери бөлімінен арнайы команда шақырылды.

— Біздің әскери бөлім сіздермен қоян-қолтық жұмыс жасағалы көп уақыт өткен жоқ. Дегенмен, «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы мен қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың ұйғарымымен мектеп бізге бекітілген соң сіздердегі әскери-патриоттық бағыттағы тәрбиелік жұмыстарды қадағалап, қажет жерде қолдау көрсету біздің міндетіміз. Соның аясында бүгінгі жарысқа қатыса отырып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсету әскери ғана емес азаматтық, ағалық борышымыз деп білемін, — дейді № 44793  әскери бөлімінің қызметкері Жеңісбек Каримов.

Ұстаздар, қызметкерлер және қонақтардан құралған епті, өзі әрі жылдам биатлоншы жүйріктер ішінен Жеңісбек Каримов, Гаухар Жеңісбекова есімді әскери бөлім қызметкерлері өзгелерден озып шықты. Мәреге екінші болып қосымша білім беру педагогтері Қуаныш Мұхамадиев пен Ирина Баймұратовалар, үшінші болып Дәурен Көшербаев пен Жанар Төкеновалар жетті. Қос жарыстың жеңімпаздары арнайы кубок, мақтау қағаздарымен марапатталды.

 

Ерлан Жакупов,

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.