Home » Балабақша » Берекелі жомарт күз!

Берекелі жомарт күз!

Мақсаты: Мектеп жасына дейінгі балалардың күз туралы түсініктерін қалыптастыру. Табиғат ерекшеліктерін қызықтай отырып, қоршаған ортаны сүюге, қорғауға тәрбиелеу. Күз туралы әндер, тақпақтар айтқыза отырып, шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Жүргізуші: Армысыздар, құрметті қонақтар, «Берекелі жомарт күз» мерекесіне қош келдіңіздер! Баршаңызды бүгінгі «Берекелі жомарт күз» мерекесімен «Аққайың» тобы құттықтайды.

Бүгін мейрам, бүгін той,

Қуаныш күн, біліп қой.

Күзгі бақтай сыңғырлап,

Алақанды соғып қой.       (хормен)

Жүргізуші: Жапырақтың сарғайғаны

Келген күздің сәні ме.

Қайтқан құстың шалғайдағы.

Әлде мұңлы әні ме.

Күз келді ғой далама.

Күз келді ғой қалама,

Күз деген ол тамаша.

Күзде бәрі жаңаша – деп, бүгінгі мерекеге арнап дайындаған балалардың құттықтауын қабыл алыңыздар!

1-бала (Айсұлу): Армысыздар, халайық!

Бармысыздар, халайық!

Күзгі тойды жұп жазбай,

Бірге қарсы алайық.

2-бала (Ислам):   Берекелі сары күз,

Тамылжыды балбырап.

Мәуелі ағаш сары күз,

Майысады албырап.

3-бала (Мағжан): Сап-сары қып даланы,

Бояпты ғой күз деген.

Құстар қанат қағады,

Қоштасқандай бізбенен

4-бала (Айша): Атым алма — теріп ал,

Жейтін кезде жуып ал.

5-бала (Аңсар):   Берекесін сыйлауға,

Өлкемізге күз келді.

Жемістерін жинауға,

Шақырады біздерді.

6-бала (Арсен):   О, Алақай тамаша,

Шашу шашты жапырақ

Бақтың іші алаша.

Аунар ма едім жатып-ап.

Ән: «Күз әні»

 

Жүргізуші: -Достар бізге есік қағып біреу келіп тұрған сияқты. Бұл кім екен?

Ішке басында күзгі жапырақтардан жасалған тәжі киген, қолында жеміс салынған себеті бар тәрбиеші кіреді.

-Армысыңдар, менің кішкентай достарым. Мен қайда келдім?

— Сіз «Аққайың» тобына келдіңіз.

— Балалар, қалай ойлайсыңдар, мен кіммін?

— Күз ханшайымы

— Неге олай ойлайсыңдар?

— Өйткені жапырақтар күз мезгілінде сары, қызыл түсті болады.

— Балалар, қазір менің кезім келіп тұр. Мен дала, орман мен тоғайларға барып, айналаның бәрін сұлу ертегіге айналдырамын. Міне енді сендердің топтарыңа да келіп тұрмын. Балалар, сендер менің себетімде не бар деп ойлайсыңдар?

— Жемістер

— Дұрыс айтасыңдар, менің жемістерім өздерін таныстырып өтсін.

Анеля:    Мен – алмамын, алмамын.

Таңдай жұлар бар дәмім.

Дәмімді татқан балақан,

Ұмытпайды ешқашан.

Жасмин: Мен – алмұртпын, алмұртпын,

Күзде жзинап алатын.

Балбыраған біреуін,

Жесең тойып қалатын.

Руслан:   Мен шиемін,шиемін,

Күннің көзін сүйемін.

Қышқыл шырын менде бар,

Төмен басты иемін.

Диас       Мен жүзіммін, жүзіммін,

Моншақ болып тізілдім.

Алихан: Күздің айы,

Қарбыз айы.

Солай дейміз

Қарбыз жейміз.

Нұрдәулет:   Күзді күтіп жатамын,

Жиып нәрді бойыма,

Асқабақпын жараймын,

Қыстай сақтап қоюға.

Күз ханшайымы: Ал қанекей, балалар, ендеше кезекті ойынға берейік.

Ойын: «Күзгі жапырақтар».

Жүргізуші: Балалар енді бәріміз көкеністер туралы ертегіні тамашалайық.

-Ертеде бір атай көктем келгенде бақшасына егін егіпті, еккен егістеріне қарап былай депті:

-Сендер үлкен болып өсіңдер, маған мол өнім беріңдер. Мен сендерді мақтан етейін, сендерге мол су себейін, бес шелек тыңайтқыш төгейін, — деп ертеден кешке дейін дән егіп, еңбек етіпті.

-Ой, шаршап кеттім жатып демалайыншы, — депті бір кезде. Атай егіннен әрірек барып ұйықтайды.

Жүргізуші: Атай дамылдап ұйықтап жатты. Ал егіндегі көкөністер болса, өсіп өне берді. Уақыт өтіп, күз де келіп жетті.

-Ата, ата, тұрыңыз күз келді, күн салқындап, егін жинайтын уақыт болды.

Атай ұйқыдан шошып оянады.

-Ойбой, мен ұйықтап кетіппін ғой, еккен дәндерім дәу болып өсіпті ғой. Мен шалқанды тездетіп жұлып ала қояйын, — деп шеттегі біреуін тартады.

Сәбіз:

-Мен шалқан емеспін, сәбізбін, шалқаннан әлдеқайда сымбаттымын, түсім болса — қызыл сары.

Өсіретін бойыңды,

Дамытатын ойыңды,

Қояндарға азықпыз,

Сәбіздерміз жазықсыз.

Менің бойымда каротин деген дәрумен бар, ол адамдарға пайдалы. Менен салат жасайды. Ал сәбіз шырынын балалар сүйсініп ішеді.

-Менің еккен сәбіздерім өсіп шығыпты ғой, тезірек себетіме түсе ғой.

Атай келесі өсімдікті тартады.

Картоп:

-Ой, ой мен шалқан емеспін — картоппын, барлық көкөністің басшысымын.

Картоп деген атымыз,

Жер астында жатырмыз.

Бір тамырдан тараған,

Ағайынбыз бәріміз.

Мен болмасам сорпаның дәмі келмес. Мен денсаулыққа пайдалы крахмалға өте баймын, мен әр түрлі салатқа қосады.

-Сен де барып себетіме түсе ғой.

Атай тағы да шалқанды тарта бастайды.

Қырыққабат:

-Ата, сізге не болған күртілдеп тұрған қырыққабатты танымадың ба?

Бақшаларда тізіліп,

Қаперсіз мен жатамын.

Қабат-қабат киініп,

Қырыққабат атандым.

Шалқанда бір киім болса, мен де жүз киім бар. Мен болмасам адамдар салатқа не қосар еді? Мені тұздап, ащытып қыс бойы жеп шығады, ең пайдалы көкөніс – менмін.

Осылайша атай қызылша мен пиязды тартып шығады.

Қызылша:

-Атай, көзілдірігіңді тастап кеттің бе? Мені шалқанмен шатастырғаның не?

Ақ түсім бар қант алар,

Қызыл түсім қанға — нәр

Зияным жоқ біліп қой-

Қызылшамын, пайдам бар.

Мен болмасам борщқа не қосар едіңдер? Мен шалқаннан жүз есе қызылмын. Шайға салатын қант та менен жасалады. Мен – көкеністердің патшасымын.

Пияз: Менсіз көкеністерді елестету мүмкін бе? Сорпа мен самса менсіз дәмді бола ма? Айтыңдаршы, балалар?

Асханадан шықпаймын,

Атым – пияз бұқпаймын.

Көзден жасты шығарып,

Тұмаудан да сақтаймын.

Атай: — Көкөністер, сендер ренжімеңдер, бойларың бірдей болған соң айыра алмай жатырмын. Сендер бәріңде адам ағзасына пайдалысыңдар.

Би: «Қуыршақтар»

Күз ханшайымы: Балалар мен сендерге тосын сый әзірледім.

Балалар өздеріне арнап жазылған жұмбақтарды шешеді.

Ән: «Жаңбыр».

Қыркүйек айы: Менің атым – Қыркүйек! Күздің бірінші айымын! Байлықтың, барлықтың айымын.

Қазан айы: Менің атым – Қазан! Жиын терімнің соңғы айымын! Еңбекқор елді думанға кенелтемін.

Қараша айы: Күздің соңғы айы Қараша деген мен боламын! Күннің суып, қыстың жақын екенін еске саламын!

Қараша айы жасай бер,

Бар өмірдің белесі.

Адамзатқа бақ берген,

Он екі айдың төресі.

Күз ханшайымы: Балалар, мен сендерге сонымен бірге өзімнің сіңлілерімді ала келдім, өздерінің сән үлгілерімен ортаға шақырайық.

Жүргізуші: Алтын күзді тойлайық,

Би биледік, ән салдық.

Қуанышпен қарсы алдық,

Қоштасайық баршамыз- деп бүгінгі мерекемізді аяқтаймыз.

Бисембиева А.А

Қызылтал ауылының мектепке дейінгі балалар ұйымы

Батыс Қазақстан облысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.