Home » Балабақша » Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта

Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта

Мақсаты: Балалардың бірлік, ынтымақтастық туралы түсініктерін кеңейтіп, көп ұлтты халқымыздың тыныштығы мен бірлігін нығайтуға ат салысатын азамат болуға тәрбиелеу.

 Көрнекіліктер: Ұрандар, қима көгершіндер, шарлар, гүлдер, ұлттық костюмдер.

(Әнұран орындалады.) 

Жүргізуші:

Бірлік пен ынтымағы халықтың —

Көгімізде жарасқан жарық күн!

Ырыс, дәулет бақыты үшін халықтың,

Жайнай берсін, жайнай берсін алтын күн! — дей келе, Қазақстан халқының бірлігіне арналған «Береке — бірлікте, ырыс — ынтымақта» атты мерекемізді тамашалауға шақырамыз.

Жүргізуші:

— Бұл мереке бұрын бүкіл әлемдік «Еңбекшілер күні» болып тойланды. Қазір ол «Дүниежүзілік ынтымақтастық күні» болып есептеледі.

(«Елім менің» атты ән орындалады)

Балалар әр ұлттың киімдерін киіп, шеруге шығады. (Монтаж)

Кәрімай:

Жан біткендей жас тауға,

Шуақ ойнап арайлы.

Күн күлімдеп аспанда,

Мамыр әні тарайды.

Жайдары жаз түрге еніп,

Жадыратты жанымды.

Жер-дүние тербеліп,

Дала, қала құлпырды.

Жасұлан:

Болсын жер мен су да ортақ.

Болсын біздің ту да ортақ.

Ақпыз, қара, сарымыз —

Ағайынбыз бәріміз 

Ернұр:

Сары, ақпыз, қарамыз,

Бәріміз де баламыз.

Біз Отанда тұрамыз,

Біз мектепке барамыз.                                                          

Исмаил:

Алтай, Кавказ ұласып,

Баурайы кең жатыр.

Бақытты әні асқақтап,

Құлаққа даусы кеп жатыр. 

Аяулым:

Қырғыз, қазақ, өзбектер,

Моңғол, ұйғыр, дүнгендер,

Армян, тәжік, грузин,

Орыс пенен украин,

Терезесі тең жатыр. 

Меруерт:

Енді бүгін қарасам,

Айналам бақыт кең жатыр.

Бірімен-бірі туысқан,

Қол ұстасқан ел жатыр.

Рауан:

Достығымыз жарасқан,

Ақпыз, қара, сарымыз.

Қара жер мен көк аспан,

Ортақ дала тауымыз.

Айназ:

Қазақ елі – қашаннан да жыр елі,

Тарихында тұлғалар көп киелі.

Қазақстан аясында бұрыннан,

Бірнеше ұлт өмір сүреді.

Айсұлтан:

Ортақ жұтар ауамыз,

Ортақ жарық күніміз.

Достық туған анамыз,

Жердің қызы, ұлымыз.

 

Хормен:

Отан ортақ,

Жер ортақ,

Еңбекпен қостық тағдырды.

 

Құндыз:

Алтын бесік-ағайын, жұрт туғаным,

Дос байыса қыза түсер думанын.

Барлық ұлттың өкілдері жарасып,

Асырайық іс-жүзінде Тіл заңын 

Салауат:

Бір-бірімен тату тәтті тұрады,

Бәрінің де Қазақстан — тұрағы.

Туған жерге тебіренген сәттерде.

Ағаларды өлең-жырдың бұлағы.

 

Алпамыс:

Бойымызда әлі бұлақ жатыр бұрқырап,

Сол бұлақтан сыр ағыздым жыр құрап.

Тілейтінім барша ұлтқа бір ғана —

Ырыс, бақыт, татулық пен ынтымақ!

(Орыс биі)

Жүргізуші:

Отаным – ордасы ғой игіліктің,

Көңіліне күн орнатқан күллі жұрттың.

Шаңырағы кең биіктен Отанымның,

Баянды бағы өрлеген әрбір ұлттың! — демекші біздің Республикамызда әр ұлттың өкілдері тұрады.

Жүргізуші:

Ел тарихы, жер тарихы өзіміз,

Болашақтың қасиетті көзіміз.

Барлық ұлтпен бауыласып жетерміз,

Ақ-қараны тіліп тұрса сөзіміз, — дегендей, XXI ғасырда Қазақстанда бейбітшілік, тыныштық болып, еліміздің егемендігі ұзағынан болсын деп тілейміз.

(Ән «Атамекен»)

 

Жүргізуші:

— Міне, осындай кең байтақ Республикамыздың егінді даласы, күмісін шашқан көлдері, кенге байтақ өңірі, малға толы өрісі, Қазақстан Республикасының болашақ ұрпағы, келешек азаматтары, сендерге өсиет болып қалады. Елбасының «Қазақстан-2030» бағдарламасында:

«Қазақстан келешекте дамыған мемлекеттердің біріне айналуы үшін мұнда тұратын барлық халықтар өзара достығы мен бірлігін нығайтып, сапалы білім, саналы тәрбие алуға құлшына алу керек» делінген.

Би. «Өзбек биі»

Жүргізуші:

Мамыр қандай, шіркін-ай, мамыр қандай!

Айнала жасыл кілем жамылған жай.

Алатауым басына ақ шәлі орап,

Мойнына гүлден алқа тағылғандай.

Мамыр қандай, шіркін-ай құлпырады.

Күй толқын көңіліне жыр тұнады.

Жыл еркесі гүл мамыр, сұлу мамыр,

Секілді адамзаттың ынтымағы.

Ән: «Туған жер»

Жүргізуші:

Егемен ел болдық қаһарман ерлікпен.

Бағымыз жанады бауырмал елдіктен.

Қазақтың мерейі жұлдыздай жоғары,

Мәңгілік жасаймыз бірлікпен, ерлікпен.

Халқымыздың қанға сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығы, басқа халықтармен одақтасып, достаса білуі жеңістен жеңіске жеткізеді.

 

Би: «Полька биі»

 

Жүргізуші:

Бірлік — халық салты. «Халқымыздың бірлік салты отбасынан басталып, бүкіл елдің, барлық адам баласының бірлігімен ұласады».

Бейбітшілік құсы – ақ көгершін,

Биік ұшып самғасын.

Тілегімізді жерге жайсын,

Қанаттары талмасын.

Хор: «Көк тудың желбірегені»

Қағаздан жасалған ақ көгершіндерді шарға байлап биікке ұшыру. Барлық қатысушылар бірге шығып көрермендермен қоштасады.

Жүргізуші:

— Осымен мерекелік кешімізді аяқтаймыз. Көріп тамашалағандарыңызға көп рахмет.

Байдекешова Нұрсұлу

№2«Жанар» балабақшасы,

саз жетекшісі

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.