Home » Мақалалар » Берік отбасы-есірткіден алыс

Берік отбасы-есірткіден алыс

 

Берік отбасы есірткіден алыс! Неге? Ойланып көрдіңіз бе? Қарапайым сұрақ тығырыққа тірейді. Психологтардың пайымдауынша, жасөспірімдердің есірткіге әуес болу себептері -отбасында қалыптасқан салт-дәстүр мен сүйіспеншіліктің жоқтығынан. Себебі   ата-ананың баласын тәрбиелеуге аз уақыт бөлуі, әке-шешесінің жиі жанжалдасуы, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігінің болмауы – осының бәрі бозбала психикасына әсер етіп, оны сізден алыстата береді. Сіздің ойыңызша, ол қалай? Балаңыздың тұнжырап отырған сәтін көрдіңіз бе?  Ендеше сол сәттегі  жасөспірімнің монологына зер салалықшы:

«Құлындай құлдыраған балдәурен артта қалды. Кеше ғана менің әр ісіме тамсана, қызыға қарайтын ата-анам бүгін бей-жай. Қайтадан сол бір ғажап  өмірдің есігін ашсам ғой, шіркін! Өбектеген анам, құшырлана иіскеген әкем қасымда болар еді.  Адам өмірінің ең бір қызықты һәм сұрықсыз кезі жасөспірімдік кезең сияқты. Мен үшін…»

Бұл кездің құдіреті мен кесапаты неде? Осы бір шақтың адам жанына бөлекше әсер етуінде не сыр бар? Санада сұрақ көп. Бір құдіреті  бозбалаң шақ  — көңіл сарайымыздың айнасы. Сағыныш. Сезім симфониясыБәлкім, сол бір шақ — ой-қиялымыздың құндағы.

Кесапатына келсек, есейген сайын ата-анаңнан  алыстай бересің.  Сен бар арман-қиялыңды жасырып,  ұяңдық бойыңды шарпи бастайды.  Сені жолдан тайдыру үшін кейбіреулер сені алдап, есірткіні ұсынады. Есірткі — табиғи гормондарды еліктіретін химикаттар. Ағза   химикатқа қарсы қалыпты шамадан тыс  гормондар бөледі. Сөйтіп ағза өзінің қалыптасқан жүйелі қызметін тежейді.  Есірткінің есеңгіртетін әсері аяқталғаннан кейін ағза біраз уақытқа дейін есірткі әсеріне қарсы гормондарды бөлуді тоқтатпайды, адам тыныштандырғыш дәрі ішіп алған сияқты көрінеді. Қиындықтардың барлығын ұмытасың, ләззат аласың, жаның тыныштық табады. Ал одан кейінгі өмір бәрімізге мәлім. Ең алдымен, өзіңді жоғалтасың, өмірге деген құштарлық, болашаққа деген сенім, жүздегі әсем күлкі және отбасының саған деген сенімін, үмітін жоғалтасың. Өмірің мүлде басқа арнаға бұрылады. Сол есірткіні қайта шегу үшін сен не істемейсің? Бәріне де барасың. Өміріңде істемеген істі істейсің, ойламаған ойды ойлайсың. Ал осының бәрін көре тұра, достарың сенімен қалай дос болсын? Ондай достың оларға керегі не? Яғни осының бәрі бір-ақ кезге әкеледі. Сен барлығынан айырыласың. Ал мұндайға жол бермеу үшін не істеу керек?

Жапырағын жел тонаған жетім бақтың жалғыздығы балаңның жанын  жегідей жесе, оған серік бол, оны таза, мықты, ақылды, қайратты адам етіп тәрбиелеуге ұмтыл. Балаңның  денсаулығын ойла. Отбасыңмен  бірге спортпен айналыс, балаңмен ойна, күл, уақытты көңілді өткіз. Ең бастысы өмірге сенімді көзбен қарауға үйрет. Қиын сәтте отбасымен бірге өткізген шуақты күндерден жасөспірім қуат алсын деп ойласаң, оның бозбалалық ғұмыры мейірім мен шапағатқа толы болсын.

Сонда ғана іргесі берік отбасы қалыптасады, ал іргесі берік отбасында ешқашан есірткіге жол болмайды. Есірткі отбасынан алыс болса, онда бұл өмірдің өзі  – ертегі болары хақ!

                                                                                                        Айгүл Манабаева,
Семей қаласындағы Назарбаев
Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.