Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің (қазақ мақалы)
Әр адамға берілген үлкен сый, ол – отбасы. Отбасы – жанға шуақ сыйлайтын жылы ұямыз. Мен үйдің үлкен баласымын. Биыл 5-сыныпта оқимын. Екі сіңлім бар. Анам «сен үлкен болдың, енді еркелігіңді азайт, бауырларыңа үлгі бол», дейді. Анамның осы сөзінен кейін мен кәдімгідей үлкен болғанымды сезіндім. Үлкейгенім — жауапкершілігімнің молайғанының белгісі. Мен сабақта озат болып, адамгершілік қасиеттерімді арттыра білсем, екі бауырым да маған қарап, бой түзейтіні анық. Мен сабақтан бес алып келсем, олар да «бестіктерін» көрсетіп, мәз боп жатады. Анамның әрбір «жарайсың» деген мадақ сөзі үшін әдепті, арлы болып, сабақты да жақсы оқимыз. Ал әкем үнемі мақалдап сөйлейді. Мақалдап айтқан әр сөзін жаттап алып, мағынасын терең түсінуге тырысамыз. Себебі қазақтың мақал-мәтелдерінің өзі – үлкен тәрбие.
Біз «Балбұлақ» халықтық (үлгілі) би ансамблінің мүшелеріміз. Би өнерімен айналысқанымызға үш жыл болды. Тобымызда қыздармен қатар ұл балалар да бар. Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз. Болашақтан күтетін үмітіміз де мол. Жоспарымыз да аз емес. Түрлі жетістіктерге де жеттік. Бұл үшін анам мен әкеме және ансамбль жетекшілеріне үлкен алғыс айтамын.
Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің, — деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Отбасы түсінігі жайлы біраз ұғым санамда орын алып, жүрегімнің төрінде орын алған. Біз қазақтың қарапайым шаңырағында өсіп келеміз. Ата – анам, сіңлілерім, бәріміз бір – бірімізге бауырмал болып, бейбіт елде өмір сүреміз.
Ал, ата мен әжем ше?! Ол кісілер — ең ардақты адамдарымыз. Ең тәттісі мен ең қымбатын бізге алып келеді. Әжем келсе, жанына үйіріле қаламыз. «Мынау саған, ал мынау саған» деп бәрімізге үлестіріп отырғаны. Әңгіме-ертегісін тыңдау үшін қасына жатуға асығамыз. Ал, атам батаны жатқа айтады. Кәдімгідей тоқтамай, ұзыннан-ұзын айта береді.Ауылдағы адамдар той жасай қаласа, менің атамды арнайы іздеп келіп жатады. Үйде әрбір ас ішіп болғаннан кейін бата қайтару біз үшін кәдімгідей рәсім. Қаз-қатар тұра қаламыз да қолымызды жайып, атамыздың ғибратын тыңдаймыз.
Бақытты бол, қарағым,
Қара көзім маралым.
Алтыннан болсын тарағың,
Күмістен болсын жарағың.
Қуаныш, күлкің тыйылмай,
Жарқырай берсін қабағың.
Мақтанышы бола біл,
Ата менен анаңның.
Тілегіңе жете бер,
Оңыңнан есіп самалың.
Бәріміз аузымызды толтырып, «әумин» дейміз.
Атамның ақ батасы, әкемнің дана сөздері, анамның ақыл – кеңестері — менің жаман әдеттерге жоламай, әрдайым жақсылыққа бағыттайды. Менің жоспарларым өте көп. Жаман әдеттерге жолағым да келмейді. Жоғары биіктерден көрініп, Майра Мұхамедқызы, Димаш Құдайбергенов сияқты елімді әлемге танытқым келеді. Өз елімнің жарқын күндері үшін қандай да бір үлесімді қосқым келеді.
Әр отбасы сыйластық пен бірлікте, өзара түсіністікте күн кешсе екен. Сонда ғана өмірде адамдар жаман жолға түспес еді, олардың да босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз. Ата-асқар тау, ана – бауырдағы бұлақ, бала жағасындағы құрақ – деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалының өзі отбасы беріктігінің белгісін көрсететеді. Біз ата – анамызды, ата-әжемізді, бауырларымызды шексіз жақсы көреміз. Біздің отбасымыз – нағыз берік отбасы.
Бахытжанқызы Мөлдір.
№15 мектеп-лицейі
5 «б» сынып оқушысы
Қызылорда қаласы